Конституция – өмірімізді өзгертетін тетікке айналуға тиіс

1995 жылғы 30 тамызда республикалық рефе­рен­думда қабылданған және 2022 жылғы 19 қыркүйекте өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Қазақстан Республикасының Консти­туциясына 30 жыл толды.

Еліміздің негізгі Заңына өз­герістер енгізу туралы мәселені неге Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалпыхалықтық ре­ферендумға шығаруға шешім қабылдады?

Негізі, қазақстандықтардың өмі­рі 2022 жылғы қаңтардағы оқи­­ғаларға дейін және одан кейін болып екіге бөлінді. Бұ­рынғы билік моделі өз мүмкін­дігін то­лықтай тауысып болғаны анық байқалды, енді рефор­ма­лар жасалуы сөзсіз еді. Сон­дық­тан Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаң­ғыру жолы» атты Қазақстан хал­қына Жол­дауында ауқымды конститу­ция­лық реформаны ұсынды.

Реформаның басты идеясы – бүкіл билік Мемлекет бас­шы­сының қолында шоғырланған «суперпрезиденттік» республи­кадан бас тартып, орнына күшті әрі тәуелсіз Парламенті бар, үкіметі халыққа есеп беретін теңгерімді президенттік рес­публикаға көшу.

Конституция – қатып қал­ған құжат емес. Оның күші мә­тінге емес, оның іс жүзінде ­қа­­лай жұмыс істейтініне бай­ла­нысты. Дамыған демокра­тия­лық елдерде де ол уақыт қысымы мен қоғамның сұранысы жағ­да­йында өзгереді. Егер консти­ту­циялық реформалар тарихына көз жүгіртсек, елімізде респуб­ликалық референдум арқылы Конс­титуция тек бір рет – 1995 жы­лы қабылданғанын көреміз. Осыдан кейін Конституцияға бес рет түзетулер енгізілді – 1998, 2007, 2011, 2017 және 2019 жылдары. Бұл өзгерістер аза­матт­ардың тікелей қатысуына және қоғамдық пікірге сүйен­бей, Парламент арқылы қабыл­данды. Бұл іс жүзінде бір тұл­ға­ның бақылаусыз супербилігіне алып келді. 

2022 жылы біз Консти­ту­ция­ны жетілдірудің саналы қа­жет­тілігін бірлесе түсінудің алдында тұрдық. Бұл маңызды, себебі Мем­лекеттің негізгі Заңына ен­гізілген түзетулер тек ауқымды­лығымен ғана емес, сондай-ақ мазмұнының тереңдігімен де ерекшеленді. Ондай мазмұнсыз Мемлекет басшысы жариялаған Жаңа Қазақстанды құру үшін толыққанды заңнамалық база жасау мүмкін емес еді.

Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформалар іргелі сипатқа ие болды. Бұл реформалар қо­ғамның саяси жүйені демо­кра­тияландыруға бағытталған ұзақ жылдар бойғы сұранысынан туын­дап, азаматтарға мемле­кеттік шешімдерге ықпал етуге және қазіргі заманғы Қазақ­станды құруға тікелей қатысуға мүмкіндік беруді көздеді. Осы тұста, «2022 жылы енгізілген конституциялық түзетулердің қайсысы қоғам өміріне тікелей әсер етті?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Ең алдымен, түзетулер елдегі биліктің ұйым­дастырылуы мен өкілеттіктердің қайта бөліну мәселелеріне қа­тысты жүзеге асырылды. Ал Конституция талаптарын жүзеге асыру үшін бүгін қандай заң­намалық бағыттарды қабылдау қажет дегенге тоқталар болсақ, менің пікірімше, біріншіден, 6-бапқа енгізілген түзету ма­ңызды қадам, бірақ онда белгілі бір толық түсіндірілмеген тұстар бар. Егер болашақта мемлекеттің жер қыртысы мен табиғи ре­сурс­тарды халық атынан қалай басқаратыны туралы арнайы конституциялық заң әзірлен­бесе, бұл норма көркем, бірақ декларативті әрі мазмұнсыз сөз болып қалуы мүмкін.

Мұндай заң мына мәселе­лерді нақты реттеуі керек: та­биғи ресурстардан түсетін та­быстар қалай қалыптасатыны, олар қалай бөлінетіні, қоғамның бақылау механизмдері қалай жұмыс істейтіні туралы нақты шешімдер керек. Екіншіден, мемлекеттік қызметшілер тек мемлекетке ғана емес, халыққа да қызмет етуге тиіс. «Халыққа қызмет ету» принципі Консти­туцияға енгізілген, алайда заң­дарда ол жоқ. Мемлекеттік қыз­метшілер көбінесе қоғамнан гөрі жүйеге жұмыс істейді. Осы­ған байланысты «Қазақстан халқының қызметі туралы» жеке заң қабылдау қажет деп есеп­теймін, ол мемлекеттік аппа­раттың жұмыс принциптерін қайта құрып, міндетті түрде ашық есептілік, кері байланыс және жауапкершілік меха­низм­дерін енгізуге тиіс.

