Өйткені онда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер мемлекет басшыларының кеңесі мен «ШЫҰ плюс» саммиті өтті. Жиындарға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Тяньцзиньдағы басқосуларда Қазақстанның баршамен тең деңгейде қарым-қатынас жасауды көздейтінін, бейбітшілікті жақтайтынын, өз даму жолып тапқан ел екенін тағы паш етті.
Негізі, Тяньцзиньдағы жиыннан бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен жеке кездесіп, өзара кеңескен еді. Кездесуде екі елдің өзара қарым-қатынасы, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жолдары жөнінде пікір алмасқан-ды. Мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Сөйтіп, ірі басқосу алдында әркім өз позициясын анықтап алғандай көрінді. Өйткені ШЫҰ соңғы кездері қанатын кеңге жайып, нақты мақсаттарын айқындап алған ұйымға айналып келеді. Оның үстіне, ұйым құрамында төрт бірдей ядролық держава – Қытай, Ресей, Үндістан мен Пәкістан бар. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты 5 мүшесінің екеуі осы ұйымға мүше. ШЫҰ құрамындағы елдер халқының саны 3,5 млрд адамға жеткен. Яғни, әлемдегі барлық адамның тең жартысын құрайды. Ұйым елдері Еуразия құрлығының 65%-ын иеленіп, 35 млн шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Бұл ұйымға мүше 4 мемлекет «ғарыш клубына» енген немесе өз күшімен ғарышқа жер серігін болса да ұшыра алған елдер қатарына қосылған. Әрі бұл ұйымның белді мүшесі әрі осы жолғы жиынды ұйымдастырған Қытай мемлекеті экономикалық қуаты жағынан жаһанда АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр. Сондықтан ШЫҰ-ны жаһанның түрлі жерінде құрылған аймақтық ұйымдардың ішіндегі ең іргелісі деуге болады. Тіпті, бірқатар параметрі жағынан БРИКС-тен де озық тұр. Сөйте тұра, ұйым әзірге қандай да бір әскери-саяси блок болу ниетін таныта қойған жоқ. Бірақ бәрібір жаһандық саясатта салмағы бар екенін байқатып келеді. Ал Тяньцзиньдағы жиын осы саяси салмақты тағы көрсетті.
Көпполярлы әлемнің іргетасы
ШЫҰ мемлекет басшыларының кеңесі мен «ШЫҰ плюс» саммитінің жалпы мазмұнына үңілер болсақ, ұйымға мүше мемлекеттердің басым бөлігі геосаясатта «ағалық» болмауы керек деп санайтын тәрізді. Әр елдің өз даму бағыты, халқының таным-түсінігі, өзіндік ішкі саясаты бар екенін өзгелердің мойындап, қабылдағаны керек дейтін ұстаным байқалады. Өзара әріптестік тең құқылы деңгейде болуы керек. Айталық, Қазақстан алыс-жақын шетелдермен ынтымақтастық орнатарда алдымен өз мүддесін көздейді әрі түрлі шиеленісті БҰҰ жарғысы аясын- да, дипломатиялық жолмен шешуді жақтап келе жатқан ел. Барлық әріптеспен тең деңгейде араласқанды құп көреді. Әскери жанжалдарда қандай да бір тарапты қолдауға ниетті емес. Сондықтан ШЫҰ қатарлы аймақтық ұйымдардың ішіндегі тең әріптестіктен, байсалды, жан-жақты ойластырылған саясаттан үміт күтеді әрі мұндай ұстанымды жақтайды. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздерінен де байқауға болады. Мемлекет басшысы ШЫҰ-ны әлемдік қауымдастық тиімді, ықпалды әрі қажетті халықаралық құрылым ретінде танитынын атап өтті.
– Қазақстан ШЫҰ-ның теңгерімді көпполярлі әлемдік тәртіп орнату, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау және егеменді даму құқығын мойындау, сондай-ақ әділ халықаралық сауда мен өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастық секілді басты мақсаттарын толық қолдайды. Ұйымның басым міндеттері жаңа технологиялық дәуірде халықтарымыздың әл-ауқатын, қауіпсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз етуді көздейді. ШЫҰ жарғылық құжаттарының негізгі қағидаттарын берік ұстана отырып, Қазақстан «үш зұлымдыққа», яғни терроризмге, сепаратизмге және діни экстремизмге қарсы күресте күш-жігер біріктіруді өте өзекті санайды. Біз жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік мүддесі үшін халықаралық ынтымақтастық нышанына айналған «Шанхай рухын» одан әрі ілгерілетуді қуаттаймыз, – деді Мемлекет басшысы. Осылайша, Қазақстан Президенті әріптестіктің «аға-інісіз» болғанын жақтайтынын байқатты. Әрі «үш зұлымдықтың» бірі ретінде сеператизмді атай отырып, БҰҰ қарарларына құрмет көрсетуді, әр елдің аумақтық тұтастығын жақтауды жалғастыра беретінін аңғартты. Соның өзінде БҰҰ мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидаты бірінші орынға шығып, басымдыққа ие болғанын меңзеп отырса керек. Президент бұл ұстанымын 2020 жылдың қазанында нақты түсіндірген еді.
