Шымкентте 73 тұрғын жауапқа тартылды

Полиция департаменті азаматтарды қару айналымына қатысты заңнаманы қатаң сақтауға шақырады

Шымкентте 73 тұрғын қаруды рұқсатсыз сақтағаны үшін жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Аikyn.kz 

Polisia.kz мәліметінше, "Учаске" жедел-профилактикалық шарасы аясында полиция қызметкерлері қару иелерінің тұрғылықты жерлерінде тексеріс жүргізді. Шараның негізгі мақсаты – қаруды сақтау және тіркеу тәртібін бақылау, заңбұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу. Тексеру барысында бірқатар заң талаптарының бұзылғаны белгілі болды. Атап айтқанда, қаруды дұрыс сақтамау және тіркеу мерзімін өткізіп алу деректері тіркелді.

Нәтижесінде,  73 тұрғынның қаруды сақтауға берілген рұқсат мерзімі өтіп кеткені анықталды. Құқықбұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Полиция департаменті азаматтарды қару айналымына қатысты заңнаманы қатаң сақтауға шақырады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және "Заң мен Тәртіп" қағидатын ілгерілету мақсатында мұндай профилактикалық шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізіле бермек.