Әдетте мемлекет дамуының бағдарын айқындайтын Жолдауларда ел ішіндегі мәселелер мен жоспарлар да, халықаралық жағдай мен сыртқы саясаттағы ұстаным айтылатыны бар. Биылғы жолдауда да Мемлекет басшысы инвестиция, цифрландыру, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, транзит, су шаруашылығы қатарлы көптеген мәселе қамтылды. Сонымен қатар саяси реформалардың келесі кезеңінің қандай сипатта болуы мүмкін екені айтылды. Ал сарапшылар Жолдауда көтерілген мәселелердің өзектілігін, жоспарларды орындау жолдарын талқылауға кірісті. Біз Парламент депутаттарынан Президент жолдауына қатысты пікір сұрадық.
Елнұр Бейсенбаев,
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы
фракциясының жетекшісі:
Қазақстанда либералдық қадамдар жүріп жатыр
– Жаңа Парламенттің жасақталуы партиялық институттардың, партиялардың дамуына зор үлес қосады. Бұл – өте маңызды және заманауи қадам. Өйткені әлемдегі дамушы мемлекеттің барлығы бірінші кезекте осындай институттар арқылы өз жұмысын дамытады. Менің ойымша, партия саны көбейеді дегеннен бұрын партиялар нығая түседі, олар күшейе түседі.
Мемлекет басшысының мұны талқылауға салуы Қазақстанда демократиялық, мұнымен қатар либералдық қадамдардың өте ауқымды жүріп жатқанының бірден-бір белгісі. Бұл бастама әртүрлі деңгейде бір жыл бойы талқыланады. Одан қалса, Мемлекет басшысы өз сөзінде айтты, халық егер де қолдап жатса, референдум ұйымдастырылады. Бұл – өте маңызды шешім. Партиялар қазір жұмысын үдетуі қажет болады, өйткені әрбір дауыс, халықтың қолдауы маңызды.
Қазақстанның жағдайында бұл ірі әлеуметтік, болмаса саяси мәселелерді референдум арқылы шешудің үшінші қадамы болмақ. Біріншісі – конституциялық реформа, екіншісі АЭС салу мәселесі болса, ал үшіншісі бір палаталы Парламент құру бастамасы. Болашақта жүйелі түрде осындай жұмыстарды осылай шешудің бірден-бір алгоритмі қалыптасатын болса, онда халық барлық ірі процестерге тікелей атсалысады.
Геннадий ШИПОВСКИХ,
Сенат депутаты:
Көлік-логистикадағы жетекші елге айналамыз
– Мен бұрынғы теміржолшы ретінде Мемлекет басшысының бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауында айтқан ойларын толығымен қолдаймын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында: «Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр» деп атап өтті. Бұл – біздің еліміз үшін аса өзекті мәселе.
Президент сөзінде көлік-логистика саласын дамыту, Еуропа мен Азияны жалғап тұрған Қазақстанның стратегиялық рөлі, транзиттік әлеуетімізді арттыру жайында кеңінен айтты. Әсіресе, «Солтүстік – Оңтүстік» және «Шығыс – Батыс» дәліздерінің, Транскаспий бағытының болашағын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа инвестиция тарту, сапалы жұмыс орындарын ашу, цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану қажеттігі нақты көрсетілді.
Биыл іске қосылатын ұзындығы 836 шақырым «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі – теміржол саласының үлкен жетістігі. Бұл жобаның «Шығыс-Батыс» бағыты үшін маңызы орасан. Алдағы уақытта «Бақты-Аягөз», «Қызылжар-Мойынты» секілді маңызды жобалардың жүзеге асуы еліміздің теміржол жүйесін толыққанды қалыптастырады.
Теміржол саласының бұрынғы өкілі ретінде мен үшін бұл бастаманың барлығы өте жақын әрі маңызды. Қазақстан көлік-логистикадағы жетекші елдердің біріне айналарына сенімім мол!
Қайрат БАЛАБИЕВ,
Мәжіліс депутаты:
Тартымды инвестиция – тұрақты даму кепілі
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы 7 бағыттан тұрады. Мұнда елге керекті өзекті мәселелердің шешу жолдары қамтылған. Президент Үкіметке қаражатты шикізат саласына бұра бермей, өңдеу ісіне бетбұрыс жасауды, ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеуді тапсырды. Бұл инвесторлармен бытыраңқы қарым-қатынасты реттеуге мүмкіндік береді. Себебі бізде инвестор тарту бар да, байланысты мығым ұстап тұру қалыптаспаған. Үкімет инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын мейлінше қысқа мерзім ішінде әзірлеуі тиіс.