– «Бітпейтін» немесе «ұзаққа созылған» деп танылған аймақтық қақтығыстар БҰҰ Жарғысының қазіргі халықаралық құқықтың қайнар көзі және негізі болып табылатын басты екі қағидатының арасындағы түбегейлі қарама-қайшылықтарды айқындады. Бұл – мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен ұлттардың өз тағдырын өзі таңдау құқығы. Соңғы қағидат мемлекеттер тәуелсіздік алып, отарлықтан құтылған кезде өте өзекті бола түсті. Қазірге дейін әлем өзінің даму бағытын анықтады. Сондықтан бүгінде мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидаты бірінші орынға шығып, басымдыққа ие болды, – деген еді сол кезде. Сөйтіп, аумақтық тұтастық мәселесінде Қазақстанның ұстанымы мызғымас күйде қалғанын аңғартты. Одан бөлек, әлбетте терроризм мен діни экстремизмнің де қауіпті екенін еске салды.
Жалпы, ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесінде Қасым-Жомарт Кемелұлы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын айрықша атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, заңсыз көші-қон, киберқылмыс және басқа да деструктивті үрдістер дендеп тұрған уақытта бұл бағыттың мәні арта түседі.
«Халықаралық қауіпсіздікке төнген мұндай сын-қатерлерге, соның ішінде «үш зұлымдыққа» қарсы бірлесіп қана күресе аламыз. Сондықтан Қазақстан ШЫҰ-ның қауіпсіздік сын-қатерлерімен күрес жөнінде төрт орталық құру бастамасын қолдайды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес арасында іскерлік байланыстарды күшейту маңызды деп ойлаймыз. ШЫҰ елдерін Ауғанстанға гуманитарлық, техникалық көмек көрсетуді жалғастыруға шақырамын. Сол арқылы аталған мемлекетті қалпына келтіріп, өңірлік және экономикалық процестерге қатыстыра аламыз. Қазақстан Ауғанстанның бірқатар инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларының құрылысына кірісті. Бұл ШЫҰ мемлекеттері арасындағы өзара байланысты күшейтуге мүмкіндік береді. Тамыз айының басында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының қатысуымен Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық ресми түрде ашылды. ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерге барлық басым бағытта белсенді аймақтық байланыс орнату және күш-жігерді үйлестіру үшін аталған Орталықтың әлеуетін бірлесе пайдалануды ұсынамыз», – деді Президент.
«Судың да сұрауы» ортақ
Одан бөлек, Қазақстан Президенті ШЫҰ даму банкін құру жөніндегі Қытайдың бастамасына қолдау білдірді. Астана халықаралық қаржы орталығы базасында перспективті инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, заңгерлік, консалтингтік және қаржылық компанияларды шоғырландыратын ШЫҰ Кеңсесін құруды ұсынды. Әрі ШЫҰ аясындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа тоқталды. Оның айтуынша, ұйым құрылған сәттен бері мүше елдердің әлемдік ішкі жалпы өнімдегі үлесі екі есе ұлғайып, 30 пайызға жетті. Ішкі өңірлік сауда да өсіп, былтыр оның көлемі 650 миллиард доллардан асыпты. Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы да тұрақты түрде өсіп, былтыр 70 миллиард долларға жуықтаған.
Президент көлік-транзит саласындағы серіктестікті нығайтуды тағы бір басымдық ретінде атады. Мемлекет басшысы 150-ден астам елдің қолдауына ие болған «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының зор әлеуетін атап өтті. Сонымен бірге «ТрансАлтай диалогы» бастамасының жүзеге асырылуына үлкен үміт артатынын атап өтті.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары технологиялар және цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттігіне назар аударды. Оның айтуынша, бұл істі кейінге қалдыруға болмайды. 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 триллион долларға жетіп, осы сектордың әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін ұлғаяды. Демек, бұл сектордан үлес алуға қазірден ұмтыла берген дұрыс. Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттағы нақты қадам ретінде ШЫҰ-ның жасанды интеллект бойынша тұрақты сарапшылар форумын өткізуді ұсынды.
