Бұл бағытта отбасы құндылығын нығайтуға, гендерлік саясатты дамытуға, ана мен баланы қорғау және әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға баса назар аударылуда.
Отбасы – қоғамның алтын діңгегі
Жуырда Шымкент қаласында Конституцияның 30 жылдығына орай «Мерейлі 30 күн» жобасы аясында «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Отбасы құндылығы: кеше және бүгін» атты ашық есік күні өтті. Қоғамдағы отбасы институтын нығайту, ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты арттыру, сондай-ақ ұлттық құндылықты дәріптеу мақсатында өткен іс-шарада тұрғындарға кеңес беріліп қана қоймай, олардың әлеуметтік, құқықтық және психологиялық тұрғыдан жан-жақты қолдау алуына мүмкіндік жасалды.
Ашық есік күніне түрлі сала өкілдері қатысты. Олардың қатарында әжелер кеңесі, Әділет басқармасы, Жас отбасылар кеңесі, кәсіби медиаторлар, «AMANAT» партиясының өкілдері, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары, сондай-ақ полиция қызметкерлері болды. Әрбір қатысушы өз саласы бойынша құнды ақпарат ұсынып, көпшілікті толғандырған сұрақтарға нақты жауап берді.
Мәселен, заң саласының мамандары отбасылық құқыққа қатысты түсініктеме беріп, ажырасу, алимент өндіру, мүлікті бөлу сияқты өзекті мәселелерді тарқатып айтты. Әлеуметтік қорғау саласының өкілдері көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған жанұяларға арналған мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік қолдау шарасын түсіндірді. Жұмыспен қамту қызметкерлері жұмыс іздеп жүрген азаматтарға бос орын, қайта даярлау курсын және шағын несие алудың жолын ұсынды. Ал медиаторлар мен психологтар отбасындағы тұрмыстық жанжалды шешудің тиімді әдістері, өзара сыйластық пен түсіністікті қалыптастырудың маңызы жөнінде ой бөлісті. Кездесу барысында ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, ұрпаққа ұлттық құндылықты сіңірудің жолы да кеңінен сөз болды. Қатысушылар пікір алмасып, тәжірибесін ортаға салды. Әжелер кеңесінің өкілдері ұлттық дәстүр мен тәлім-тәрбиенің ұрпақ сабақтастығындағы орнын ерекше атап өтті.
Іс-шара соңында барша қатысушы бірауыздан отбасы қоғамның берік іргетасы екенін атап өтіп, мұндай игі бастаманың жалғасын табуы қажет деген пікір білдірді. Себебі отбасы – тек жеке адамның ғана емес, тұтас елдің тұрақтылығы мен болашағының кепілі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да Отбасын қолдау орталығы тұрғындарға арналған ашық есік күнін жүйелі түрде өткізіп, құқықтық, әлеуметтік және психологиялық бағыттағы көмек көрсету ісін жалғастыра бермек.
Әйелдер үшін қауіпсіз өмір сабағы
Үшінші мегаполисте нәзік жандардың құқықтық сауатын арттыруға, өз-өзін қорғау дағдысын қалыптастыруға арналып ұйымдастырылған тағылымды іс-шараның бірі – «Әйел. Құқық. Қорғаныс» атты бес күндік курс. Ол А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында өтті. Курс аясында қатысушыларға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлері, оның психологиялық және құқықтық салдары, сондай-ақ медиация ұғымы мен оның қоғамдағы рөлі туралы кеңінен мәлімет берілді. Семинар-тренинг форматында өткен шарада тек теориялық біліммен шектелмей, тәжірибелік бағыттағы жаттығуларға да басымдық берілді. Оқыту барысында психолог Алтынбек Боранбек және кәсіби заңгер-медиатор Айжан Кесебай арнайы дәріс оқып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар әйелдерге күнделікті өмірде кездесуі мүмкін түрлі жағдаяттарды мысалға келтіріп, қиындықты еңсерудің тиімді жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар қатысушылар үшін шағын кофе-брейк ұйымдастырылып, еркін пікір алмасуға жағдай жасалды. Әрбір әйел өз ойымен бөлісіп, көкейінде жүрген сұрақтарына мамандардан нақты жауап ала алды.