Осы заң жобасында «құлақ асатын мемлекет» ұғымын нақ­ты анықтау қажет, өйткені ол заңмен реттелмеген. Статис­ти­каға сәйкес, 2024 жылы e-Oti­nish арқылы 4,5 миллион өтініш тіркелді, оның ішінде жергілікті атқарушы органдарға түскен сұраулардың үлесі тек 6% болды. Осылайша, халық әділеттілікті әлі де орталық деңгейден іздеп отыр, өңірлік деңгейде емес. Сонымен бірге «тыңдау» деңгейі жоғары болғанымен, халықтың сұрауларына берілген жауап­тардың тиімділігі қанағаттанар­лықсыз, бұл қайталанған өті­ніштердің көбеюіне әкеледі. Көп жағдайда нақты шешімдер орнына жауаптар формалды түрде жазылып шығады. Үшін­шіден, Қазақстан Республи­ка­сының дамуындағы негізгі ­қа­ғидалардың бірі ретінде көр­сетілген 1-баптың 2-тарма­ғына назар аудару қажет деп есеп­теймін, онда «...бүкіл ха­лық­тың игілігін көздейтін экономи­калық даму...» туралы айтылған. Өмір көрсеткендей, бұл қағида толық орындалмайды, ал оның толық игілігін негізінен олиго­полистер мен өте бай адамдар пайдаланатынын Президент атап айтып берді. Бірақ мәселе шешілмеген күйінде қалып отыр. Мысалы, World Inequality Database деректеріне сәйкес, Қазақстандағы ең бай 1% халық елдің барлық қаржылық актив­терінің 55%-ына иелік етеді, оның ішінде банк депозиттері, жылжымайтын мүлік, бизнес активтері және шетелдік инвес­тициялар бар. Сол уақытта ел­дегі орташа халықтың 50%-ы елдің мүлкін тек шамамен 5%-ына ғана иелік етеді. Бұл қол­даныстағы заңдардың негізінен жоғарыда аталған бір пайыздық топтың баюына жағдай жасап, соларға бағытталғанын көр­сетеді. Яғни, Конституцияның негізгі қағидалары бұзылып отыр деген сөз.

Айта кету керек, ЖІӨ өсімі халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейінің өсуін нақты көрсетпейді. Мысалы, үкіметтің деректері бойынша 2024 жыл­дың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның ЖІӨ-сі 6,2%-ға өсті. Халықаралық валюта қо­рының мәліметі бойынша, Қа­зақстан посткеңестік кеңістікте жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша көшбасшы болып та­былады (14,77 мың АҚШ дол­лары). Бұл көрсеткіш Ресейдің (14,26 мың АҚШ доллары) және Қытайдың (13,69 мың АҚШ дол­лары) көрсеткіштерінен де жоғары! Алайда халықаралық өмір сүру сапасы рейтингінде Қазақстан 2024 жылдың қоры­тындысы бойынша 88 елдің ішінде 77-орында тұр.

Егер 2029 жылға дейін мини­малды жалақы индексациясыз 85 мың теңге болып қалатын болса, онда ол ЖІӨ-нің жо­ғарыда аталған көрсеткіштері­мен айқын сәйкес келмейді. Осы жағдайдың себебі неде деген заңды сұрақ туындайды. Менің ойымша, бұл барлық үкіметтердің Конституцияда белгіленген негізгі қағидаларды жеткілікті деңгейде сақтама­уы­мен байланысты. Орын алған жағдайды түзету үшін үкіметке қабылданған барлық әлеумет­тік-экономикалық бағыттағы заңдар мен нормативтік-құқық­тық актілерді, соның ішінде жер­гілікті атқарушы органдар­дың өңірлік деңгейде қабылда­ған шешімдерін негізгі Заңға сәйкестігі тұрғысынан қайта қарап, өзектендіру қажет.

Конституцияның кейбір бап­тарына қатысты қарама-қай­шы түсініктер мен жүзеге аспа­ған нормалар да бар, оларды ма­мандардың зерттеуі қажет. Бұл біздің Конституциямыздың әле­уеті әлі толық ашылмағанын көр­сетеді. Сондықтан заң ғылы­мы үшін, әсіресе негізгі Заңның басты қағидаларын толығырақ әрі тереңірек ашу мақсатында, нормативтік актілер жүйесін жетілдіру бойынша кеңауқым­ды жұмыс бар. Сонда ғана заң ал­дындағы барлық адамның тең­дігі туралы норма не үшін жа­зылған деген сұрақтар туын­дамайды. Бұл – негізгі қағида, яғни кез кел­­ген нормативтік-құ­қықтық акт құқықтық қатынас­тар субъек­­­тілері үшін ұқсас жағ­дайлар­да болжамды, ұқсас және түсінік­­ті салдарларды қам­туы тиіс, ал егер айырмашы­лық­тар немесе ерек­шеліктер болса, олар ақылға қо­нымды сипатта болуы керек.

2022 жылы өткізілген рес­пуб­­ликалық референдумда қа­былданған конституциялық өз­­­герістер – бұл тек сыртқы өз­­ге­рістер емес, саяси жүйенің нақты қайта құрылуы және тү­бе­гейлі өзгеріс нүктесі. Көп жыл­дан бері алғаш рет аза­мат­тарға еліміздің Конституцияның қандай болу керектігін тікелей шешу мүм­кін­дігі берілді. Мен бұл қадам халықтан шыққан биліктің шынайы Қа­зақстанды құруға жасаған маңызды қа­дам деп санаймын. Бүгінде Конс­ти­туция нормалары декла­рация болып қалмай, шын мә­нінде халықтың өмірін өзгер­туі – бәрімізге және өзімізге бай­ла­нысты.

Еділ МАМЫТБЕКОВ,

Қазақстан Республикасының Парламенті

Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі