Рақымшылық – ізгілік қағидасы

Биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас бостандығынан айырылған жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына назар аудару туралы ұсынысын басшылыққа ала отырып, Парламенттің бір топ депутаты Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында рақымшылық жасау туралы заң жобасын әзірледі.

23 маусымда Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев сот­­­талған адамдарға рақым­шы­лық жариялау туралы заңға қол қойды. Құжатқа сәйкес, Конс­ти­туцияның 30 жылдығына орай 15 мыңнан аса адамға ра­қым­шылық жасалатын болды. Олар­дың 2 мыңы бостандыққа шық­са, қалғандарының жаза мер­зімі қысқартылмақ.

– Онша ауыр емес және ауыр­лығы орташа қылмыс жа­са­ғандар ғана рақымшылыққа ілі­неді. Ең алдымен, әлеуметтік жа­ғынан осал топқа жататын адам­дарға, яғни баласы бар әйел­­дерге, егде адамдарға, кә­ме­лет жасына толмағандарға жә­не осы санаттағы басқа да аза­маттарға кешірім беріледі, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы мұ­ны жа­за басқан жан­дар­ға жасалған нақ­ты көмек, олар­дың қоғамға қай­та оралуы­на жағдай жасау деп түсіну қа­жеттігін атап айт­ты.

Қазақстан Республика­сы­ның ІІМ Қылмыстық-атқару жүйе­сі комитетінің 2024 жылғы 18 шілдедегі есебінше, еліміздің 78 түзеу мекемесінде 37 мыңнан ас­там адам жазасын өтеп жа­тыр. Олардың 93% ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сот­тал­ған болса, 45% қасақана қыл­мыс жасағаны үшін соттал­ғандар.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракция­сының мүшесі Үнзила Ша­пақтың айтуынша, Қазақ­стан­дағы қылмыстық-атқару жүйе­сіндегі жағдай қанағатта­нар­лық болғанымен, кейбір түзету ме­­кемелерінің толып кет­кені байқалған.

– Қазір қылмыстық-атқару жүйе­сіндегі жағдайды тұрақты түр­де жақсарту және ре­фор­ма­лау шаралары қабылдануда, ме­кемелер жаңғыртылуда, қай­та әлеуметтендіру бағдарла­ма­лары енгізілуде. Еліміз БҰҰ-ның «Нельсон Мандела ере­­­­желері», Еуропалық қылмыстық-атқару ере­желері, Бала құқықтары ту­ра­лы конвенция және басқа да ха­лықаралық стандарттарға сәй­кес ұстау жағдайларының адам­гершілікке сай болуын, адам қадір-қасиетіне құр­мет­пен қарауды, отбасыны қор­ғау­ды, медициналық көмек пен білім алу құқығын қамтамасыз етуді көздейді. Қазақстан бұл та­лаптарды, әсіресе әлеуметтік қол­дау мен осал топтарды қор­ғау бөлігінде, жүзеге асыру ба­ғы­тында қадамдар жасауда, – де­ді депутат.

Оның айтуынша, рақым­шы­лық жасаудың негізгі мақ­саты – қылмыстық саясатты із­гілендіру және қоғамға ай­тар­лық­тай қауіп төндірмейтін сот­талғандар санын азайту. Сон­дай-ақ рақымшылықтың, ең алдымен, әлеуметтік тұр­ғы­дан осал санаттарға бағытталуы – бұл бір мезгілде мейірімділік қағи­датын жүзеге асыруға және түрме жүйесіне түсетін жүкте­ме­ні азайтуға мүмкіндік береді.

Елімізде қылмыстық сая­­­сатты ізгілендіру мақса­тын­да тәуелсіздік жылдарында сот­талған адамдарға 9 рет ра­қым­шылық жасалса, нәти­же­сін­де жалпы саны 58 000-ға жуық адам бостандыққа шы­ғып, 11 000-нан астам адамның жа­за мерзімі қысқартылыпты.

                                                                      коллаж: Елдар ҚАБА

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партия­сы фрак­циясының мүшесі Абзал Құс­панның пікірінше, бұл жол­ғы рақымшылыққа ілі­ге­тін­­­­дердің саны өзге лекке қа­ра­ғанда әлдеқайда көп, мем­лекет тарихындағы ауқымды қадам болмақ.

