Маңғыстау аудандық орталық ауруханасының директорының орынбасары О.Мұқанова амбулаториядағы кейбір медициналық аппараттардың және жылыту қазандығының жұмыс жасауы үшін 380 квт энергия қажеттігін айтты. Тартылған электр энергиясының күші жетпегендіктен, осы аппараттардың істен шығу қаупі болатындығын жеткізді. Сонымен қатар ғимарат орналасқан аумақта орталықтандырылған кәріз жүйесі, салқындатқыш, өрт сөндіруге және ауызсуға арналған қоймалар қарастырылмаған. Жағымсыз иіс болғандықтан әжетхана жүйесін қайта қарау қажет екендігі анықталды. Қабырғалардың ішкі, сыртқы сылақтары түсе бастаған. Жақында жауған жаңбырдан төбесінен су кеткен, суағар салынбаған.
Маңғыстау аудандық орталық ауруханасының директоры И.Серікбаев құзырлы органдарға барлық кемшіліктер толық баяндалған хат жолдап, ғимаратты пайдалануға берместен бұрын санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сай екендігін анықтайтын арнайы сертификатталған мекеме мамандарына тесертуді сұраған.
«AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық жұмыс тобы осы мәселенің шешілу барысын бақылауға алды.
Елнар ЕЛТАЙ