Конституция – тұрақтылық кепілі

Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, ол елдің қоғамдық және мемлекеттік құрылымын, сайлау жүйесін, мемлекеттік органдардың ұйымдастырылуы мен қызмет етуінің принциптерін, азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттерін айқындайды.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің XII ша­қырылымындағы IX сессиясында қа­был­данды. Бұл Конституция құрылымы жағынан кіріспеден, 4 бөлімнен, 21 тарау­дан және 131 баптан тұрды. Оған Қазақстанның мемлекеттік егемендігін алған сәттен бастап қабылданған көп­теген құқықтық, яғни халық егемендігі, мемлекеттің тәуелсіздігі, билік тармақ­тарына бөліну принципі, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде танылуы, Пре­зиденттің Мемлекет басшысы ретінде мойындалуы, сондай-ақ  Жоғарғы, Кон­с­титуциялық және Жоғарғы Арби­траж­дық соттар сияқты сот органдары және басқа да нормалар енгізілді.  

Кейін еліміздің басты құжаты қайта жасалып, жалпыхалықтық референдумда талқыланғаннан кейін 1995 жылғы 30 тамызда жаңа Конституция қабылданды. Дәл осы күн Қазақстан Республикасының Конституциясы күні болып жарияланып, мемлекеттік мереке ретінде аталып өтуде. 

2025 жылдың тамызында Консти­туцияның қабылданғанына 30 жыл тола­ды. Конституцияның мерейтойы – бұл тек оның даму кезеңдерін еске алатын күн  емес, сонымен қатар бұл өзгеріс­тер­дің Қазақстан мен оның азаматтарының болашағына қалай әсер ететінін ой еле­гінен өткізетін сәт.

1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалық­тық референдумда қабылданған Негізгі Заң – қазақстандық қоғамның құқықтық қаңқасын қалыптастырды. Тәуел­сіз­дік­тің алғашқы жылдарында Қазақстанда қоғамдық ұйымдар құрылып, дамып, нығая бастады. Азаматтық қоғамның қалыптасуы елдегі аса күрделі әлеумет­тік-экономикалық жағдайда өтті.

Мемлекет 30 жыл бұрын қабылданған Конституцияға сәйкес, инклюзивті қо­ғам­ды, яғни қатысу қоғамын қалып­тас­тыру үшін үнемі мүмкіндіктер жасауға тиіс еді. Сонымен бірге мұндай жүйе қоғамнан, әлеуметтік топтардан, үкімет­тік емес ұйымдардан кері байланыс, бастамашылық, үн қосу және белсенді­лікті талап етеді. Олар да өз мойнына кө­бірек жауапкершілік алуы керек. Мем­лекет қоғамның өмір сүруін қамта­ма­сыз ететін негізгі факторлар мен көр­сеткіштерді – қауіпсіздік, ішкі саяси тұрақтылық, әлеуметтік осал топтарды қорғау, қылмыспен күрес, құқықтық тәртіп және қорғаныс қабілетін  сақтауы тиіс. Ал қалған барлық салада азаматтық қоғамның қатысуы мен тартылуы қажет. Конституцияны қорғау тек мемлекеттің  емес, азаматтық қоғамның да міндеті болуы тиіс. ҮЕҰ, кәсіподақтар, БАҚ, саяси партиялар, діни бірлестіктер мен түрлі жеке және қоғамдық бастамалар тек идеяларды білдіріп  қоймай, оларды ілгерілетуге де атсалысуы керек.

Билік құрылымдары мен азаматтық қоғам арасындағы әлеуметтік-саяси әріптестік халықтың өз өкілеттігін сеніп тапсырған тұлғаларға деген жоғары деңгейдегі сенімін, сондай-ақ биліктен шығатын шешімдерді баршаға ортақ игілікке бағытталған әрекет ретінде қабылдап, оларды орындауға дайын­дығын білдіреді. Бұл тұрғыда Конфуций­дің өсиетін еске алуға болады: «Мемле­кет­те азық-түлік те, қару-жарақ та, халық­тың билікке сенімі де жеткілікті болуы тиіс. Қажет болған жағдайда неден бас тартуға болады? Азықтан да, қарудан да бас тартуға болады, бірақ сенім болмаса – мемлекет тұра алмайды». Қазіргі сарапшылар халықтың билік институттарына деген сенім деңгейін «сая­си капитал» деп атайды. Соңғы 30 жыл ішінде біз тәуелсіз Қазақстанның та­рихын жазып келеміз, оның Консти­туциясының басты басымдығы – Ата Заңның гуманистік бағыттылығы. Бұл көп нәрсені аңғартады. Қазақстан Рес­пуб­ликасы Конституциясында адам мен азаматтың құқықтық мәртебесіне бас­ым­дық берілген. Адамның құқықтары мен бостандықтары туылған сәтінен бастап абсолютті және ажыратылмайтын деп танылады. 

