Қауіпсіз ортаны қалыптастыру маңызды

Биыл Мемлекет басшысы бірқатар нормативтік актілерге өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды.

Соның ішінде «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заңға енгізілген жаңа түзету қоғамда үлкен қызығушылық тудырды. Алматы облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әбдінұр Тасыбаев жаңа нормалардың мәні мен мақсатын түсіндіріп берді. 

Оның айтуынша, құқық қорғау орган­дары ең алдымен халыққа түсіндіру жұмыс­тарын жүргізіп, бұл өзгерістің қоғамдық мүддеге сай екенін жеткізбек. Полицияның басты ұстанымы – тұрғындармен сенімді қарым-қатынас орнатып, қауіпсіз ортаны қалыптастыру.

– Жаңа талаптың негізгі мақсаты – қо­ғам­дық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бейнебақылау жүйелері арқылы тұлғаны тануды жеңілдету. Бұл өзгеріс құқық қорғау ор­гандары үшін қылмыстың алдын алуда және қылмыскерлерді анықтауда тиімді құрал болмақ. Алайда заңда бұл талаптан тыс жағдайлар нақты көрсетілген. Ме­ди­циналық қажеттілік туындағанда қолайсыз ауа райында (мысалы, шаңды боран, қатты суық), сондай-ақ қызметтік немесе еңбек міндеттерін орындау кезінде бетті жабуға рұқсат етіледі. Бұл, әсіресе құқық қорғау ор­гандары мен арнайы қызмет мамандарына қатысты, – дейді Әбдінұр Тасыбаев.

Сонымен қатар діни сенімге байланысты киілетін хиджаб, шейла, химар сияқты бет-әлпетті жаппайтын баскиімдерге бұл шектеу қолданылмайды. Бұл норма діни еркіндікке нұқсан келтірмей, тек қауіпсіздікке қатысты мәселелерді реттеуге бағытталған. Заңда бұл ереже профилактикалық сипатқа ие деп көрсетілген. Яғни, бастапқыда басты назар түсіндіру жұмыстарына аударылады. Әкім­шілік немесе қылмыстық жаза қолдану көз­делмеген, заңнаманың өзге баптарына өзгерістер енгізілмейді.

Жергілікті полиция қызметі басқар­ма­сының бастығы, полиция полковнигі жаңа нор­малардың мәні мен маңызы туралы тү­сін­дірді. Заң жобасы халыққа барынша жа­қын әрі профилактика саласында нақты өкі­лет­тіктер берілген жергілікті атқарушы ор­гандардың негізгі рөлін айқындайды. Бар­лық деңгейдегі әкімдер халықтың әлеу­меттік жағынан әлсіз топтарымен, жас­тар­мен, өмірлік қиын жағдайға тап болған от­басылармен жұмысты ұйымдастырады. Мем­лекеттік органдар арасындағы үйлес­тіру­ді қамтамасыз етеді және құқық­бұзу­шы­лық профилактикасы жөніндегі ведомст­воара­лық комиссиялар құрамын бекітеді. 

Заң жобасы халыққа жақын

Сондай-ақ қылмыстың алдын алуға да баса назар аударылады. Осы мақсатта про­филактикалық субъектілердің саны 13-тен 26-ға дейін екі есе ұлғайтылды (тізім отба­сын қолдау орталықтарымен, жастармен жұ­мыс жөніндегі орталықтармен және бас­қалармен толықтырылды) және олардың жауапкершілік саласы нақтыланды. Енді бар­лық мемлекеттік органға профи­лак­ти­калық шараларды, оның ішінде әлеуметтік бейімдеу мен оңалтуды, бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпараттық жұмысты, халықпен өзара байланыс құқығы беріледі.

Үкімет жыл сайын елдегі қоғамдық қауіп­сіздіктің жай-күйі туралы Ұлттық баян­дама дайындап, Мемлекет басшысына ұсы­натын болады. Онда мемлекеттік орган­дар қызметінің тиімділігі бағаланады, сон­дай-ақ алдын алу жүйесін жетілдіру бойын­ша ұсыныстар беріледі. Бұл құқықбұзу­шы­лықтардың жасалу себептері мен шарттарын жою жөніндегі іс-әрекеттерді үйлестіруді қамтамасыз етеді.

Жалпы, профилактика аясында халық ара­сында заңға бағыну тәртібін қалып­тас­тыруға бағытталған ауқымды идеологиялық жұмыстар жүргізіледі. Профилактика сала­сындағы еліміздің даму стратегиясы мем­ле­кеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары ар­қы­лы жасалатын болады. Бұл ретте аза­мат­тарды профилактика саласына тарту тетік­тері қайта қаралған. Енді барлық құқық қор­ғау органына қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қоғамдық көмекшілерді жұмысқа алу құ­қығы беріледі. Көмекшілердің қатысу ая­сы көшелерді патрульдеуден құқықтық на­­сихатты ұйымдастыруға және консу­ль­тативтік-кеңесші органдардың жұмысына қа­тысуға дейін кеңейтіледі. Олардың ең бел­сендісі марапатталады.