Әйелдерге өз құқығын білуге жол ашу, психологиялық тұрғыдан сенімді болуға көмектесу және өмірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің нақты әдістерін үйрету мақсатындағы бес күнге жоспарланған практикалық сабақтарда нәзік жандылар қорғанудың қарапайым да тиімді тәсілдерін меңгеріп шықты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай курстардың маңызы ерекше. Себебі ол әйелдердің тек құқықтық сауатын ғана емес, өз-өзін қорғаудағы сенімділігін де арттырады. Ең бастысы – қатысушылар алған білімі мен тәжірибесін өмірде қолдана алатын дәрежеге жетеді. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, Шымкенттің әйелдер қауымына қауіпсіз әрі еркін өмір сүруге серпін бермек.
Батыр ана – ел қазынасы
Абай ауданында ел үшін ерекше маңызы бар қос мереке – Конституцияның 30 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай аудан тұрғындары ардақты тыл ардагері, көпбалалы батыр ана Анар Жапабаеваға арнайы құрмет көрсетті. 91 жастағы Анар әже – елдің мақтанышы. Ол жас кезінен бастап елдің ауыртпалығын көтеріп, тылда тынымсыз еңбек еткен жанның бірі. Көпбалалы ана 14 құрсақ көтеріп, бүгінде 100-ден астам немере мен 7 шөпшектің мейірімді әжесі атанып отыр. Бұл ұрпақ жалғастығының, отбасының берік іргетасының айқын көрінісі.
Абай аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, әділ билер кеңесінің төрайымы Орынша Тәжібаева батыр ананы мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Ардагерге сый-сияпат табысталып, көпшілік алдында оның ерен еңбегі мен өнегелі өмір жолына құрмет көрсетілді. Жүздесу кезінде Анар әже өзінің өмірлік естеліктерімен бөлісіп, соғыс жылдарындағы қиындықтарды, халықтың бірлігі мен қайсарлығы арқасында жеткен жеңістің қадірін әңгімелеп берді. Әженің жүрекжарды сөздері жиналғандардың көкейіне жетіп, өткеннің ауыр да тағылымды сәттерін қайта еске салды. Бүгінде кейуана әлі де ширақ, белсенді өмір сүруде. Таңғы салқында серуендеуді әдетке айналдырғанын, қимыл-қозғалысты тастамауға тырысатынын айтады. Осындай өмірлік ұстанымның арқасында қазір де ақыл-кеңесін айтып, ұрпағына бағыт-бағдар беріп келеді.
Кездесу соңында Анар Жапабаева жиналған қауымға ақ батасын беріп, елдің амандығы мен ұрпақтың бірлігіне тілектестігін білдірді. Батыр ананың батасы көпшілік үшін үлкен рухани қуат болды. Ардақты әжелер мен батыр аналарды ұлықтау – қоғамның ізгі дәстүрін жаңғырту, тарих пен болашақ арасын байланыстыратын алтын көпір.
Сән мен салттың үйлесімі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен «Әсем киім – әйел ажары» атты мұсылман әйелдерінің сән байқауында ислам талаптары мен ұлттық нақышты үйлестіре отырып, қыз-келіншектердің киіну мәдениеті насихатталды. Сайыста кеңсеге арналған киім, күнделікті образ, спорттық үлгілер және кешкі көйлектер ұсынылды. Шараға қатысқан жас дизайнерлер қазақы болмысты заманауи сән үлгілерімен ұштастырды.
21 жастағы Гүлнұр Бектұрғанова Nurly Collection топтамасын ұсынып, орамал таққан қыздардың да әдемі, заманауи әрі жинақы киіне алатынын дәлелдеді. Аймақтық кезең жеңімпаздары республикалық байқауда өз өңірінің намысын қорғайды. Бұл шара мұсылман әйелдеріне арналған отандық киім үлгілерін дамытуға серпін бермек.
Осылайша, Шымкентте отбасы мен әйелдер құқығын қорғау, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында түрлі тағылымды іс-шара жүзеге асырылып жатыр.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы