Форумға әлемнің түкпір-түкпірінде биік мақсатына жетіп, табандылығы мен еңбегінің арқасында қазақ әйелінің білімді әрі қабілетті екенін халықаралық деңгейде танытып жүрген қандастарымыз қатысады. Оларға түрлі салада әріптестік пен серіктестік орнатып жүрген шетелдік сарапшылар да қосылмақ. Спикерлермен «Бұл форумнан не күтуге болады?», «Мықты әйел» дәрежесіне лайықты тұлғаның бейнесі қандай?», «Шетелде жүріп-ақ қазақ қоғамына, әйелдердің дамуына үлес қосуға не себеп болды?» деген сұрақтар төңірегінде ой өрбіттік. Бұл форум тек тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен бірге қазақ әйелдерінің жаһан деңгейдегі беделін арттыратын маңызды қадам екеніне көз жеткіздік.
Жиынға келетіндердің арасында қаржы саласының маманы Ділек Тастемір-Қалқан бар. Ол Амстердамдағы америкалық компанияның қаржы бөлімінде жұмыс істейді. Оның айтуынша, мықты әйелдер бас біріктірсе, қоғамның болашағын қалыптастыратын ең маңызды қадам жасалып, алынбайтын қамал болмайды.
«Біз әртүрлі елде тұрсақ та, жүрегіміз бір тілде сөйлейді: ол – туған жерге деген сүйіспеншілік, отбасына деген жылу және адамзатқа деген махаббат. Бұл – бәріміздің жүрек түкпіріміздегі ортақ қалау. Мен форумға жас толқынның сенімді әрі мықты болып қалыптасуына жол ашу үшін арнайы келдім. Мықты әйел – қандай жағдайда да тік тұра алатын, отбасы мен Отанына пайдасын тигізетін жан. Қайда жүрсек те, қазақ екенімізді, түркі жұртының ұрпағы екенімізді ұмытпауымыз керек. Өзге елдің тілін, мәдениетін құрметтеу маңызды, бірақ ұлттық болмысты жоғалтпаған абзал. Адамның ең үлкен сүйеніші – кім екенін білуінде және сонымен мақтана білуінде. Жастарды заман талабына сай тәрбиелеу, сонымен қатар ұлттық құндылықтан айырмау – ең маңызды міндет. Егер оларды саналы етіп тәрбиелесек, еліміздің келешегі жарқын болмақ. Қазақ жастары – батыл әрі ақылды. Олар технологияда, өнерде, спортта және ғылымда әлемді таңғалдыра алады, әлі де таңғалдыруға қауқарлы. Себебі бізде Ұлы Даланың еркін рухы мен заманауи дүниенің жарқын идеялары тоғысып жатыр. Осы екеуі жастарға талмас қанат береді. Мен екі қызымды да бір жағынан заманауи қоғамда жетістікке жететіндей, екінші жағынан өз құндылығын сақтап қалатындай етіп тәрбиелеп жатырмын. Ана үшін балаға болашақ сыйлау – ең үлкен міндет. Бұдан бөлек, бар білгенім мен тәжірибемді жастармен бөлісу, Қазақстанды халықаралық аренада мақтанышпен таныту – азаматтық парызым. Қайда жүрсем де, жүрегім әрқашан «қазақ» деп, «Қазақстан» деп соғады», – дейді ол.
Келесі спикеріміз – Мәншүк Сүгірова, Түркия университеттері бойынша кеңесші, білім менторы. Ол Алматы Энергетика және Телекоммуникация университетін «Өндірістік электроника инженері» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін Мәскеуде РФ Президенті жанындағы Халық экономикасы және мемлекеттік қызмет академиясында «Ақпараттық жүйені басқару» мамандығы бойынша MBA дәрежесін алған. Мәншүк шамамен 17 жыл бойы Қазақстандағы халықаралық мұнай компанияларында ақпараттық технологиялар саласында еңбек етті. Бүгінде ол Түркияның Анталия қаласында тұрады. Түркияда өмір мен жоғары білім тақырыбында Harika Türkiye блогын жүргізіп жүрген ол қазақстандықтарға Түркия университеттеріне түсу жолында жан-жақты қолдау көрсететін тәжірибелі кеңесші ретінде де кеңінен танымал.
