Ойлы жастың ойыны

Бүгінде біліміңді жетілдіріп, әрі көңілді орта іздеуді мақсат тұтсаң, куиз ойынынан артығын таппай­сың.

Бір қарағанда, жеңіл ойын түрі көрін­генімен, ол логикалық ойлау, тапқырлық пен жылдамдықты қажет етеді. Қазақ жастары үшін интеллектуал ойындар не себептен трендке айналды? Куизға құмарлық  қа­лай пайда болды? Жауабын білуге тырыстық.

Ирландиялық актер, театр менеджері Ричард Дэйли 1779-1780 жылдары Лондоннан Дуб­линге оралып, Smock Alley теат­рын сатып алады. Театр иесі 1791 жылы 24 сағат ішінде еш мағы­насы жоқ, басқатырғыш сөз таба­мын деп бәс тігеді. Ричард Дублин қала көшелеріндегі бос жерге Quiz сөзін жазу үшін бір топ бала жи­найды. Жұртқа бұл сөз әп-сәтте тарап кетеді, ешкім сөздің қандай мағына беретінін білмейді, бәлкім әлдебір сынақ па деп ойлайды. Алайда бұл оқиғаны растауға негіз жоқ, ел ауызында тек аңыз болып сақталған. 

Quiz сөзінің шығу тегі әлі күн­ге дейін белгісіз, дегенмен 1791 жылдан бұрын да қолданылған болса керек. Қазір куиз ағылшын тілі­нен викторина, сауал­дама деп аударылып жүр, ал әуел бастағы қолданыс студенттік сленгтен шық­қан. Жастар мазақ ету, келеке қылу үшін осы сөзді айтатын. Род­жер Виттол 1780 жылы жазған өлеңінде куиз сөзін «біртүрлі адам» деген мағынада сипаттайды. Кейіннен, XIX ғасыр ортасына қарай куиз «сынақ, емтихан» де­ген мағынаға ие болады. 

Куиз ойын ретінде шамамен 1975 жылдары танымал бола бас­таған. Мұнда қатысушылар топ­тасып, сұрақтарға тапқырлықпен тез әрі шап­шаң жауап беруі қажет. Интеллектуал жарыстың орташа ұзақтығы 2-2,5 сағат болған, ал осы арада кемінде 35-50 сұрақ қойылады. Еуро­пада зияткерлік ойындар өткен ға­сырда қана­т жай­са, көршілес Ресейде 2010 жыл­дың ортасынан бастап кең та­раған. Бұрын ірі қалаларда ағыл­шын, орыс тілінде өтетін жо­балар жастарды елік­тіріп әкетсе, енді қазақтілді куиз ойындары да бәсеке алаңына шықты. Осы орайда «Қазақша Quiz» ойын­да­рынан ел чемпио­натын ұйым­дастырушы Аршат Ораздың куиз жөнінде пікірін тыңдадық. 

– Осыдан 10 жыл бұрын Ас­танада шағын топ болып жина­лып, логикалық сұрақтарды ­ауыз­ша айтып, ойнап жүрдік. Бас­тапқыда жай бір қызығушылық клубы сияқты еді, ойынға қаты­суға ешқандай жарна жинамай­тынбыз, сыйлықтар да болмай­тын. Кейін орыс тіліндегі жаңа куиз фор­ма­тына көше бастадық. Логикалық сұ­рақтар ғана емес, әртүрлі фор­маттағы турлар қос­тық. Осылай алғашқы қазақ ті­ліндегі куиз қа­лыптасты. Кейін бұл да­мып, түр­лі бағытқа бөлінді. Қазір еліміз­дің барлық қаласында үлкен куиз аудиториясы бар, – дейді А.Ораз.

Белді ұйымдастырушының айтуынша, қазір куиз ойынына жастармен қатар орта жастағы адамдар да қызыға барады. Бұл – елдегі куиз ойынының даму жо­лындағы айқын дәлелі.

– Астананың өзінде TezTap, Iqas, «Қазақша Quiz», BasTime, «Топжарған», MediaQuiz, «Фут­Куиз» сынды түрлі форматтағы куиз жобасы бар. Әрқайсысының өз аудиториясы бар. Мысалы, бі­реуіне жастар барады, біреуіне орта жастағылар, біреуіне жекелей адам қатысады дегендей. Со­ны­мен қатар тақырыптық, сала­лық куиздер де бар. Әркім өзінің қала­ғанына барады. Жалпы, бірнеше жылда жақсы куизшілер ортасы қалыптасты. Арнайы топ, арна, парақшалар да бар. Куизсүйерлер ақпарды содан қарап, уақыты мен қызығушылығына қарай бара ала­ды, – дейді креатив ойлы ұйым­дастырушы.

Расымен де, елде тақырыптық куиздар да қарқынды өтіп жатыр. Айта кетерлігі, тамыз айында, Абай тойы қарсаңында «Абай QUIZ» республикалық зияткер­лік ойыны өткен еді. Ақыл-ой дода­сына елдің 10 өңірінен 180 ко­ман­да, 1000-нан аса ойыншы қатысқан.