Ал Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгерту туралы шешімнің маңызы зор. Алайда активтер есебінен республикалық бюджетке қаражат түсіру жалғаса береді. Сонымен қатар экономикалық реформаларды іске асыруда сапалы сараптама жасай алатын халықаралық деңгейдегі басқарушылар мен инвесторлар тартылатын болады. Президент экономиканың жоғары технологиялық салаларына бір миллиард долларға дейін инвестиция тарту туралы бағдарлама әзірлеуді Үкімет пен Ұлттық банкке тапсырып, екінші дәрежелі банктердің нақты секторға белсенді түрде қаржы салу жұмыстарын көп созбай қолға алу қажеттігіне тоқталды. Банктер халықты табыс көзіне айналдырып алып, қомақты кіріс тауып жатқандықтан, олардың мемлекет алдындағы міндеттемелерін белгілеу керек. Үкімет пен Ұлттық банк банк активтерін экономикаға тарту тәсілдерін шұғыл табуы тиіс. Соған сәйкес, жыл соңына дейін жаңа заң қабылданады.
Сондай-ақ Жолдауда Президент Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығына айналатынын айтты. Дамушы мемлекетке қаржылық орталықтар мен іскерлік алаңдары қажет. Alatau City сондай қала болады. Мемлекет басшысы ел Үкіметіне қаланы тікелей бағынатындай етіп, оған арнайы мәртебе беру туралы Жарлықты он күн ішінде әзірлеуді және жарты жыл ішінде жеке заң қабылдауды тапсырды. Арнайы құқықтық мәртебе беру – жобаның қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асуына қажетті шара. Alatau City Қазақстанның келбетін танытатын, Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілген цифрланған алғашқы қалаға айналмақ. Осы орайда, Президент өңірлердегі арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын орынды сынға алды. Үкіметке арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру үшін терең сараптама жасап, түбегейлі шаралар қабылдап, арнайы экономикалық аймақтарды басқаруға жеке компанияларды, тіпті шетел компанияларын тартуға болатынын еске салды. Президент бұл тұста аймақ әкімдерінің инвестициялық ахуалға тікелей жауапкершілігін айқындап берді. Сөйтіп, стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі аймақтардың инвестициялық тартымдылық индексін енгізуге тәуелсіз сарапшыларды тартуына болатынын ескертті.
Унзила ШАПАҚ,
Мәжіліс депутаты:
Басты байлық – білікті адами капитал
– Мемлекет басшысының Қазақстанда бір палаталы Парламент құру туралы ұсынысы – еліміздің саяси жүйесіне елеулі өзгеріс әкелетін бастама. Әлемдік тәжірибеге қарар болсақ, бір палаталы Парламент көптеген елде бар. Мысалы, Финляндия, Дания, Венгрия, Жаңа Зеландия сияқты мемлекеттерде бір ғана палата жұмыс істейді. Мұндай жүйе заң қабылдауды жеңілдетіп, артық шығындарды қысқартады. Сонымен қатар бюрократияны азайтып, заң шығару процесін жеделдетеді.
Дегенмен тепе-теңдік сақталмаса, билік тармақтарының арасында бақылау тетігі әлсіреуі мүмкін. Бұл демократияға кері әсер ету қаупін тудырады. Сондықтан мұндай өзгеріс тек халықтың қолдауымен, ашық талқылаулар арқылы іске асуы тиіс. Сарапшылардың айтуынша, ең бастысы – реформаның елдің тұрақтылығы мен қоғам мүддесіне қызмет етуінде. Бұл бастама – Қазақстанның саяси жаңғыруының жалғасы. Егер дұрыс іске асса, елдегі демократия деңгейін көтеріп, мемлекеттік басқаруды тиімді ете алады.
Қазақстанның басты байлығы – табиғи ресурстар емес, білікті адам капиталы. Егер білімді жастарды елде ұстай алмасақ, экономикамыздың бәсекеге қабілетті болуы қиын. Қазір көптеген жастар шетелде оқып, сол жақта қалып қояды. Жастардың шетелге кетуіне басты себеп – жалақының төмендігі мен мансаптық мүмкіндіктердің аздығы. Егер еңбек нарығы бәсекеге қабілетті болып, еңбекақы халықаралық деңгейге жақындаса, олар ел ішінде еңбек етуге ынталы болар еді. Сонымен қатар әлеуметтік жағдай да үлкен рөл атқарады. Баспананың қолжетімділігі, медициналық қызметтің сапасы, балалардың білім алуы мен балабақша мәселесі шешілсе, азаматтар тұрақты өмір сүруге қолайлы ортаға ие болады. Бұдан бөлек, кәсіби даму мен ғылыми-зерттеу салалары дамуы тиіс. Жаңа зертханалар, стартаптарды қолдау, гранттық бағдарламалар көбейсе, мамандар өз қабілеттерін еліміздің игілігіне жұмсайды.
Бүгінде әлемдік даму бағыты толықтай цифрландыру мен жаңа технологияға негізделіп отыр. Жасанды интеллект (ЖИ) – тек ІТ саласына емес, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім, көлік және қаржы секторына да үлкен өзгеріс әкелуде. Президенттің тапсырмасы дер кезінде берілді. Өйткені жасанды интеллект – ертеңгі күннің емес, бүгінгі күннің шындығы. Сондықтан Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға барлық жағдай жасалуы тиіс. Әсіресе, заңнамалық тұрғыда реттеу, кадр даярлау, ғылыми-зерттеу жобаларын қолдау бағытында нақты шаралар қажет. Бұл – еліміздің болашағына салынған инвестиция.
Жалпы алғанда, Президент Жолдауында көтерілген мәселелер – Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық бағыттар болып табылады. Жасанды интеллект – жаңа технологиялық дәуірдің кілті, мамандарды сақтау және тарту – экономиканың тұрақты дамуының негізі, Парламент реформасы – саяси жүйені жаңғыртудың жаңа кезеңі.
Абзал ҚҰСПАН,
Мәжіліс депутаты:
Саяси жаңғыруға жаңа қадам
– Бір палаталы Парламент туралы әңгіме бұған дейін де айтылып жүрді. Бұл – Конституцияға енгізілетін реформа. Конституцияға өзгеріс енгізуден қорқудың қажеті жоқ екенін үнемі айтып келемін. Өйткені бұл – заман талабы, қажеттілік.
Бұл реформаны жүзеге асыру 2027 жылға дейінгі кезеңде жоспарланып отыр. Алдағы бір жыл ішінде осы бағытта ауқымды дайындық жұмыстары басталады. Бұл – заң шығару процесін жеңілдетіп, бюрократияны азайтатын қадам. Сондай-ақ шешім қабылдау үдерісі жылдамырақ әрі тиімді болады. Біз секілді шағын республика үшін екі палаталы Парламент жүйесі артық. Кейбір сарапшылар айтқандай, бұл демократиядан бас тарту емес. Керісінше, партиялық жүйені нығайту арқылы біз саяси бәсекелестікті күшейте аламыз. Партиялар шын мәнінде халықпен жұмыс істеп, сайлаушылардың сеніміне ие болуға мүдделі болады. Ең бастысы – әділ және ашық сайлау. Демек, мәселе Парламенттің құрылымында емес, сайлаудың ашықтығы мен әділдігінде. Егер сайлау шынайы әрі бәсекелі өтсе, партиялық жүйе қоғамдағы пікір алуандығын толық көрсетеді. Сонда Парламент халықтың шынайы даусын жеткізетін алаңға айналады.
Әрине, мен бірмандатты округтен сайланған депутат ретінде халықтың тікелей өкілі болу тәжірибесінің құндылығын жақсы білемін. Бірақ алдағы реформа партияларды да осындай деңгейге көтеруді көздейді, яғни әрбір партия елдің барлық аймағында нақты қолдауға ие болуға тырысады. Бұл – саяси жүйені институционалды түрде нығайту жолы.
Ал депутаттар санын өңірлердегі халық санына сай есептеу қажет болады. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында халық саны миллионға жетпейді. Сондықтан 3-4 депутат жеткілікті деп ойлаймын. Жалпы, еліміздегі 20 миллион халықтың мәселесі ескерілетіндей жағдай жасалуы керек. Орташа есеппен әр 500 мың адамға 1-2 депутаттан келуге тиіс. Бұл – менің жеке ұсынысым.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы өз Жолдауында жүк тасымалдаушылардың шағымын, яғни рәсімдердің ұзақ уақыт алатынына, тіпті қағаз толтыруға мәжбүр екенін көтерді. Осыған орай, Президент қазан айының соңына дейін кеден және логистика қызметін көрсететін Смарт Карго бірыңғай цифрлық жүйесін қосуды тапсырды. Депутаттардың Мәжіліс мінберінен көтеріп жүрген мәселелерді бұл шара ішінара шешеді деп есептеймін. Жалпы, қандай практика қалыптасады, көруіміз қажет, ол уақыттың еншісінде.
