Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осыған сәйкес, Шымкентте арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Қалада тұрақты және уақытша жұмыс орындарын ұсынатын жәрмеңкелер ұйымдастырылып, жүздеген азамат еңбекке тартылған. «Мәселен, биыл 11 ақпанда «Еңбек адамы – елдің байлығы» атты қалалық жәрмеңке, ал 25 маусымда «Арбат» алаңында өңіраралық жәрмеңке өтті. Нәтижесінде, 223 азамат тұрақты жұмысқа, 63 адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналасты. Сондай-ақ пробация қызметінде тіркеуде тұрған және бас бостандығынан босаған 29 адамға квота бойынша жұмыс берілді», – деп атап өтті Сәрсен Абайұлы.
Еңбек мобильдігі орталығы халыққа «Еңбек.кз» порталының мүмкіндіктерін түсіндіріп, жастарды электронды еңбек биржасында жұмыс іздеу дағдыларына үйретуде. Соның нәтижесінде, 11 829 мектеп оқушысы мен 4 744 студент арнайы сертификатқа ие болған. Сәрсен Абайұлының айтуынша, жыл көлемінде 150-ге жуық іс-шара өткізіліп, оған 13 мыңнан астам колледж студенттері, 5 мыңға жуық мектеп оқушылары және 117 кәсіпорын тартылған.
Қалада халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдау шаралары да қарқынды жүргізілуде. Биыл аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетуге 7,5 млрд теңге қарастырылған. Жеті ай ішінде 4 684 отбасыға 1,6 млрд теңге атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төленді. Ал 1 жастан 6 жасқа дейінгі 4 242 балаға ай сайынғы қосымша төлем ретінде 228,9 млн теңге бөлінген. Айта кетерлігі, өткен жылмен салыстырғанда биыл алғашқы жеті айда АӘК алушылар саны 40 пайызға азайған. Бұл халық табысының артуы мен жұмыспен қамту шараларының тиімділігін көрсетеді.
Жүйені жеңілдету мақсатында FSM Social мобильді қосымшасы енгізіліп, учаскелік комиссиялардың жұмысы цифрландырылды. Ал Шымкент пен Қарағандыда отбасылардың әл-ауқат деңгейін бағалаудың жаңа балдық үлгісі пилоттық режимде сынақтан өтуде. Қала тұрғындарының 82,5 пайызы (1 051 776 адам) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тартылған. Дегенмен 222 мыңнан астам азамат әлі сақтандырылмаған. Оларды қамту үшін тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Шымкент дәрілік заттарды таңбалау жүйесін тиімді енгізген аймақтардың бірі саналады. Қалада стационарлық және амбулаториялық ұйымдар арқылы 3 млн-нан астам дәрі айналымнан шығарылған. Барлық 61 медициналық мекеме «Әлеуметтік әмиян» жобасына қосылып, тұрғындар дәріні QR-код арқылы алу мүмкіндігіне ие болып отыр.
Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бірнеше нысан іске қосылған. Атап айтқанда, «Қайтпас-1» шағынауданында «Атамекен» медициналық орталығы, Mediker жеке емханасы, қалалық онкологиялық орталық жанынан ПЭТ/КТ орталығы және гемокоррекция орталығы жұмыс істеп тұр. Алдағы жылдары жаңа емханалар мен нефрологиялық орталық ашу жоспарланған.
Сәрсен Абайұлы жиын барасында білім жүйесіндегі жаңалықтарға да тоқталды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 12 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 10 білім беру мекемесінде күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік қолдау ретінде 132 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр. Бұл мақсатқа 13,5 млрд теңге бөлініп, әр балаға күніне орта есеппен 677 теңге қарастырылған. «Мектепке дейінгі білім беру саласы толық цифрландырылды. INDIGO24.KZ платформасы арқылы балаларды балабақшаға қабылдау мен кезек ашық әрі әділ жүргізілуде. Қазір қаладағы 638 балабақшада 70 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр», – деді ол.
Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасы арқылы қолдау көрсетіліп келеді. 2022 жылдан бері 7 500-ден астам азаматқа көмек берілсе, бүгінде 2 700-ден астам отбасы субсидиямен қамтылған. Биыл бұл мақсатқа 552 млн теңге бөлініп, оның 416 млн теңгесі төленген.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек баспасөз мәслихатында осы және өзге де әлеуметтік саладағы маңызды мәселелерді таныстырып, журналистер қойған сауалдарға нақты жауап берді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы