Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев Үкіметке депутаттық сауал жолдап, әлеуметтік қызметкерлердің еңбек жағдайы мен жалақысын жақсартуды ұсынды. Депутат осы мәселе бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа сауал жолдады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, елдегі әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы жағдай алаңдатарлық күйде.
«Еліміздегі ерекше балалармен жұмыс істейтін, оларды емдейтін, жаттықтыратын, күн сайын жүздеген баланы арнайы мекемеде, кейбірін үйіне барып оқытатын мыңдаған маман бар. Бірақ ерекше баланы қатарға қосу үшін жанын салатын қызметкерлерге ерекше жағдай жасап, жұмыскерлерді жоғары жалақы алатындардың қатарына қосу қиямет-қайым қазір», – деді депутат.
Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, Астана қаласындағы «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 640 бала ем алып жатыр, бірақ мұнда еңбек ететін 160 қызметкердің орташа жалақысы небәрі 180 мың теңге. 2024 жылы аталған орталықтан 53 қызметкер жұмыстан кетсе, биылғы жылдың алғашқы жартысында тағы 28 маман жұмыстан шыққан.
«Жалақы көтерілмесе, жағдай оңалмайды. Бұл бір ғана мысал. Еліміздегі барлық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы жағдай осындай», – деді ол.
Депутат сонымен қатар бас қаладағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барғанын айтып, ондағы қызметкерлердің айлығы 110 мың теңгеден аспайтынын жеткізді.
«Бір орталыққа 900 ата-әже қаралады. Ішінде бала-шағасы тастап кеткен ата-әжелер бар, оларды көргенде жүрегің қан жылайды. Қамкөңіл қариялардың жағдайын жасайтын әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 110 мың теңге. Салдарынан ол жаққа ешкім жұмысқа бармайды. Бұл еліміздегі барлық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына тән жағдай екенін еске саламын», - деп нақтылады депутат.
Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Үкіметке бірқатар ұсыныс енгізді.
- Үкіметтің 1193 бұйрығын өзгертіп, Күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкерлердің, әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттардың, орта медицина қызметкерлерінің (ЕДШ нұсқаушысы, массажист) (жалпы әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің) жалақысын көтеру керек;
- Әлеуметтік саладағы мамандарға 18 күнтізбелік күнге дейін (барлығы 48 күнтізбелік күн) қосымша демалыс енгізу қажет;
- Денсаулық сақтау және әлеуметтік салада қызмет ететін педагогтерді білім беру жүйесіндегі педагогтермен теңестіру керек;
- Үй жағдайында қызмет ететін күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкерлер, әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттар мен бөлім меңгерушілеріне жұмыс уақытын аптасына 30 сағаттан аспайтындай етіп бекіту қажет;
- Әлеуметтік қызметкерлер мен азаматтық қызметшілер үшін: төмен пайыздық мөлшерлемемен, бастапқы жарнасы төмен жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларды әзірлеп енгізу керек;
- Әлеуметтік қызметкерлерді жалға берілетін тұрғын үйді алатындар тізіміне қосу қажет;
- Әлеуметтік сала мен азаматтық қызмет саласы қызметкерлерін мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысу үшін басым санаттарға енгізу керек.