Ерлан Қошанов, Парламент Мәжілісінің Төрағасы: Жолдау ұлтымызды ұйыстырып, елімізді біріктірді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады. Бұл – еліміздің саяси өміріндегі елеулі оқиға, дамудың жаңа бағдарын айқындаған айтулы сәт. Халық та, қоғам да асыға күтетін, зор үміт артатын маңызды құжат.

Әрине, әр Жолдаудың жөні де, салмағы да, мазмұны да бөлек. Бүгінгі Жолдау – қоғам сұранысына, елдегі түйткілді мәселелерді шешуге берілген нақты жауап. Ол Қазақстанның дамуына серпін беретін, экономикалық өрлеуіне жол ашатын тың ойлармен, жаңа бастамалармен ерекшеленеді. Осы жолы да Президент мемлекетіміздің алдағы дамуының бағыт-бағдарын айқындап берді. Бұл Жолдау тұтас халқымыздың рухын көтерді дер едім.

Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы осыдан бірнеше жыл бұрын ауқымды саяси реформаларды қолға алған болатын. Сол игі бастамалардың бәрі халық тарапынан қолдау тауып, нақты жүзеге асып келеді. Мемлекетіміздің саяси келбеті өзгеріп, құрылымы жаңғыруда. Бұл ұзақ үдеріс екені түсінікті. Дегенмен қазірдің өзінде таңдаған жолымыздың дұрыс екенін көріп отырмыз. Ендігі кезекте экономикалық дамуға күш салуға тиіспіз. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы соңғы екі Жолдауында да осы салаға ерекше екпін беріп отыр. 

Бүгінгі Жолдау Президент реформалары мен бастамаларының заңды жалғасы іспетті. Мемлекет басшысы еліміздің келешегіне қатысты келелі ойларын ортаға салып, экономиканы дамыту бойынша алдымызға бірқатар міндет қойды. 

Осы орайда мен мына мәселеге ерекше тоқталып өткім келіп отыр. Ол – экономиканың барлық саласын жаппай цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, жаңа технологиялар арқылы халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға кеңінен жол ашу. Президент Жолдауының негізгі арқауы да, өзегі де осы болды деп ойлаймын. Тіпті, цифрландыру ұлттық идеяға айналды десек те болады. Ол түсінікті де. Бүгінде ғылым мен технология қарыштап алға басуда. Алпауыт елдер жасанды интеллектінің арқасында тіптен, қара үзіп кетті. 

Біз де әлеммен бірге осы жаңа технологиялар дәуіріне қадам бас­тық. Көштен қалмас үшін қандай бағыттарға басымдық беру керек? Қандай өзгерістерді қолға алған жөн? Бұл сауалдардың шешімі бүгінгі Жолдауда айқын көрініс тапты.

Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Мемлекет басшысы алдымызға осындай стратегиялық міндет қойды. Оған ресурс та, мүмкіндік те жеткілікті. Осы межеге жету үшін Президент қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды тапсырды. Бұл – орынды әрі жүйелі шешім. Өйткені мұндай ауқымды жұмыс бір жерден басқарылып, кешенді түрде жүруге тиіс. Жылдар бойы оған қажетті алғышарт та, негіз де қалыптасты. Енді бұл іспен жеке мемлекеттік құрылым түбегейлі айналысады. Оны вице-премьер басқарады. 

Президент осы жолда бірқатар заңнамалық бастамалар көтерді. Ең әуелі Цифрлық кодексті тезірек қабылдауды тапсырды. Онда цифрландыру процестерінің негізгі бағыттары айқындалатын болады. Экономиканың барлық саласын жаңғырту да осы жасанды интеллектінің көмегімен іске асады. 

Бұдан бөлек, Жолдауда Мемлекет басшысы жеті басым бағытта жұмысты күшейтуге назар аударды. Соның ішінде жаңа инвестициялық кезеңді бастау керегін айтты. Инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Әсіресе, өңдеу саласына қаржыны көбірек салуға, осы бағыттағы инвесторларға салықтық жеңілдік беру мәселесін қарастыруға көңіл бөлді. 

Экономиканың нақты секторларын қаржыландыруда екінші деңгейлі банктерге үлкен міндет жүктеліп отыр. Бұл – бұрыннан бері талқыланып келе жатқан мәселе. Президент банктердің қаражатын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін табуды тапсырды. Депутаттар жыл соңына дейін қабылдайтын Банктер туралы заңда осы мәселелер ескеріледі.

Әлемдік тәжірибені зерделеп қарасақ, көптеген алпауыт елдерде инвестиция мен жаңа технологиялар бір жерде шоғырланып, үлкен индустриялық аймаққа айналады. Қазақстан да осы жолда іргелі істерді қолға алды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуға тиіс екенін атап өтті. Alatau City-дің мықты институционалдық негіздерін қалыптастыру, қаланы ел Үкіметіне тікелей бағынатындай етіп, оған арнайы мәртебе беру туралы Жарлықты он күн ішінде әзірлеуді тапсырды. Содан кейін жарты жылдан асырмай, жеке заң қабылдау қажеттігін айтты. Бұл жұмысты сапалы атқаруға депутаттар дайын. 

Мемлекет басшысы геология­лық барлау, өнеркәсіпті өркендету, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру, су ресурстарын тиімді басқару, транзит әлеуетін ұлғайту үшін шекарадағы қызмет сапасын күшейтуде де цифрландыру тәсілдерін кеңінен пайдалануға шақырды.

