Біріншіден, Мемлекет басшысы атап өткендей, инвестицияның негізгі бөлігі шикізат салаларына бағытталып отыр. Бұл ел экономикасының ұзақмерзімді тұрақтылығына қауіп төндіреді. Сондықтан өңдеу өнеркәсібіне, жоғары технологияларға және жаңа өндірістерге қаржы тарту – экономикалық әртараптандырудың басты шарты.
Екіншіден, қазіргі инвестициялық саясаттағы басты мәселе – құзыреттердің бытыраңқылығы мен қағазбастылық. Инвестор үшін ыңғайлы, «бір терезе» қағидатына негізделген ашық әрі жедел жүйе қажет. Бұл жерде барлық шешім қабылдау мен үйлестіру жұмысының тікелей Премьер-Министрге жүктелуі – саяси еріктің күшейгенін көрсетеді.
Үшіншіден, Қазақстанға тек ірі инвесторларды тарту жеткіліксіз. Орта және шағын бизнес өкілдері де экономиканың жаңа драйверіне айнала алады. «Инвестицияға тапсырыс» қағидаты арқылы нақты салалардың сұранысын айқындап, соған сай шетелдік және отандық капиталды бағыттау – тиімді шешім.
Төртіншіден, жоғары технологиялар мен инновациялық жобаларға жеңілдіктер беру ұсынысы – Қазақстанның жаңа инвестициялық кезеңін ашуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе жасанды интеллект, жасыл энергетика, биотехнология, цифрлық өндіріс сияқты салаларда аса өзекті.
Қорытындылай келгенде, инвестиция тарту жүйесін жаңғырту – экономиканың шикізаттық емес секторын дамытудың басты тетігі. Бұл қадам Қазақстанды халықаралық бәсекеде тартымды етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға, экспорт әлеуетін арттыруға және жалпыұлттық экономиканың тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.
Эльмира САПАРОВА, «AMANAT» партиясының мүшесі, Атырау облыстық мәслихатының депутаты