Тараздағы тың жоба

Бүгінде Тараз қаласында жаңа саябақтар мен демалыс орындары көптеп ашылып, көпшіліктің көз айымына айнал­уда.

Міне, сондай демалыс орны саналатын «Үшбұлақ-2» жағалауы осыдан үш жыл бұрын ел игілігіне қызмет ете бастаған болатын. Алайда уақыт өте жағалау суы балдырға толып, қолқаны қабатын иіс те шыға бастаған. Осы мәселені жергілікті билік түбегейлі шешу мақсатында тың жобаға жан үрлеп отыр. 

Жобаның негізгі бағыты – су айдынына мыңнан астам ақ амурдың жіберілуі. Жоба «Алтын бұлақ» балық шаруа­шылығы мен «Жасыл Ел-Тараз» меке­месінің бірлесуімен жү­зеге асуда. Мақ­саты – каналдың эко­жүйе­сін сақтау, судың сапасын арттыру жә­не табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіру.

«Жасыл Ел-Тараз» мекемесі дирек­торы­­ның орынбасары Айдын Бейсек­овтің ай­туынша, ақ амур балдырларды азық ете­тін, су айдындарын табиғи түрде та­зар­та­тын ерекше балық екен. Сон­дықтан оны «су қоймасының нағыз санитары» деп атай­ды.

 – Ақ амурдың көбеюі судың сапасын арт­тырып қана қоймай, басқа да балық түр­лерінің өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жа­сайды. Балдырдан арылған су мөлдір әрі таза күйінде сақталып, табиғи тепе-теңдік ор­нығады. Бұл – тек табиғатты қорғау ша­ра­сы емес, тұрғындардың жағалау маңында де­малуға қолайлы жағдай туғызуға қосыл­ған үлес, – дейді Айдын Жарқынбекұлы.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, ақ амур­­­дың бір ғана басы жылына 30-40 келі бал­дыр жеп, су экожүйесінің тазалығын қам­­тамасыз етеді. Сондықтан мыңнан аса ба­­­­лықтың жіберілуі жағалаудың болаша­ғын қорғаудың маңызды қадамы болып отыр.

Дегенмен жергілікті билік пен табиғат жа­нашырларын алаңдататын мәселе – ба­лықты заңсыз аулаушылардың көбеюі. Сон­­­­­дықтан су айдынына жіберілген ба­лық­­тар­ды қорғай отырып, жағалауды таза ұстау – әрбір тұрғынның борышы. Тек осылай «Үшбұлақ» табиғатының әсем кел­беті ұзақ жылдар бойы сақталып, қала тұр­ғындары мен қонақтарына демалыс пен тынығудың керемет орны бола береді.

Қазір «Үшбұлақ-2» жағалауы тек де­ма­лыс орны емес, әрбір тұрғын үшін таби­ғат­ты қорғаудың символына айналды дей­тіндер көп. 

– «Үшбұлақ» жағалауына балықтар жі­берді дегенді естігенде таңғалдым. Қала ішін­дегі жасанды су айдындарына балық жі­беріпті дегенді бұрын құлағым шалмап­ты. Оған қоса, билік өкілдері бағалы ақ амур балығы деп отыр. Ол балықтың бал­дыр жеп, су айдынын тазартатындығы да қы­зықтыруда. 

Жасыратыны жоқ, «Үшбұлақ» жаға­лауы алғаш ашылғанда бір уақыт тыныс­тап, демалуға таптырмайтын орын болатын. Кейін суы балдырға толып, жағым­сыз иіс те шыға бастады. Содан халық онда баруды қой­ған. Енді міне, билік осы мәселені қол­ға алғанын естіп, қатты қуанып отырмын, – дейді қала тұрғыны Әсел Қойшыбаева.

«Үшбұлақ-2» жағалауынының айна­ла­сында қазір кәсіпкерлік нысандар да көп­теп бой көтеруде. Бұл демалыс орнының бо­ла­шағын баянды ететіндігі сөзсіз. 

– «Жеңіс» саябағы маңындағы жаға­лау­да катамаран сынды тынығуға арнал­ған көп­теген дүние бар. Ал «Ұшбұлақта» өлі ты­­­­ныштық. Халықты тартатын, қызы­ға­тын дүние жоқ. Оған басты себеп – су ай­дынына күтімнің болмай кеткені бола­тын. Енді міне, суға ақ амур балықтары жі­бе­ріліп, тазартыла бастағанын естіп қуану­дамыз. Егер су айдыны мөлдір таза болса, оған қоса табанында ақ амур балықтары жүзіп жүрсе, бұл жағалауға ағылған халықтың да, өз ісім­ді дөң­ге­летсем деген кәсіпкерлердің де саны артатынына сенімім мол, – дейді жеке кәсіпкер Самат Тілеужан. 

Жалпы, ақ амур балығының су ай­ды­нын балдырдан толықтай тазартып шығуы үшін үш жыл уақыт керек екен. Алайда жер­гілікті билік суға көп балық жіберіл­ген­діктен, бұл іс жылдамырақ жүретіндігіне сенімді. 

Не де болса, Таразда жанданған тың жо­баға жұртшылық дән риза. Жыл басын­да жергілікті билік қаладағы арық жүйе­лері­нің бәрін ауыстырып, аулаға толықтай су кіргізуді жоспарлаған болатын. Бұл бас­таманың артында шаһарды толықтай жа­сыл желекті қалаға айналдыру мақсаты тұр­ған. Алайда бетондалған арық жүйелері жүр­гізілгенімен, оған су келмей қаңсып қал­ды. «Үшбұлақ» жаға­лауындағы жоба осы арық жүйе­лерінің кебін кимейді деп се­неміз.

С.САТЫЛҒАН