Заманауи медпункт ашылды

«AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру Батыс Қазақстан облысында жүйелі түрде жалғасуда. Жол картасы аясында Жаңақала ауданына қарасты Қырқопа ауылында тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салтанатты түрде ашылды.

Нысанның ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Утешов, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орын­басары Афиза Семғалиева, Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев, медицина саласының ардагерлері, мекеме басшылары және ауыл тұрғындары қатысты. 

«Біздің өңірде 50 медициналық нысан салу жоспарланған болатын. Бүгінде оның 49-ы пайдалануға берілді. Бұл ауыл халқының денсаулығын нығайтуға, аурулардың ерте кезеңде анықталуына, сондай-ақ балалардың, жүкті әйелдер мен қарт кісілердің сапалы медициналық көмек алуына үлкен септігін тигізеді деп сенеміз», – деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Утешов.

Жаңа бір қабатты ғимарат заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Онда қабылдау бөлмесі, физиотера­пия кабинеті, фельдшер бөлмесі, залалсыз­дандыру, екпе салу және ем-шара бөлмелері қарастырылған. 

Бұл медициналық пункттің ашы­луы – ауыл тұрғындарына көрсетілетін медицина­лық көмектің сапасы мен қолжетімділі­гін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Енді ауыл халқы алысқа бармай-ақ заманауи әрі қолайлы жағдайда медициналық қызмет ала алады.

Елнар ЕЛТАЙ