Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты ғылыми-практикалық конференцияда сөз сөйледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордағы сілтеме жасап.
– Бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Осыдан 30 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Бұл егемен еліміз үшін тарихи сәт болды. Баршаңызға құтты болсын деймін. Шын мәнінде, Ата заңнан биік ештеңе жоқ. Себебі Конституция – мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры, Тәуелсіздігіміздің айнымас темірқазығы. Қазақ – Ұлы дала заңына бас иген, ар-ұяттан аттамаған халық. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы – нағыз дала заңының жарқын үлгілері. Осы дәстүр ешқашан үзілген емес, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазіргі Ата заң тарихи жолдан өткеніне тоқталды.
Өткен ғасырдың басында қазақ зиялылары бұл іске елеулі үлес қосты. Кеңес заманында еліміздің құқықтық іргетасы қаланды, білікті заңгерлер шоғыры пайда болды.
1993 жылы егемен Қазақстанның алғашқы Ата заңы бекітілді, мемлекетіміздің конституциялық құрылымы айқындалды. Бірақ көп ұзамай жаңа тарихи ахуалға сай келетін жаңа Конституция қабылдау қажет болды. Осыған орай, арнайы кеңес құрылды, оған бір топ белгілі отандық заңгер мүше болып, белсенді жұмыс жүргізді. Шетелден шақырылған сарапшылар да осы маңызды іске атсалысты. Ата заңымыздың жобасын талқылауға миллиондаған азамат қатысты, мыңдаған ұсыныс келіп түсті.
– Конституция туралы айтқанда, тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды еңбегіне әділ баға беру қажет. Ол Конституция қабылданған кезде Мемлекет басшысы ретінде шешуші рөл атқарды. Осылайша, 1995 жылы 30 тамызда Тәуелсіздік төлқұжаты, яғни, Конституция қабылданды. Еліміздің басты заңына «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...» деген сөздер жазылды. Конституциямыз Тәуелсіздігімізді нығайтуға зор ықпалын тигізді, еліміздің одан әрі дамуына даңғыл жол ашты», – деді Президент.
Президент Әділетті Қазақстанды құру процесін енді ешкім тоқтата алмайтынын атап өтті.
- Еліміздің саяси жүйесінде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орнықты. Бұл билікте өзара тиімді байланыс пен тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік берді. Президенттің жеті жылға бір рет қана сайлануы ел тарихындағы аса маңызды саяси-құқықтық бетбұрыс деп айтуға толық негіз бар. Себебі мұндай жағдай Қазақстанда бұрын-соңды болған емес. Осылайша, елімізде биліктің бірегей үлгісі пайда болды, яғни, мемлекеттік басқару жүйесі жаңа қағидаға сай жұмыс істей бастады, сол арқылы мемлекеттегі саяси үдерістер әлдеқайда түсінікті, болжамды, айқын бола түсті. Нақты айтқанда, Президенттің жақын туыстарына билік жүйесінде лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды. Биліктегі отбасылыққа тосқауыл қойылды. Бұл да өте қажетті қадам болды. Халықтың осы шешімі – аса маңызды саяси-құқықтық жаңашылдық, әлемде баламасы жоқ конституциялық инновация, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2019 жылдан бері біз кезең-кезеңімен бірнеше саяси реформа жүргізіп, саяси жүйені дәйекті түрде жаңғыртылғанына тоқталды.
- Осы залда отырған азаматтардың көбі сол үлкен өзгерістердің бел ортасында жүрді. Ашығын айтқанда, біз біршама кедергіге тап болдық. Саяси ортаның белгілі бір бөлігі қоғамды жаңғыртуды көздейтін бастамаларымызға күмәнмен қарады, тіпті қабылдай алмады. Бүгінде біз таңдаған стратегиялық бағыттың дұрыс екеніне көзіміз жетті. Бұл елімізді өркениетті қоғам құру жолына бастайды. 2022 жылы өткен референдум ұлтымызды бұрын-соңды болмаған деңгейде ұйыстырып, мемлекет алдындағы стратегиялық міндеттердің төңірегіне топтастарды. Азаматтарымыздың жаңа саяси бағдарды бірауыздан қолдауы алға ілгерілеуден басқа жол жоқ екенін айқын көрсетті. Тарихи өлшем тұрғысынан өте қысқа уақыт ішінде қоғам саяси кемелдік пен азаматтық жауапкершілікті күшейтетін іргелі өзгерістерді бастан өткерді. Әділетті Қазақстанды құру процесін енді ешкім тоқтата алмайды. Өткенге оралуға, ең алдымен, еліміздің жастары жол бермейді. Білімді жас ұрпақ келешекке көз тігеді. Олар Қазақстанды жаңа заманның талабына сай келетін өркениетті мемлекет ретінде көргісі келеді, - деді Президент.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.