Ерлан Қарин, Мемлекеттік кеңесші: Саяси жаңғырудың жарқын үлгісі

Биылғы Жолдаудың біріктіруші идеясы – цифрландыруды кең көлемде дамыту және жасанды интеллектіні жаппай енгізу.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың түрлі салаларына цифрландыру мен жасанды интеллект құралдарын жеделдетіп енгізу міндетін жүктеді. Бұл қадамның барлығы жинақтала келіп, Қазақстанның жаңа Ұлттық цифрлық даму стратегиясына біріктіріледі.

Қазақстан жаңа технологияларды дамыту мен енгізуде кешенді әрі жүйелі шешімдер қабылдаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып отыр. Бұл ретте Қазақстан болашақта технология­лық тұрғыдан дамыған мемлекет атануды көздейді.

Осылайша, биылғы Жолдауда цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізу біздің ел үшін жаңа ұлттық идея ретінде айқындалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа саяси бастамаларының негізгі қырлары:

• Ұсынылған парламенттік реформа президенттік саясаттың «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» басты формуласын дамытады. 

• Референдум өткізу жөніндегі ұсыныс Президенттің ел бо­ла­шағын айқындайтын түйінді мә­селелерге қатысты тек ке­лісе отырып шешім қа­­былдау қа­ғидатының өзгермейтінін көрсетті.  

• Президент осымен бірнеше рет алдағы саяси жоспарларын алдын ала әрі ашық жа­риялады. 2022-2023 жылдар­дағы реформалар да, АЭС салу жөніндегі референдум да кезінде күні бұрын хабарланған болатын.  

Осы тұста айрықша атап өтер­лігі, әңгіме Конституцияға жедел түрде өзгерістер енгізу немесе Пар­ламент сайлауын жариялау туралы болып отыр­ған жоқ. Мақсат бұл емес. 

Басты әрі негізгі мақсат – сая­си жүйенің институционалдық негіздерін одан әрі нығайту. Сондықтан Президент ойластырылған, бірізділікке негізделген дәйекті тәсілді құп­тайды. Ең алдымен, сарапшылар мен көпшілік қауым арасында жан-жақты әрі терең талқылау жүргізу қажет. Осылайша, Қазақстан кезекті рет кезең-кезеңімен және жан-жақ­ты жүзеге асырылатын саяси жаңғырудың үлгісін көрсетті.