Алайда «жолдың бағытын өзгертіп, оны Ұлытау арқылы бұрып әкетеді екен» деген ақпарат тарағалы бері өңір халқының көңілі алаң. Осы орайда біз «Президент тапсырмасы бойынша салынуға тиіс жолдың бағыты өзгеруі мүмкін бе?» деген сұрақ төңірегінде Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиевпен сұхбаттасқан едік.
– Жақында Президент халыққа арнаған Жолдауында «Жалпы, Торғай аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкіметтің айрықша назарында болуы керек» деп сүйінші жаңалық айтты. Бірақ өңір халқының жол салынады деген үмітінен гөрі, күдігі басым. Сіздіңше, нақты бекітілген стратегиялық бағыттың өзгеруі мүмкін бе?
– Президент IV Ұлттық құрылтайда еліміздің дамуы үшін стратегиялық маңызы бар жаңа бастамаларды жария еткені баршамызға белгілі. Солардың қатарында Торғай аймағының дамуына тың серпін беретін «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» бағытымен автокөлік жолын салу туралы баса айтты. Ол жаңалықты Қостанай, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау сияқты облыстардың халқы үлкен қуанышпен қабылдағаны рас. Өйткені ол жобаның іске асуы орталық және батыс өңірлерінің арасын 560 шақырымға қысқартып, өңірарлық байланыстарға жаңа серпін береді. Мемлекет басшысының айқындап берген бағыты бойынша салынатын автокөлік жолына, әсіресе Арқалық, Амангелді, Торғай өңірлерінің тұрғындары үлкен үміт артып отырғанын атап өту қажет.
Себебі Торғай облысы жабылып қалғаннан кейін осы өңір Астана мен облыс орталығынан және республикалық автомобиль жолдарынан шетте қалған. Арқалыққа кез келген жақтан авто, не теміржол көлігімен жету немесе ол жақтан келу үшін, әдетте бір күнге жуық уақыт кетеді. Әуеқатынасы да үзіліп, өңірдің толыққанды әлеуметтік-экономикалық қатынастарының дамуына едәуір кедергі болып отыр.
Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының білікті саясатының арқасында Торғай өңірінің дамуына баса назар аударылуда. 8 қырқүйектегі Жолдауында да Торғай өңіріне ерекше тоқталып, Үкіметке бұл аймаққа айрықша назар аудару керегін атап өтті. Бұл бастама тұтас Торғай өңіріне дем беріп, шағын және орта бизнесті дамытуға, жұмыс орындарын ашуға, инвестициялар тартуға және ең бастысы халықтың үдере көшуін бәсеңдетуге оң әсерін тигізері анық.
Енді Президенттің айқындаған жол бағытының «Ұлытау облысы аумағына ауыстырылуы мүмкін» деген ақпаратты мен әлеуметтік желілерден көрдім. Бірақ ешқандай ресми құжаттарды көрген емеспін. Кейін маған Арқалық, Торғай елді мекендерінің көптеген тұрғыны хабарласып, өздерінің алаңдаушылықтарын білдірді.
– Дегенмен Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің бұйрығымен жұмыс тобы жасақталып, комиссия құрылып, Президент тапсырмасын, жолдың бағытын талқылап, жиын өткізіп жүргенін әлеуметтік желілерден көріп отырмыз. Жалпы, Ұлытау бағытына бұруға қандай да бір себеп бар ма?
– Өздеріңіз білетіндей, Президенттің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасынан кейін, Премьер-Министр биыл мамыр айында Қостанай облысына жұмыс сапары барысында – бір ай ішінде «Орталық – Батыс» күрежолын жобасы бойынша жұмысты бастап, оны жылдам әрі сапалы жүргізу керек» деп тапсырма берді. Бір айдан соң, яғни 14 маусымда Қостанай облыс әкімі мен сол кездегі Көлік министрінің бірінші орынбасары құрылыстың басталғанын ресми түрде халыққа хабарлады.
Алайда кейбір жауапты мемлекеттік органдар Президенттің нақты айтқан бағытын бұрмалап Ақмола, Ұлытау облыстарының елді мекендеріне барып «Орталық – Батыс» автокөлік бағытын анықтау мақсатында қоғамдық тыңдау өткізіп, баламалы бағыттар ұсыныпты. Бұл қай сасқандық? Ешқандай министрліктің, әсіресе министрлікке бағынышты комиттетің, Президенттің тікелей тапсырмасын бұрмалауға құқығы жоқ.