Елімізде куиз өткізу ал­ға­шында қызығушылықтан туса, кейін шығармашылық үлкен табысқа жетеледі. А.Ораз куиз ұйымдастырушыға да, ойыншы мен кәсіпкерлерге де керемет мүмкіндік сыйлайтынын айтады.

– Куиз – ең алдымен ойыншы үшін демалыс түрі. Кино мен театрға барғандай кіру жарнасын төлеп қатысады. Ұйымдастырушы үшін табыс түрі деуге болады. Тұрақты өтетін куиздерден жақсы қаржы табуға болады. Басқа қа­лаларға франшиза беру тәжірибесі бар, яғни басқа ұйымдасты­ру­шылар өздері сұрақ дайындамай, дайын сұрақ пакетін, қосымша атрибут­тарын сатып ала алады. Жалпы, басқа елдерде де жүйе осылай. Одан бөлек, сыйлық­тарын ұсы­нып, демеуші болатын, қосымша жарнама беретін кә­сіпкерлер де жеткілікті, – дейді А.Ораз.

Қазір жекелеген куиз жоба­ла­рының басы бірігіп, қауымдастық құрылып жатқаны да мүм­кін­діктерді кеңейті. Ойындарды қар­жыландырудың түрлі балама жо­лы дамып жатқанын «Қа­зақ­станның Зияткерлік сайыстар қауымдастығының» президенті Нұрлан Азаматов та айта өтті. 

– Бұл қауымдастықты 2024 жылдың басында «Қазақша Quiz» жобасының негізінде құрдық. Ойын өткізіп қоймай, интеллек­туал қозғалысты жүйелі дамытуға кірісіп кеттік. Әр аймақтағы ұйым­дастырушыларды, куиз же­тек­шілерін біріктіріп, заңды түрде ресми ұйым жасадық. Бүгінде қауымдастықтың мүшелері елі­міздің әр өңірінде ойын өткізіп, зияткерлік орта қалыптастырып жатыр, – дейді Н.Азаматов.

«Қазақстанның Зияткерлік сайыстар қауымдастығы» респуб­лика көлемінде іс-шаралар өткі­зіп жүр. Биыл куизден ел чемпионаты ұйым­дастырылып, еліміздің Ас­тана, Алматы, Атырау, Ақтау, Қос­танай, Қызылорда, Семей, Орал, Өскемен және Ақтөбе қала­ла­рында бір мезетте іріктеу ойыны өтті. Жалпы ойынға 176 команда, 1 000-нан аса ойыншы қатысқан. Финалдық бәсекеде 37 команда сынға түскен.

Қауымдастық президентінің айтуынша, ұйымның артықшы­лығы мол. Ұйымның заңды мәр­тебесі бол­ғандықтан, мемлекеттік орган­дар­мен, демеушілермен, білім беру ұйымдарымен ресми әріп­тестік орнатуға мүмкіндік береді. Екіншіден, әр аймақтағы куиз жобалары өзара тәжірибе алма­сып, бірыңғай стандарт қа­лып­тастырады. Үшінші артық­шылығы – қазақ тіліндегі интел­лектуал ойындарды дамытуға нақты ре­сурс пен мүмкіндік. Қа­уым­дастық арқылы жаңа фор­мат­тар, ұлттық мазмұндағы сұрақтар мен жоба­ларды сапалы тұрғыдан іске асырамыз дейді. Қауым­дас­тықтың тағы бір мүмкіндігі, бұл «Қазақша Quiz»-дің ұйымы емес. Қазақ­стан­да интеллектуал ойын­дар өт­кізетін кез келген жоба не­месе же­ке тұлға ұйымға мүше бола ала­ды. Ұйымның басты мақсаты – сапалы контент, әділ бәсеке және қазақ тілінің дамуына үлес қосу.

– Интеллектуал ойындар – тек көңіл көтеру емес, аудито­рия­мен тікелей байланыс құратын алаң. Кәсіпкерлер үшін бұл – брен­дингін көрсетуге, жаңа кли­ент­термен танысуға, сенімді ау­ди­тория жинауға үлкен мүмкіндік. Себебі куиз ойынына келген адам­­дар – белсенді, білімді, із­денімпаз жастар мен кәсіби мамандар, яғни бұл аудитория кез келген компания үшін ең құнды сегменттің бірі. Болашақта кәсіп­керлердің қызығушылығы арта түседі. Интеллектуал ойындар – ұзақмерзімді тренд. Ол тек бизнес пен клиент арасындағы көпір емес, қоғамға пайдалы әлеуметтік жоба, – дейді Н.Азаматов.