«Қазақтар бүкіл әлемді таңғалдырады» деп әсірелеудің де қажеті жоқ. Қазір әлем біртұтас жаһандық кезеңге аяқ басты. Ешкім ешкімнің ұлтына қарап таңғалмайды. Қазақ баласы әлемді таң қалдыру үшін емес, өз елін саяси және экономикалық тұрғыдан күшейтуге күш салуы керек. Қазақстанды бизнеске де, туризмге де қолайлы, қалалары таза әрі әдемі, сервис қызметі жоғары дамыған, халқы қонақжай ел ретінде танытсақ, өзгелердің өзі-ақ қызығып келер еді», – дейді Мәншүк.
Түркияда тұрып жатқанына сегіз жыл болған отандасымыз қазір шетелдіктерге қатысты заңның өзгергенін айтады. Сондықтан оқуға келгісі келетін талапкердің міндетті түрде нақты әрі жаңа ақпарат алып, кеңесіп, заңдарын сақтай отырып, қадам жасауы қажет. Ол өз сөзінде тіл мәселесіне де тоқталды.
«Әлеуметтік желіде біраз қыз-келіншекті танимын. Өмірде қазақша сөйлесе де, блогын орыс тілінде жүргізетіндері бар. Ал қазақ тілі – халқымызды біріктіретін ең басты ұлттық құндылық, идея. Ұзақ жыл шетелде тұрғандықтан, менің қоғамға деген көзқарасым көбіне әлеуметтік желі арқылы қалыптасады. Дегенмен желідегі көрініске қарап, асығыс баға беру де дұрыс емес. Бірақ артық шашпалық пен «жұрт не айтар екен?» деген ойға тым берілетініміз жасырын емес. Сырт көзбен қарағанда бұл анық байқалып тұрады», – деп бөлісті ол.
Форум қонақтарының бірі – логист әрі қаржыгер мамандығының иесі, бүгінде Нидерланд Корольдігінің Гаага қаласында тұратын Кәмшат Демеуова. Ол жиынға қатысуға ұсыныс түскенде қуана қабылдаған. Өйткені мұндай үлкен алаңда ой бөлісу – жеке тәжірибе ғана емес, өзгелерге мотивация сыйлау мүмкіндігі екенін атап өтті.
Кәмшаттың пікірінше, «мықты әйел» – тек кәсібінде жетістікке жеткен жан емес. Ол – қиындыққа мойымай, бойында қазақ әйеліне ғана тән қайсар да өжет мінезін сақтаған бүгінгі күннің қаһарманы. Мұндай әйел отбасы, қоғам және ел алдындағы жауапкершілікті қатар алып жүріп, кез келген жағдайда шыдам танытып әрі айналасына жігер береді. Сондай-ақ спикер шетелге қадам басқан әр қазаққа, ең алдымен, нені ескеру қажеттігі жөнінде айтты.
«Ең бастысы – тіл меңгеру мен жаңа ортаға бейімделу қабілетін шыңдау. Шетелде жүріп, қазақ балаларының тілі мен мәдениетін ұмытпай сақтап қалуы қаншалықты қиын екенін көрдім. Сондықтан мен үшін ең өзекті мәселе – «ұлттық тілдің, ұлттық болмыстың сақталуы». Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылығымызды сақтай отырып, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – басты міндет. Сондықтан Еуропада көп жылдан бері тұрсам да екі балам қазақ тілінде жетік сөйлейді. Биыл ұлым Әли Алматыға балаларға арналған жаздық қисса-дастан жаттау лагеріне арнайы барып келді. Меніңше, Қазақстанның артықшылығы – мәдениеті мен бай салт-дәстүрі, қонақжай пейілі. Ал кемшілігі – кейде білім мен еңбек нарығындағы жүйенің толық жетілмеуі, мүмкіндіктің бәріне бірдей әділ ұсынылмауы. Жаңа технология, ғылым, өнер саласында қазақтың баласы күллі әлемді мойындата алатынына сенемін. Жат елде жүрген әр қазақ баласының миссиясы – ең алдымен, Қазақстанды шетелде жақсы қырынан таныстыру болуы шарт, – деп әңгімесін аяқтады.
Форумға қатысушы келесі бір мейманымыз – Англияның Лидс қаласында журналист әрі психолог мамандығын қатар алып жүрген белсенді қазақ қызы, білім саласының эксперті Гүлшекер Хуанбай. Спикер форумда «Әйел және тұлға» тақырыбында ой қозғайды.
«Әйелді ең жақсы әйел ғана түсінеді. Әйелдің проблемасын әйел ғана жақсылап айта алады» дейтін ұстаныммен форумға қатысуға бел байладым. Менің ұғымымда мықты әйелдің өлшемі бар. Ол – өмірде өз орнын тапқан, тұлға болып қалыптаса алған, қоғамға, жалпы адамзатқа кішкентай болса да пайдасы тиетін жан. Әрине, кез келген нәзік жандыны қолымнан келгенше қолдап және байланыс орнатуға дайынмын. Шетелде тұрғысы немесе оқығысы келетін жан елде тіл оқуды ертеңге қалдырмаса екен. Бастысы, өмірдегі бағыты мен мақсатын анықтап алғаны дұрыс. Менің ойымша, әрбір шетте жүрген қазақ жылдар соңында елге оралып, қазақ топырағына табан тірейді. Шетелде тұру – елің мен сенің араңдағы миллиондаған шақырым алшақтық қана. Әйтпесе, тамырымыз, кіндігіміз елде байлаулы. Сондықтан елге пайдамызды тигізсек, шетелде алған білімімізді шамамыз келгенше қазақ қоғамының игілігіне арнасақ деймін. Маңыздысы – шетелде жүрген әр қазақ – қазақ елінің амбассадоры. Сондықтан қара басымызды ғана емес, барлық жағынан қазақты таныту керек. Әрқайсымызға қарағанда «е-ее, қазақ деген осындай халық екен ғой» деген таным-түсінікті беретіндей жауапкершілік арқалап жүргенімізді естен шығармау керек», – дейді Гүлшекер Хуанбай.
Форум аясында тағы бір туған еліне жат жерден мейман болып келген қазақ қызын әңгімеге тарттық. Ол – Махаббат Рамазанова. Португалия елінде Туризм саласында жоғары білікті маман. PhD дәрежесі, халықаралық тәжірибесі бар зерттеуші әрі оқытушы. Махаббат та мықты әйелдерге ерекше құрметпен қарайтынын, жиында ой-пікір алмасып, жаңа идея туғанын жеткізді. Бірнеше еуропа елдерінің (Испания, Португалия, Румыния, Ирландия) жетекші университетінде халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларында бой көрсетіп жүрген қазақ қызының болашағына біз де сәттілік тілеп қойдық.
«Менің ойымша, «Мықты әйел» мәртебесі тек жеке жетістігімен ғана емес, қоғамға тигізген пайдасымен өлшенеді. Өз ісінде табысқа жетіп, айналасына қамқор бола алатын, өз білімін бөлісетін, өзгеге жол ашатын әйел – нағыз мықты жан. Осындай айтулы шарада барша қазақ әйелінің басы қосылғанына қуаныштымын. Қазақ әйелін үнемі қолдауға дайынмын. Мен үшін туған елге үлес қосу – ең алдымен білім мен тәжірибемді бөлісу. Халықаралық жобалар арқылы Қазақстанның жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып жатырмын. Студенттерге жаңа мүмкіндік ашуға тырысамын. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмысымды елдің тұрақты дамуына, туризмді дамытуға және жастардың әлеуетін көтеруге бағыттауды көздеймін», – деді ол.
Қорыта айтқанда, бұл форумның қазақ әйелдері үшін берері мол. Әлеуметтік желі, республикалық медиа платформаларда да ауқымды шараның ұйымдастырылуы, кімдер келіп, қандай мәселелер талқыланатыны да жіпке тізгендей жазылып, халық назарына ұсынылып-ақ жатыр. Бастысы, дүниежүзіндегі мықты қазақ әйелдерінің басын бір арнаға тоғыстыруға шешім қабылдаған ұйымдастырушылардың тынымсыз еңбегі тасада қалмай, оң нәтиже болғай!
Әсел ЖАҚСЫБАЙ,
Қазақстан журналистер одағының мүшесі,
Қазақ радиосының жүргізуші-редакторы