Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауқымды міндеттерді айқындап, маңызды міндеттерді белгілеп берді. Сондай маңызды шешімдердің бірі – еліміздегі әуежайлардың потенциялын толық пайдалану.
Мемлекет басшысы бұған дейін де әуежайларды заманауи талапқа сай етіп, дамытуды тапсырған еді.
Мәселен, 2022 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары барысында Павлодар қаласының әуежайындағы ұшу-қону жолағын жөндеу жөнінде нақты тапсырма берген болатын.
Павлодар облысы – еліміздің ірі индустриялық аймағының бірі. Мұнда ауыл шаруашылығы саласы да қарқынды дамып келеді, туризмнің әлеуеті де жоғары. Өңірге келіп-кететін азаматтар саны жылдан-жылға артып келеді. Соның ішінде іскерлік мақсатта сапарлайтын отандық және шетелдік инвесторлардың үлесі де көбеюде. Әсіресе, қысқы мезгілде көлік қатынасы қиындаған тұста жұртшылыққа ұшақпен қатынауға қажеттілік арта түседі. Осындай жағдайда әуеқатынасының қолжетімділігі мен қауіпсіздігі айрықша маңызға ие екені анық.
Әуежайды заманауи талапқа сәйкестендіру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның жалпы құны – 16,9 млрд теңге, аяқталу мерзімі – 2024-2025 жылдар деп белгіленген.
Бүгінде жобаның орындалу деңгейі 44 пайызға жетті.
Ұшу-қону жолағы, перрон мен рулеждік жолақтардың асфальт-бетон жабындысы фрезерленді, жер жұмыстары атқарылды. Дренаждық жүйе орнатылуда, периметрлік қоршау мен бейнебақылау жүйесінің монтажы басталды.
Сондай-ақ шамамен 5 млрд теңгеге материал мен жабдық сатып алынды.
Алайда жобаны толық аяқтау үшін қосымша 9,3 миллиард теңге қажет. Павлодар облысының әкімдігі бұл мәселе бойынша Көлік министрлігіне ресми хат жолдады, алайда белгісіз себептермен толық қаржыландырылмай келді.
Павлодар әуежайындағы ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту – тек аймақ үшін ғана емес, жалпы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші үшін де маңызды жоба. Бұл нысан өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, экспорттық әлеуетін кеңейтуге, көлік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіруге және ең бастысы қарапайым халықтың қауіпсіз әрі қолайлы әуеқатынасына қол жеткізуіне жол ашады.
Осыған байланысты, cізден жобаны аяқтауға қажетті қосымша қаржыны бөлу мәселесін қарастырып, Мемлекет басшысының тапсырмасының уақытылы әрі толық орындалуы үшін нақты шаралар қабылдауыңызды сұраймын.