Шынында да, куиз ойындары ірі қалалар түгілі, ауыл-аудан ішінде қолдау тауып жатыр. Мы­салы, шығыс өңірінде кәсіпкер­лер мен қатысушылар бір-бірін қол­дап, куиз ойыны халықтық си­пат­қа айналып үлгерген. Елдің шы­ғы­сында «Қазақша QUIZ» ұйым­­дастырып жүрген Да­рын Нұр­сапар да жеке тәжіри­бесін алға тартты.

– Карантин кезінде сәл үзіліс болды, бірақ қалған уақыттың бә­рінде апта сайын тұрақты ұйым­­дастырып келеміз. Ойынға  адам көп келеді. Мұнда қазақтілді бизнес өкілдері, кәсіпкерлер, паб­лик жүргізушілер жиналады. Қа­тысушылар арасында кітап шы­ғаратындар, мәдени іс-шара­лар ұйымдастыратындар да бар. Бірі жаңа әнінің тұсауын кеседі, бірі кітап талқылайды, бәрі де осы алаңда біте қайнасып кетті. Bizdin_oskemen дейтін 100 мыңнан астам жазылушысы бар паблигіміз бар, сонда да еңбекқор жастар­ы­мызды насихаттап отырамыз, – дейді ұйымдастырушы.

Оның сөзін­ше, куиз жастар үшін тек ойын емес, танысу, араласу ортасына айналған. Қыз-жігіттер осы жерде танысып, тіпті достығы махаб­бат­қа ұласып, отау құрып жатқандар бар. 

 – Бұрын да осындай жағдай­лар болып тұратын, бірақ биылғы оқиға ерекше болып жатыр. Былтырғы маусымда ойнап жүр­ген команда жастары арасынан тамызда 3 жұп шаңырақ көтерді. Ойыншы­лар­дың бәрі фаворит командалардан шыққан. Бәрі – ел чемпионатында жүлделі орын алған команда жас­тары, – дейді Д.Нұрсапар.

Куиз біреуге демалыс болса, енді біреуге ой жарысына, ми жаттықтыру алаңына айналған. Әркім өзіне керегін осы ортадан табады. Мысалы, «Қазақ аруы – 2021» байқауының жеңімпазы Ару­жан Аманжолова куиз ойы­нын қиын сәтте көңілін алдап, жанына қуаныш сыйлаған жоба деп санайды.

– Бір қиындыққа тап болға­нымда, өзіме жаңа бір ермек табуды қаладым. Әлеуметтік же­ліден түрлі жобаны көріп, зерттеп жүрдім, алайда бір де біреуіне баруға жолым түспеді. Бір күні TezTAP ойыны жайында жарнама көріп қалдым да, бірден қаты­самын деп тіркеліп алдым. Қатысу ережесі туралы да сұрамадым, еш ойланбастан қатысып кеттім. Алдымен бір-бірін танымайтын, жан-жақтан жиналған қатысу­шылар топтасып ойнайды екен. Әрине, алғашында тереңірек түсіне алмадым, дегенмен санамда бір сілкініс пайда болды. Ойын арқылы біраз нәрсе үйрендім. Әр қатысқан сайын білім мен ақыл­дан бөлек, ұжыммен бірлесе жұ­мыс істеу керегін түсіндім, – дейді А.Аманжолова. 

Аружан бұдан кейін куиз ойын­­дарына ұдайы қатысатын болған. Ойын кезінде жаңа дос­тар, таныстар тауып, бір-бірін бұ­рыннан білетіндей, етене ара­ласып кеткенін айтады. Тіпті, Ас­танаға келген қонақтар мен туыс-туғанын да куиз алаңына ой­ланбастан апарады. 

Куизға жас ұстаздар да ерекше қызығушылық танытып жүр. Био­логия пәнінің мұғалімі Қызайым Құлтасқызы куизға үзбей қатысып жүргеніне жақында 3 жыл бола­тынын айтады.

– Өз әріптестерімді де, қала­мыздағы басқа білім беру меке­мелерінің де жас ұстаздарын IQas куиз ойындарынан жиі байқай­мын. Ұстаз болсам да, «білгеніміз бір тоғыз, білмегеніміз тоқсан тоғыз» деп, куиз арқылы жаңа білімді ойын арқылы жылдам үйреніп алғымыз келеді. Пәніме қатысы бар ғылым салаларынан да, гуманитарлық пәндерден де білімімді толықтырып келемін. Бұл ойын дүниетанымымды жан-жақты кеңейтуге әсер берді. Ойында жеңіске жетпесем де, кем дегенде жаңадан бір нәрсе үй­ренуге асығамын. Куиз менің құ­марлығыма айналғандай. Жаңа­шылдыққа ұмтылу мен ойынның қызықты форматы ұштасқанда, мен үшін көңіл көтерудің ерекше үйлесімі туды, – дейді жас ұстаз.

Не дегенмен, әркімнің-ақ куизға бар таласы. Шағын кәсіп болғанымен, алда куиз индус­трия­сының қазақ жұртына берері мол екеніне көз жеткіздік.

Айсұлу СЪЕЗХАН