Сонымен қатар жеке профилактикалық іс-шаралар күшейтіліп, жаңа түрлерімен то­лықтырылады. Мысалы, ресми ескер­тулер, қиын өмірлік жағдайдағы адамдар мен отбасыларды есепке алу, көңіл бөлуді қажет ете­тін кәмелетке толмағандарға пе­да­гоги­калық қолдау көрсету және жақын­дау­ға тыйым салу. Сондай-ақ заң жобасында бас бос­тандығынан айыру орындарынан бо­са­тылған адамдарға қатысты әкімшілік қа­да­ғалау жүргізу ұсынылады. Әлеуметтік оңалту олардың дұрыс жолға түсуіне көмек­теседі. Экономикалық құқықбұзушылық жа­саған тұл­ғалармен бөлек жұмыс жүр­гізі­леді. Олар­дың тізімі көпшілікке қолжетімді болады.

– Ал балалардың қараусыз, панасыз қалуы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, сондай-ақ мас күйінде және қоғамдық орындарда жасалған құқықбұзушылықтар үшін арнайы профилактикалық шаралар енгізіледі. Оларға қоғамға жат мінез-құлық не­месе қылмыстар жиі байқалатын аумақ­тар­ды бақылау, халықты жеке қақтығыс­тар­ды шешу және өзін-өзі қорғау әдістеріне үй­рету, құрбандарды анықтау және қорғау, сенім телефондары мен веб-сайттарды ұйым­дастыру кіреді. Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулер аясында заңсыз контент орна­лас­тырғаны және таратқаны үшін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың құқықбұзу­шы­лық­тарды жасау себептерін жою жөніндегі нұс­қамаларын «зұлымдықпен» орын­да­мағаны үшін әкімшілік жауапкершілік бел­гіленеді, – деді Әбдінұр Тасыбаев. 

Профилактикалық рейдтер жүргізуде

Алматы облысында «Учаске» жедел ал­дын алу іс-шарасы аясында тәртіп сақшы­лары қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақ­сатында профилактикалық рейдтер жүр­гізу­де. Іс-шара барысында тұрғын үй бойынша тіркеу ережелерін бұзу деректері анықталып, заңға сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Со­нымен бірге полицейлер тұрғындармен кез­­десіп, абаттандыру мәселелерін түсін­діріп, қоғамдық орындарда да, аула мен ір­гелес аумақтарда да тәртіп сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Ерекше назар саяжай алқаптарындағы аулаларды аралауға ау­дарылды. Бұл ретте полиция қызмет­кер­лері тұрғын үйлерді тексеріп, тұрғындарға жеке қауіпсіздік шараларын сақтау және ұр­лықтың алдын алу жолдары туралы ес­кертті. Полиция өкілдерінің айтуынша, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру ашықтық, алдын алу және халықпен өзара сенімді диалог қағидаттарына не­гіз­делген. «Учаске» жедел алдын алу іс-ша­ра­сының басты мақсаты – азаматтардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәр­тіпті сақтау және қолайлы өмір сүру ор­тасын қалыптастыру.

Ал Талғар ауданының полицейлері де құ­қықтық тәртіпті нығайтуға және халық­тың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағыт­тал­ған «Учаске» жедел алдын алу іс-шара­сына қатысты. Жедел алдын алудың мақ­саты – азаматтарға жақын болып, жергілікті жер­лердегі мәселелерді дер кезінде анықтап, шешу, сондай-ақ құқықбұзушылықты бол­дырмау. Шара барысында учаскелік инс­пек­торлар бекітілген аумақтарды аралап, тұр­ғындармен кездесулер өткізуде, қолда­ныс­тағы заң нормаларын түсіндіріп, жеке және қо­ғамдық қауіпсіздік шаралары жөнінде ақ­парат беруде. Сонымен қатар қолайсыз от­басылардың, профилактикалық есепте тұр­ған тұлғалардың жағдайы тексеріліп, тұр­мыстық зорлық-зомбылық пен өзге де құ­қықбұзушылықтарды анықтау және жо­лын кесу шаралары қабылдануда. Полиция бас­шылығы мұндай іс-шаралар құқық қор­ғау органдары мен азаматтар арасында се­німді диалог орнатуға, сондай-ақ қыл­мыс­тың алдын алу деңгейін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Полиция департаменті өкілдерінің ай­туынша, басты мақсат – азаматтарға құ­қық­тық мәдениетті түсіндіру және қауіпсіз өмір салтын насихаттау. Полицейлер тұрғындарға заң нормаларын түсіндіріп қана қоймай, құқықбұзушылыққа тап болған жағдайда қай­да және қалай жүгіну керегі туралы нақ­ты кеңестер берді.

Сонымен қатар учаскелік инспекторлар мен мектеп инспекторлары оқушылар мен ата-аналарға арнап жеке кездесулер өткізіп, ин­тернет қауіпсіздігі мен кәмелетке тол­ма­ғандар арасындағы құқықбұзушы­лықтың салдары жайында түсіндірді.

Жаңа заңды іске асыру аясында мұндай ша­ралар алдағы уақытта да жалғасады. По­лиция өкілдері қоғамда құқықбұзу­шы­лыққа мүлде төзбеушілік қағидасын қалыптастыру  бар­шаның ортақ міндеті екенін атап өтті.

Көктем ҚАРҚЫН