Ауғанстанда соңғы жылдардағы ең жойқын жер сілкіністерінің бірінде, соңғы мәлімет бойынша, 2 200 адам қаза тапты. 6.0 магнитудалы жер сілкінісі 31 тамызда елдің шығысында болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты www.bbc.com сайтына сілтеме жасап.
Қаза болғандардың басым бөлігі таулы Кунар провинциясына тиесілі. «Талибан» үкіметінің дерегінше, мұнда 2 205 адам қаза тауып, кемінде 3 640 адам жарақат алған.
Көршілес Нангархар және Лагман провинцияларында тағы 12 адам көз жұмып, жүздеген адам жараланды.
Үкімет өкілінің хабарлауынша, бейсенбі күні іздестіру-құтқару жұмыстары барысында қиранды үйлерден жүздеген мәйіт табылған. Құтқарушылар мен еріктілер әлі де үйінділерді аршып, адамдарды іздестіріп жатыр.
Бірақ жер сілкінісінен кейінгі қайта болып жатқан дүмпудің салдарынан жүрген көшкіндер қауіпті жолдарды жауып, ең қатты зардап шеккен Кунар провинциясына баруды қиындатып отыр. Бұл құтқару және гуманитарлық операциялардың баяу жүруіне себеп болды.