Қазақстан Президенті кеңесте экология мәселесін де ұмыт қалдырған жоқ. Соның ішінде су ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша тоқталды. «Климат өзгерісі шекара таңдамай, әлемнің көптеген елі мен өңіріне қауіп төндіріп отыр. Нақты қатерлерге, мәселен, шөлейттенуге, құрғақшылыққа, су қоймаларының тартылуына, мұздықтардың еруіне және басқа да экологиялық мәселелерге қарсы күрес стратегиясын бірлесе әзірлеу өзекті. Сондықтан Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды қолдаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Біздің пайымдауымызша, ШЫҰ стратегиясының ішінде дәл осы мәселе күн өткен сайын өзекті бола түседі. Эколог мамандардың болжауына қарағанда, Орталық Азия өңірі келешекте су тапшылығының зардабын тартуы ықтимал аймақтардың қатарына кіреді. Сондықтан оның алдын алуға қазірден қамдану қажет. ШЫҰ аясында арнайы орталық ашуды қолдау арқылы Қазақстан Президенті келешекте төнуі мүмкін қатердің алдын алуды көздеп отырса керек. Әрі дәл осы экология мәселесінде «оңаша бұзау» болмайтынын тұспалдады.
«ШЫҰ плюс»: Астанада басталған формат
Тяньцзиньдағы өткен келесі саммиттің тақырыбы «Көпжақты ынтымақтастықты дамыту, өңірлік қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету» деп аталды. Бұл былтыр Астанада бастау алған «ШЫҰ плюс» форматының жалғасы еді. Қ.Тоқаев саммитте сөйлеген сөзінде, ұйымның халықаралық қоғамдастықтағы өз позициясын айтарлықтай күшейткенін атап өтті. Көптеген мемлекеттің қызығушылығы артқан ұйым қазіргі заманның өзекті проблемалары жөніндегі нәтижелі пікір алмасу алаңына айнала бастады.
«Әлемдегі үрейлі үрдістерді ескерсек, мұның маңызы өте зор. Ол қауіп-қатерлер баршаңызға мәлім. Бұл мәселені қайта айтудың мәні жоқ. Әйтсе де, бір жайтты атап өткім келеді. Аталған жағдайдың себебі мен салдары ұқсас. Яғни, өзара сенім мен әлемдік тәртіптің келешегіне жауапкершіліктің жоқтығы, көпжақты дипломатия мен халықаралық ұйымдардың әлеуетін жете бағаламау осындай ахуал қалыптастырды. Бір нәрсе анық, ешқандай ел қазіргі cын-қатерлерді жалғыз өзі еңсере алмайды. Менің пайымдауымша, мұндай қиын кезеңде Шанхай ынтымақтастық ұйымының күн тәртібі жасампаз әрі оң сипатта болуға тиіс. Ұйым қақтығыс жағдайларын шешуге, әлемді қорғап, мемлекеттердің орнықты дамуына жол ашатын жаһандық диалогты күшейтуге бағытталған стратегиялық шешімдер әзірлеуі керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бірлескен күш-жігер жұмылдыру арқылы қарулы қақтығыстардың ушығуына жол бермеу қажет. Әрі БҰҰ-ны реформалау қажет екенін айтты. «Қазіргідей өте күрделі геосаяси жағдайда БҰҰ-ны әмбебап әрі тәуелсіз құрылым ретінде қолдауымыз керек. Осы орайда БҰҰ-ны, ең алдымен, оның басты органы – Қауіпсіздік Кеңесін реформалайтын уақыт келді. Бұл міндетті орындаудың қиын екенін жақсы түсінеміз. Алайда басқа жол жоқ. Егер бүгінгі басшылар бұл істі атқарудан бас тартса, мемлекеттер БҰҰ-ға сенімін біржолата жоғалтуы мүмкін», – деді Президент.
«ШЫҰ плюс» саммитінде қаржылық, экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастық қатарлы көптеген мәселе талқыланды. Қ.Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Жаһандық басқару бастамасы саммитінде (Global Governance Initiative) халықаралық қоғамдастықтың даму перспективасына қатысты көтерген ұсынысына жоғары баға беріп, оның ұзақмерзімді сипатына назар аударды.
Сондай-ақ Президент климат мәселесіне тағы да айрықша назар аударды. Соның ішінде Каспийдің тағдырына алаңдаушылық білдірді.
