Партияның Түркістан облыстық және қалалық филиалдары, қалалық мәслихаттағы фракция мүшелері, Түркістан қалалық оқушылар сарайы бірлесіп өткізген іс-шара аясында 60 балаға мектепке қажетті сөмкелер мен мектеп киімдері табысталды.
Жалпы, бүгінгі акция шеңберінде қала мектептеріндегі жартылай жетім балаларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған оқушыларға, көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік тұрғыда осал топтарға жататын отбасылардың балаларына көмек көрсетілді. Аталған санаттарға жататын 100 баланың тізімін партия өкілдері қала мектептерінен жинақтап, көрсетілген көмектің мақсатты болуын үйлестірді. Қалған 40 балаға алынған сөмкелер мен мектеп киімдері олардың отбасыларына жеткізілетін болады. Акцияда «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева, Түркістан қалалық мәслихатының және партияның қалалық филиалының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, Түркістан қалалық оқушылар сарайының директоры Индира Икапова сөз алып, балаларды білімді болуға шақырып, сәтті оқу жылын тіледі. «AMANAT» партиясы жыл сайын осы акцияны өткізу арқылы балаға қуаныш, ата-анаға сенім сыйлап жатқаны айтылды. Бүгінгі балалар еліміздің ертеңгі үміті екеніне назар аударған партия өкілдері, мыңдаған оқушыларымыздың қатарынан Түркістанның тұғырын бекемдейтін перзенттер көптеп шығатынына сенім білдірді.
Акция шеңберіндегі сыйлықтарды сондай-ақ Түркістан қалалық мәслихатының депутаттары мен партияның Түркістан қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сұлтанхан Тәштеев табыстады.
Елнар ЕЛТАЙ