Батыс Қазақстан облысында белгісіз бір әйел 2000 жылы туған қызын "қайтыс болды"деп қабылдап, оны жерлеген екен. Бірақ 25 жылдан кейін оның қызы тірі екені белгілі болады. Сөйтсе, ол АҚШ-та тұратын болып шығады. Оқиғаның қашан және қалай болғаны жайлы Aikyn.kz сайты аталған шолуда "Уральская неделя" басылымының материалына сүйене отырып тоқталады.
2000 жыл. Трагедияның басталуы
2000 жылы Ақжайық ауданынан 27 жастағы Қарлығаш Орал қаласындағы № 3 перзентханаға жоспарлы операцияға кесарь тілігін жасату үшін жеткізіледі. Операция өте ауыр өтеді. Сөйтіп, ауыр наркоздан оянған соң, Қарлығашқа баласының құрсақ ішінде қайтыс болғаны туралы хабарланады. Оған нәрестенің мәйіті беріліп, күйеуімен бірге оны туған ауылында жерлейді. Енді олардың отбасында ең үлкен баласы, яғни бес жыл бұрын дүниеге келген ұл ғана қалады...
Америкадан келген хабар
2024 жылғы қарашада Карлығашқа халықаралық телефон арқылы «Сіздің қызыңыз тірі, ол Америкада тұрады» деген хабарлама келеді. Алғашында өз-өзіне сенбеген ана біраздан соң өз қызының даусын естиді...
25 жылдан кейінгі алғашқы кездесу
Биыл 28 тамызда Оралда Карлығаш пен оның күйеуі 25 жылдан кейін алғаш рет қызын көріп, аэропорттан қарсылап алады. Ал қыздың аты-жөнін анықтауға көмектескен дүние – оны асырап алған америкалық отбасы сақтап келген нәрестеге тағылған анасының аты-жөні, өзі туралы ақпарат жазылған белгі. Қазір қыз АҚШ-та өсіп-өніп, магистр дәрежесін алып, психолог мамандығын меңгеріпті.
Бұл кімнің әрекеті және бұған кім кінәлі?
Ішкі істер органдарының айтуынша, қазір аталған іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Перзентхана бастығы, медбике және АХАЖ қызметкері күдікті ретінде аталады. Бірақ ең қызығы, сол кезеңдегі туғандарды тіркеу туралы архивтік құжаттар жойылып кеткен. Сонымен қатар күдіктілер «Карлығаш баласынан өзі бас тартқан болар» деп айтады, бірақ оралдық ананың өзі мұны толық жоққа шығарып отыр.
«Мен ешқашан қызымнан бас тартпадым»,-дейді ол.
«Ақиқат әрқашан өз жолына оралады»
Қарапайым кездесуді әлеуметтік желіде бөліскен "Қазақстандағы әйел заңгерлер" қауымдастығының және БҰҰ ұлттық құқық сарапшысы Лейла Онлаш: «Осындай қылмыстар жалғыз адамның қолынан келе бермейді. Яғни, бұл жерде тұтас желі бар. Ата-анасы тірі бола, нәрестені сату — жай қылмыс емес, тағдырды ұрлау. Текті, ұрпақты ұрлау. Бұған қатысы барлар заң мен адам алдында жауап беруі қажет. Шындық әрқашан өз үйіне өз жолымен оралады»,- деп жазды ол.