Данияр ҚАСҚАРАУОВ,
Мәжіліс депутаты:
Жасанды интеллект – өркениеттің басты бәсекесі
– Мемлекет басшысының бір палаталы Парламент құру туралы ұсынысы – еліміз үшін маңызды саяси бастама. Әрине, мұндай қадам қоғамда жан-жақты талқылануы қажет. Бұл мәселе енді қоғамдық пікірге ұсынылғандықтан, түпкілікті шешім халықпен бірге қарастырылмақ. Президенттің бастамасы – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған, сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы өткізу керек дегені осы саяси өзгеріске мұқият әрі салмақты түрде талдау қажет дегенді ұғындырды. Ең бастысы – қабылданатын шешім ел дамуына, демократиялық дәстүрлердің нығаюына оң ықпал етуі тиіс екенін меңзеді.
Ал экономиканың қуаты – адами капиталда. Сондықтан білікті, тәжірибелі, жоғары білімді азаматтарды елде ұстап қалу – стратегиялық міндет. Ол үшін ең әуелі еңбек нарығының тартымдылығын күшейту керек: лайықты жалақы, әлеуметтік қолдау, ғылыми-зерттеу ортасын дамыту, стартаптарға инвестиция тарту – осының бәрі мамандарға мотивация береді.
Сонымен қатар шетелден мамандарды тарту туралы ұсыныс та орынды. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар құбылыс. Егер біз осы бағытты жүйелі жүргізсек, Қазақстан аймақтағы ғана емес, халықаралық деңгейдегі білімді мамандарды өзіне тарта алатын орталыққа айналады. Қазірдің өзінде дамыған мемлекеттер экономиканың барлық саласын жасанды интеллектпен ұштастырып, жаңа өндіріс пен қызмет түрлерін қалыптастыруда.
Жасанды интеллектіні дамыту – бүгінгі күннің талабы ғана емес, ертеңгі өркениеттің басты бәсекесі. Қазақстан да осы үдерістен қалыс қалмауы тиіс. Өйткені ЖИ – тек цифрлық даму емес, ол денсаулық сақтау, білім беру, қаржы, қауіпсіздік сияқты барлық сектордың тиімділігін арттыратын әмбебап құрал. Әрине, мұнда бір ғана міндет емес – қатарынан бірнеше мәселе бар: біріншіден, ұлттық қауіпсіздік; екіншіден, этикалық реттеу; үшіншіден, адами капиталды даярлау. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа министрлік құру бастамасы осы үш бағытты кешенді түрде шешуге арналған маңызды қадам деп ойлаймын.
Раушан АХМЕТОВА,
Түркістан қаласы, Көпсалалы индустриалды-
техникалық колледжінің оқытушысы:
Тарихи кезеңнің бастауы
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсу – мемлекеттің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» деген сөзі әрбір өндірістік салада қызмет етіп жүрген ұстаздар мен мамандардың жүрегінен шыққан ой деп білемін. Шын мәнінде, бүгінгі күнде еліміздің дамуы мен экономикасының тұрақтылығы – нақты салаларда еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандардың қолында.
Мен өзім еңбек жолымды аспаздық саласынан бастадым. Қарапайым мамандықтан басталған жол қазір жас буынды тәрбиелеуге, кәсіби дағдыларды үйретуге ұласуда. 30 жылдан астам тәжірибемде байқағаным – адал еңбекпен шыққан маман ешқашан жерде қалмайды. Қоғамға ең қажетті, ең бағалы тұлға – қолынан іс келетін білікті жұмысшы.
Қазір біз жастарға тек теориялық білім беріп қоймай, өндірістік тәжірибемен шыңдап, кәсіби шеберлігін арттыруға көп көңіл бөлеміз. WorldSkills чемпионаттарында шәкірттеріміздің жүлделі орындар алуы – соның айғағы. Бұл – тек жеке жеңіс емес, бүкіл жұмысшы мамандықтарының беделін көтеретін жетістік. Президент атап өткендей, жастардың өндірістен қашпай, өз мамандығы бойынша еңбек етуі – елдің дамуына қосқан үлесі. Біз ұстаздар қауымы сол мамандарды даярлаудың алдыңғы шебінде тұрмыз. Әр шәкірттің қолына берілген кәсіби дағды оның болашақтағы табысының кепілі ғана емес, мемлекетіміздің өркендеуіне қосылған үлесі.
Мен үшін аспаздық кәсіп қана емес, өнер. Ал осы кәсіпке баулу – үлкен жауапкершілік. Сондықтан мен өз тәжірибемді шәкірттеріме барынша үйретіп, оларды адал еңбекке, кәсібіне деген құрметке баулуды басты парызым деп білемін. Құрметті еңбек адамының мәртебесін көтеру тек мемлекет міндеті емес, әрқайсымыздың жүрегіміздегі миссия. Сол себепті Президенттің бастамасы – жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып қана қоймай, жастардың болашағына бағыт-бағдар беретін үлкен тарихи қадам деп есептеймін.