Президенттің тапсырмасында айдан анық көрсетілген бағыт – Ақмола, Қостанай, Ақтөбе облыстары арқылы, жол «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыздан» өтуі керек және бұл тапсырманы бұрмалауға да ешқандай себеп жоқ.
Ал Ұлытау бағытына келер болсақ, бұл бағытта жол салынуына біздің еш қарсылығымыз жоқ, бірақ бұл жол басқа инфрақұрылымдық жоба шеңберінде қаралып, Президенттің тікелей тапсырмасы – «Орталық – Батыс» автокөлік бағытына кедергі болмауы керек.
– Жалпы, Президент тапсырмасын өзгертуге және талқылауға заң немесе Конституция шеңберінде қандай да бір рұқсат берілген бе?
– Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет, ал Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға. Сондықтан халық сайлаған Мемлекет басшысының тапсырмалары мүлтіксіз орындалуы қажет.
– Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың «Орталық – Батыс жолының техникалық құжаттары экспертизада жатыр» деп айтқан бейнежазбасы әлеуметтік желілерде таралып жатыр. Өзіңіз айтқандай, 14 маусымда Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен сол кездегі Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев қатысып, Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне шығатын «Орталық – Батыс» автожол құрылысының басталғанын жаһанға жариялаған болатын. Егер Мақсат Қалиақпаров айтқандай, Орталық – Батыс жолының техникалық құжаттары экспертизада жатқан болса, эскпертизадан құжаты шықпаған жол құрылысын бастауға бола ма?
– Заңнамаға сәйкес, кез келген жобаның, құрылыстың басталуы оның жобалау-сметалық құжаттарын дайындаудан басталады. Онсыз ешқандай құрылыс басталмайды.
Ал «Орталық – Батыс» жобасының техникалық, экономикалық негіздемесі мен жобалық сметалық құжаттамасы 2015 жылы дайындалған. Қазір ағымдағы бағалар бойынша жаңарту жұмыстары жүріліп, жобалық-сметалық құжаттары сараптамадан өтуде. Негізінде, егер бас мердігер мен қаржыландыру көздері туралы шешім қабылданса, онда дайындық үшін инженерлік ізденістер жұмыстарын жүргізуге болады.Атап айтқанда, геология, гидрология, топография, аумақты тазалау, құрылыс алаңын және уақытша инфрақұрылымды ұйымдастыру және тағы басқа дегендей.
Өткен аптада мен Көлік министрі Н.Сауранбаев мырзамен кездесіп, жобаның түйткілді мәселелерін талқыладым. Көлік министрі жобаның сараптамадан өтіп жатқанын, бастапқы бағыттың өзгермейтінін, Мемлекет басшысының тапсырмасы міндетті түрде орындалатынын айтты.
Осы ретте, жауапты мемлекеттік органдар қажетті шешімдерді дереу қабылдап, кешіктірмей негізгі құрылысты бастайды деген үміттеміз.
– Берік Тұрсынбекұлы, бастапқы бағыт өзгермейтіні туралы жаңалығыңызбен алаң жұртқа қуанышты хабар айтып жатырсыз...
– Еліміздің инфрақұрылымының жан-жақты дамығанын бәріміз қалаймыз. Үкімет тарапынан жаңа жобалар бастаймыз деген бастамаларын үнемі қолдаймын. Жолдар салынып ел мен ел араласуы керек. «Жол мұраты – жету» дейді халқымыз. Жол – күретамыр.
Иә, «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» бағытымен автокөлік салудың басты артықшылығы орталық және батыс өңірлерінің арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл бағыттың басты стратегиялық маңызы сонда жатыр ғой. Төте жолдың аты төте жол. Жоғарыда атап кеткенімдей, оның өңірарлық байланыстарға және бастысы соңғы жылдары шетте қалып қойып жүрген Торғай өңіріне жаңа серпін берері сөзсіз. Картаны алып қарасақ та, соны көруге болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тілекгүл ЕСӘДӘУЛЕТ