Сонымен қатар Конституцияның едәуір бөлігін мемлекеттік билік орган­дары арасындағы саяси қатынастар құ­рай­ды. Бұл қатынастар билік құрылым­дарын қалыптастырумен қатар, билік тар­мақтарының арасындағы тежемелік және тепе-теңдік жүйесін де қамтиды. Мем­лекеттің тұрақты жұмыс істеуі кон­сти­туциялық нормалардың уақыт тала­бы­на қаншалықты сай келуіне байла­ныс­ты. Алайда тарих пен қазіргі тәжірибе көрсеткендей, саяси конъюнктураға біржақты бейімделу саяси-эконо­ми­калық және әлеуметтік шығындарға әкеліп соғуы мүмкін.

Еліміздің Конституциясына 1998, 2007, 2011, 2017 және 2019 жылдары өз­герістер енгізілді. 2022 жылғы 5 маусымда Конституцияға өзгерістер бүкілхал­ық­тық референдум арқылы енгізілді. Сол кезде Қазақстан халқына арнаған үндеу­інде Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев рефе­р­ен­думның Қазақстан тарихындағы маң­ызды кезеңге айналғанын, ұлттың шынайы өзгерістерге дайын екенін және реформаларды қолдайтынын көрсет­кенін атап өтті. Қазақстан азаматтары жаңартылған Конституцияны қолдап дауыс беріп, суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламенті бар пре­зиденттік басқару жүйесіне өтуді мақұл­дады. Бұл түзетулер қатарында прези­денттің жақын туыстарының саяси мем­лекеттік қызметтер мен квазимемле­кеттік сектор субъектілерінің басшысы лауазымдарын атқаруына тыйым салу; азаматтардың Конституциялық Сотқа тікелей жүгіну құқығы; өлім жазасына тыйым салу; Мәжіліс депутаттарын ара­лас сайлау жүйесі бойынша сайлау; Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясының Мә­жілістегі квотасын жою және Сенаттағы президенттік квотаны қысқарту; мажо­ри­тар­лық жүйе бойынша сайланған депутатты сайлаушылардың еркімен кері шақыру тәртібі қарастырылды. Барлығы 56 түзету енгізілді.

Конституциядан Тұңғыш Прези­денттің ерекше рөлі мен артықшы­лық­тары туралы ережелер алынып тасталды. Олардың бірі – президенттік өкілеттіктің шектеусіздігі екені белгілі. Қазіргі за­манғы көптеген президенттік республи­када жоғары мемлекеттік лауазымдарға өкілеттік мерзімі шектелген. АҚШ-тың демократия тірегі ретіндегі саяси дәстүрі 1947 жылы Конституцияға 22-ші түзе­тудің қабылдануымен заң жүзінде бекіт­ілді, бұл түзету 1951 жылы ратифика­ция­ланды және президенттік қызметті екі мерзімнен артық атқаруға тыйым сала­ды. Бұл түзетуді қолдаушылар, егер мұн­дай шектеу болмаса, президенттік билік бірте-бірте диктатураға айналуы мүмкін екенін алға тартты.

Қ.Тоқаев Президенттің өкілеттік мер­зімін қайта сайлану құқығынсыз жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Мемлекет басшысының бұл ұсынысты негіздеген уәждері мынадай: бір жағы­нан, жеті жыл – кез келген ауқымды бағ­дарламаны жүзеге асыруға жеткілікті уақыт, ал екінші жағынан, президенттік мандатты бір мерзіммен шектеу Прези­денттің жалпыұлттық дамудың страте­гиялық міндеттерін шешуге толықтай бағытталуын қамтамасыз етеді. Мемле­кет басшысы ұсынған бұл конститу­ция­лық жаңашылдық биліктің монополия­лану қаупін едәуір төмендетіп, оны қал­ып­тастыру мен жүзеге асырудың өркениетті қағидаттарын орнықтырады, сайлаушылардың сенімін арттырып, саяси тұрақтылық пен қоғамның орнық­ты дамуын нығайтады. Осылайша, Пре­зидент биліктің қосымша тетіктері мен қысқамерзімді ықпалдан гөрі мемле­кеттің ұзақмерзімді мүдделерін жоғары қойып, шешім қабылдауда ашықтық қағидаттарына адалдығын көрсетті. 

Біздің еліміздің Негізгі Заңының түбе­­гейлі қағидаттары мызғымас болып табылады – бұл қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игі­лігі үшін экономикалық даму, қазақстан­дық патриотизм, мемлекеттік өмірдің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу. Бұл қағидаттар – әмбе­бап, өзгермейтін және кез келген уа­қыт­та, кез келген жағдайда қолдануға болады. Даму жолынан және көзделген мақсаттан ауытқымау, қабылданып жат­қан шешім­дер мен іс-қимылдарды Қ­а­зақстан Рес­публикасының Конститу­циясында бекі­тіл­ген түбегейлі қағидат­тармен үнемі салыстырып отыру маңыз­ды.

Зарема ШАУКЕНОВА,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері