«Кітап оқитын ұлт» жобасы іске қосылды

Шымкентте қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, жастар мен ересектердің оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы басталды. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді. Ол тұрғындарды осы игі бастаманы қолдап, белсенді қатысуға шақырды.

Атырауда өткен Ұлттық құ­рыл­тайдың ІІІ отырысында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деп атап өткен болатын. Осы үндеуді қол­дау мақсатында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төра­ғасы Ерлан Қошанов «Кітап оқи­тын ұлт» атты республикалық жо­баның ресми басталғанын жа­риялады.Жобаны қолдаған ал­ғашқы өңірлер қа­тарына Қара­ғанды, Қостанай об­лыстары және Шымкент қаласы енді.

– Шымкент – тек респуб­ли­калық маңызы бар мегаполис қа­на емес, ол – тарихы терең, мәдениеті бай, білім саласының дәстүрі қалыптасқан шаһар. Сондықтан дәл осындай маңызы зор жобаның біздің қалада жүзеге асуы заңдылық, – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Жобаға мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орны студенттері, ұстаздар, отбасылық әулеттер мен мемлекеттік қызмет­керлер қатысады. Қатысушылар «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» номинациялары бо­йынша бақ сынайды.

Барлық қатысушыға ортақ талап – жауапты министрліктер мен сарапшылар іріктеген 15 кітапты оқу. Мәселен, 6-10-сынып оқушылары үшін әр сыныпқа бөлек 15 кітаптан, жалпы 75 туынды ұсынылған. Бұл тізімге «100 кітап» жалпыұлттық сауал­намасында таңдалған шығармалар да енген. Жалпы алғанда, қазақ тілінде 150, орыс тілінде 150 кітап қарастырылған.

Партия байқауының жеңім­паздары қомақты қаржылай сый­лыққа ие болады. Пилоттық жоба аясында үш аймақта 100 мыңнан астам адам қамтылмақ. Ал келесі жылдан бастап жоба еліміздің барлық өңірінде жүзеге асыры­лады.

Жобаны «AMANAT» партия­сы мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастыруда. Бас демеушісі – ALAGEUM ELECTRIC компаниясы.

– Кітап – білім мен шабыттың сарқылмас қайнары. Ол көкжие­гіңді кеңейтеді, тұлғаңды қалып­­тас­тырады, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Кітапқа деген сү­йіс­пен­ші­лік – бәрімізге ортақ жақсы дәс­түрге айналсын! – деді қала әкімі.

Бұл бастама тек байқау немесе жоба ғана емес, ұлт болашағына бағытталған үлкен қадам. Кітап оқуға қызығушылықты арттыру арқылы ой-өріс кеңейіп, білімге құштар жас буын қалыптасады. Шымкенттен бастау алған «Кітап оқитын ұлт» жобасы ел көлемінде кеңінен қолдау тауып, қоғамда оқырмандық мәдениетті жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.

Әсет ҚАЛИ