«Әрбір үшінші, тіпті одан да көп адамға осы рақымшылық ак­тісі қолданылады. Соңғы төрт рақымшылық туралы ай­тайын. 2006 жылы Тәуелсіздік кү­ніне байланысты 5 579 адамға амнистия жасалған. 2012 жылы Тәуел­сіздіктің 20 жылдығына орай – 3 702 адам, 2016 жылы Тәуел­сіздіктің 25 жылдығына орай – 5 010 адам, 2021 жылы Тәуел­сіздіктің отыз жылдығына орай 2 470 адамға рақымшылық қол­данылған екен. Енді 15 мың­ның үстіндегі адамға қол­да­­­нылғалы отыр. Бұл жолғы ра­қымшылық заңының ерек­ше­лігі сол – сан жағынан бұдан бұ­рын жарияланған рақым­шы­лық заңдарына қарағанда әл­де­қайда көп адам санын қамтып отыр», – дейді ол.

Қазір амнистияға іліккен­дер­дің алды босап шығып жа­тыр. Шілде айында Солтүстік Қа­зақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №50 ме­кемесінен Қазақстан Рес­пуб­ли­касы Конституциясының 30 жыл­дығына орай жарияланған амнистия аясында сотталған әйел бірінші болып бос­тан­дық­қа шықты. Қылмыстық ко­декс­тің 108-бабы бойынша сот­тал­ған 43 жастағы әйел 9 ай мер­­­­зімге бас бостандығынан айырылған екен. Оның жаза мерзімі ра­қым­шылыққа сәйкес 7 айға қыс­қартылып, ол мерзімінен бұ­рын бостандыққа шықты. 

Биыл рақымшылыққа ілігетіндердің өңірдегі көр­сеткіші әртүрлі. Алдын ала болжам бойынша, Ақмола об­лысында – 500, Қостанай об­лы­­­сында – 300, Ақтөбе облы­сын­да – 200, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында – 675, Шығыс Қазақстан облы­сын­да – 405, Қарағанды және Ұлы­тау облыстарында – 700-ге жуық адамға рақымшылық жа­са­лады деп күтілуде. Дегенмен сала мамандары жалпы босап шық­қандардың арасында қайта қыл­мыс жасайтындар кезіге­ті­нін айтады. Сондықтан жалпы изоляцияда болған бұл азамат­тарды ортаға бейімдеп, жұ­мыс­қа орналастыру үшін пси­хо­ло­гия­лық көмек ауадай қажет. Мем­лекет бостандыққа шық­қан­дарды қайта әлеуметтендіру үшін Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Қылмыстық-атқару ко­дек­сі, «Пробация туралы» заңы, сон­дай-ақ Еңбек кодексі мен әлеуметтік заңнаманың нор­ма­лары шеңберінде қолдау көр­се­теді. Пробациялық бағдар­ла­ма­лар аясында жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, уақытша тұрғын үй беру, әлеуметтік және пси­хо­логиялық қолдау қарас­ты­рыл­­ған. Сонымен қатар «Ра­қым­шылық жасау туралы» заң­ға сәйкес, жергілікті ат­қару­шы органдар бостандыққа шық­қандарға әлеуметтік құ­қық­тық көмек беріледі.  

Соңғы жылдары мемле­кеттік органдар үкімет­тік емес ұйымдармен және жер­­гілікті атқарушы орган­дар­мен бірлесіп рақым­шы­лық­қа ілік­кендерді қоғамға қайтару бағ­дарламаларын іске қосты. Қоғамнан оқшауланып, изоля­ция­да болған адамдардың қор­ша­ған ортаға тез бейімделіп кетуі өте күрделі мәселе. Ра­қым­­шылық шарасының бір­ден-бір мақсаты – қылмыстық саясатты ізгілендіру және мейі­рім­ділік қағидатын жүзеге асы­ру десек, кешірім қағидаты – із­гілік, адамгершілік екені сөз­сіз. Ал Абай хакімнің «Адам ба­ласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның заман­да­сының бәрі виноват» деген өсие­тін ескерсек, сүрініп кетіп, қайта тұрған тағдырларды қол­дап, қорғаштау бәріміздің адам­шылық қасиетіміз болмақ.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