Aikyn.kz судың дымқыл еместігін bgr.com сайтының материалына сүйеніп түсіндіреді.
Көптеген ғалымдардың пайымдауынша, дымқылдық дегеніміз – сұйықтықтың қатты беттерге жабысып қалу қабілеті. Бұл қасиет судың заттарды дымқыл етуіне мүмкіндік береді. Бірақ бұдан судың өзін дымқыл деп айта алмаймыз.
Философтар бұл мәселе бойынша ортақ пікірге келе алмай отыр. Біреулері: егер адамдар суды сипаттауда «дымқыл» деген сөзді қолданса, онда су дымқыл деп есептеледі дейді. Ал басқалары: дымқыл болу – бұл сұйықтықты сіңіру, жабысу күйі екенін айтады. Бірақ сұйықтық өзін сіңіріп, жабыса алмайтындықтан, ол өзі дымқыл бола алмайды дейді.
Когезия мен адгезия – дымқылдықты түсінудің кілті. Физика мен химия заңдары тұрғысынан алғанда, когезия (өзара тартылу) мен адгезия (басқа бетке жабысу) ұғымдарын түсіну өте маңызды.
Когезия – су молекулаларының бір-біріне тартылуы. Бұл тартылыс сутектік байланыстар арқылы жүзеге асады. Әр су молекуласы көршілес төрт молекуламен байланыс түзеді. Нәтижесінде су тамшысын ұстап тұратын торлы құрылым пайда болады. Бұл күш судың беттік керілуді тудырып, су тамшыларының формасын сақтауға көмектеседі. Беттік керілу күшінің көмегімен кішкентай жәндіктер судың бетімен жүреді.
Адгезия – судың басқа беттерге жабысуы. Су қатты бетпен жанасқанда, адгезиялық күштер молекулаларды сол бетке тартуға итермелейді. Кейбір беттер суды оңай сіңірсе (мысалы, әйнек), басқалары (мысалы, тефлон) суды кері итереді. Нәтижесінде су домалақ тамшы түрінде қалады.
Неліктен кейбір беттер басқаларға қарағанда дымқылырақ болады? Судың өзіне және басқа бетке әсер ету қабілеті – когезия мен адгезия арасындағы тепе-теңдікке байланысты. Осы себептен ғалымдар судың өзі дымқыл ма деген сұраққа нақты жауап бере алмай отыр. Қазіргі ғылыми консенсус бойынша: дымқылдық – судың өзіне тән қасиет емес. Ол тек басқа нәрсемен әрекеттескенде пайда болатын күй. Яғни, су өзін жабыстыра алмайтындықтан, ол дымқыл бола алмайды.
Суланудың, ылғалданудың шеттік бұрышы деген не? Беттің судан кейін қаншалықты дымқыл болатыны суланудың шеттік бұрышына (contact angle) байланысты. Су тамшысы – сұйық сфера сияқты. Бұл сфера қатты бетке тиіп тұрған кезде, белгілі бір бұрыш жасайды.
Егер бұрыш 90 градустан төмен болса – су бетті жақсы сіңіріп, дымқыл жасайды.
Ал бұрыш 90 градустан жоғары болса – бет гидрофобты саналады. Яғни, суды кері итереді.
150 градустан жоғары бұрыштар супергидрофобты деп есептеледі. Бұндай беттерде су домалап кетеді, мүлде сіңбейді.
Ғалымдар судың осындай қасиеттерін нанотехнологиялар арқылы пайдаланып, су өтпейтін материалдар жасап шығаруда.
Сонымен, су дымқыл ма? Ғылым бұл сұраққа «жоқ» деп жауап береді. Су өзі дымқыл емес, тек басқаны дымқыл жасай алады. Алайда күнделікті өмірде біз оны дымқыл деп сипаттай береміз. Сондықтан философиялық тартыстарда бұл мәселе әлі де ашық мәселе болып қалуда.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.