«Бүгінгідей беделді форум аясында өте шетін, дегенмен күрделі мәселеге тоқталғым келеді. Бұл Каспий теңізінің мүшкіл халі. Жағдай экологиялық апатқа ұласуы мүмкін. Аталған проблема ШЫҰ аясындағы ұзақмерзімді консультацияның басым бағытына айналғаны жөн. Осы себепті бүгін Астанада ШЫҰ жанынан Су проблемасын талдау орталығын құру туралы ұсыныс айттым. Таяуда Алматыда БҰҰ Бас хатшысының қатысуымен БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған өңірлік орнықты даму орталығы ашылды. Бұл біздің көпжақты дипломатияға бейіл екенімізді көрсетеді. Орайлы сәтті пайдаланып, барлық серіктестерге Өңірлік экологиялық саммитті келесі жылы сәуір айында Астанада өткізу туралы шешім қабылданғанын хабарлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сарапшылар не дейді?
Сөз басында айтқанымыздай, Тяньцзиньдағы басқосуларға әлем назар аударып, түрлі сала маманы мен сарапшы өз пікірлерін білдіріп жатыр. Әлбетте, әркім өз елінің мүддесі тұрғысынан баға берері сөзсіз. Қазақстандық мамандар да ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесі мен «ШЫҰ плюс» саммитінде айтылған ұсыныстарды талқылап жатыр. Айталық, шығыстанушы Жанат Момынқұлов Си Цзиньпиннің жаһандық басқару бастамасы Қазақстанның сыртқы саясатымен үндес екенін айтты.
Бір сөзбен айтқанда, ШЫҰ-ның Қытайда өткен 25-ші саммиті сарапшыларға әлі де біраз уақыт «азық» болатын түрі бар. Ал біз Қазақстан халықаралық ұйым жұмысының күшеюінен ұтпаса, ұтыла қоймайды деп пайымдадық.
Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,
шығыстанушы, ЕҰУ оқытушысы
Қытайдың бұл жаһандық басқару бастамасы – Си Цзиньпиннің жаһандық даму, қауіпсіздік және өркениет тақырыбындағы алдыңғы ұсыныстарының қисынды жалғасы. Оның қағидаттары сырттай алғанда халықаралық құқық пен БҰҰ нормаларына сүйенеді. Жаңалық деңгейі аса жоғары болмаса да, бастама Қытайдың әлемдік тәртіпті қалыптастырудағы рөлін күшейтуге бағытталған және оны Азиядағы ықпалды ойыншы әрі Глобалды Оңтүстіктің қорғаушысы ретінде көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бұл бастама Қытайдың АҚШ-тың гегемонизміне, сауда соғыстары мен тариф саясатына, АҚШ пен ЕО-ның протекционистік шараларына және Тынық мұхиты аймағындағы ҚХР-ды тежеуге бағытталған одақтарға қарсылығын білдіретін құрал ретінде де қарастырылуы мүмкін. Алайда мұны БҰҰ немесе ДСҰ сияқты институттарды алмастыру талпынысы деп емес, Қытайға ең көп пайда әкелген әлемдік сауда жүйесіндегі тең және кедергісіз экономикалық ынтымақтастық дәуірін қалпына келтіруге ұмтылыс ретінде бағалауға болады.
Қазақстан үшін бұл бастама көпжақты дипломатияны нығайту, инвестиция тарту және көлік-логистика дәліздерін дамытуға жаңа серпін беруі ықтимал. Мемлекеттердің тең құқықтылығы қағидаты Тоқаевтың сыртқы саяси ұстанымдарымен үндес келеді, бірақ оның нақты іске асу тетіктері анық емес.
Сонымен бірге ойланарлық тәуекелдер де бар: бастама Қытайдың құрлықтағы және теңіздегі ықпалын арттыру құралына айналуы мүмкін, ал Қытай мен Батыс арасындағы шиеленістер Қазақстанды геосаяси қысым аймағында қалдыру қаупін тудырады. Бастаманың толыққанды іске асуына қатысты институционалдық белгісіздік те сақталып отыр.
Қазақстан осындай жағдайда көпвекторлы саясатын сақтап, халықаралық құқық пен теңгерімді ынтымақтастықты қолдау арқылы өзінің дербес дипломатиялық ұстанымын нығайта алады. Астана келіссөздер алаңы, көлік-логистика торабы және бейбіт бастамалардың орталығы ретіндегі тәжірибесін пайдаланып, бастаманың конструктивті элементтерінің дамуына үлес қосуы мүмкін.
Қорытындылай келе, Қытайдың бұл бастамасы Қазақстан үшін жаңа дипломатиялық маневрлер мен мүмкіндіктерге жол ашса да, ұлттық мүдде, рухани тұтастығы мен болашағы және көпвекторлы тәуелсіз саясатты сақтаудың маңызы арта түседі.
Амангелді ҚҰРМЕТ