Ал «тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына жаңа экологиялық және санитарлық-гигиеналық ережелер енгізу керек» деді. Осы және басқа да бағытта қордаланған түйткілдерді шешу үшін Парламентте жаңа Құрылыс кодексі қаралып жатыр. Президенттің тапсырмасымен аталған құжат жыл соңына дейін қабылданады. 

Тағы бір маңызды мәселе – бизнесті шектен тыс тексерістерден қорғау. Бұл орайда Мемлекет басшысы тиісті құқықтық базаны жаңғырту керектігіне ерекше мән берді. Қазір елімізде 21 кодекс, 300-ден астам заң бар. Кейбір нормалар бір-біріне қайшы келіп жатады. Мемлекет басшысының айтуынша, мұның бәрі бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр. Ол үшін заңнаманы түгел тексеріп, зерделеп шығуды тапсырды. 

Бұдан бөлек, Президент мемлекеттік мүлік туралы заңды жаңарту жөнінде бастама көтерді. Бұл мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту, жеке сектордың дамуына мол мүмкіндік беру үшін қажет. Сондықтан осы бағыттағы реформалардың да мәні зор.

Цифрлық технологиялар біздің өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналып кетті. Сондықтан оның қауіп-қатерлерін де ескеруге тиіспіз. Тіпті, жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыруды мектеп қабырғасынан қолға алып, жасөспірімдердің цифрлық сауаттылығын арттырып, қоғамда цифрлық мәдениет қалыптастыруымыз қажет. Мемлекет басшысы бүгін алдымызға осындай міндет қойды.

Сондай-ақ азаматтардың қаржылық сауатын арттыру да мемлекет назарында. Бұл орайда Президент «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтті. Аманаттықтар бұл игілікті істі әрі қарай жалғас­тыра бермек. 

Жолдауда әлеуметтік қорғауға, қауіпсіздік, білім беру, денсау­лық сақтау, өнер мен мәдениет, бұқаралық спортқа қатысты да біраз ойлар айтылды. Бұл мақсат-міндеттердің бәрі Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуы үшін аса маңызды.

Мемлекет басшысы әр сөзінде үнемі «Заң және тәртіп» қағидаты жайлы терең ойлар айтады. Бүгін де бұған ерекше тоқталды. Шыны керек, қазір қоғамда дөрекі әрекеттер мен жөнсіз қылықтар көбейіп барады. Бір-бірін жағадан алып балағаттау, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері жиі көрініс табуда. Әрине, бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жат қылықтар. Мемлекет басшысы осындай әрекеттерге арнайы мән берді. Біз отаншылдық пен әсіреұлтшылдықты шатастырмауымыз керек. Президент айтқандай, патриотизм­нің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық. Осыны ұмытпауымыз қажет. Әсіресе, жастарымыз Мемлекет басшысының әр сөзін көкейіне түйіп, шындық пен жалғанның, жақсы мен жаманның ара-жігін ажырата білуге тиіс. Сонда ғана бірлігіміз бекем, еліміз тұтас болады.

Бүгін Мемлекет басшысы парламенттік реформа мәселесіне де жеке тоқталды. Бұл жайт біраз жылдан бері қоғамда қызу талқыланып келе жатқаны жасырын емес. Президент сол мәселенің тоқетерін айтып, елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерді. Маңызды реформа – осыған дейінгі елдегі ауқымды өзгерістердің заңды жалғасы. Президент бұған асықпай, байыпты, саналы әрі сындарлы түрде келу керек екенін айтып, оны бүге-шігесіне дейін жан-жақты талқылауға бір жыл уақыт берді. Сөйтіп, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуді ұсынды.

Егер халық қолдап, бір палаталы Парламент құрылатын болса, партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деді Мемлекет басшысы. Бұл қадам партиялар арасында бәсекелестікті айтарлықтай арттыра түседі. Сондай-ақ елдегі партиялар жүйесін одан әрі жетілдіруге ықпал етері анық. 

Әдетте, елімізде мұндай маңыз­ды шешімдер тосыннан, күтпеген жерден жарияланатын. Президент ондай тәжірибеден түбегейлі бас тартты. Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлы ел тағдырына, болашағына қатысты мәселенің бәрін халықтың пікірін ескере отырып, жұртшылықпен бірге қабылдап келеді. Ол – Мемлекет басшысының берік ұстанымы. Осы жолы да шешім елмен бірге ақылдасып қабылданады. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты іске асуының тағы бір жарқын көрінісі. 

Біздің алған бағдарымыз – Қазақстанды цифрлы мемлекетке айналдыру. Ал оған қол жеткізу үшін Үкіметке Digital Qazaqstan атты біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлеу жүктелді. Түбегейлі цифрлық жаңғыру халқымыздың тұрмыс сапасын арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Жасанды интеллект негізінде қолға алынып жатқан бұл реформалардың бәрі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай оң әсер етеді. 

Соңғы жылдары қолға алын­ған бастамалардың бәрі бір-бірі­мен біте-қайнасып жатыр. Саяси, экономикалық, әлеуметтік бағыттағы кешенді өзгерістер биыл да жалғасын тапты. Жолдауда айтылған әр сөздің, әр сөйлемнің артында халықтың тағдыры, елдің болашағы тұр. Сондықтан бүгінгі Жолдау ұлтымызды ұйыстырып, елімізді біріктірді. 

Қорыта айтқанда, Жолдау – Әділетті, Бақуатты, Қауіпсіз және Таза Қазақстан құру жолында жасалған ірі әрі маңызды қадам. Сондықтан жұртшылықтың оған зор үміт артып отырғаны анық. Мәжіліс депутаттары оның әр тармағын іске асыруға, Президенттің берген әр тапсырмасын орындауға барынша атсалысатын болады.