Жуырда ғана әлеуметтік желідегі парақшаларда картонның үстіне жатып, далаға түнеп жүрген баланың суреті тараған еді. Сол суретті көріп, көпшіліктің назары ауып, баланың көршілері де дабыл қаққан еді. Қазір ол бала Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында, ал қарындасы балалар үйіне қабылданды. Күні кеше қалалық мәслихат депутаты Айжан Сәрсембаева баламен сұхбаттасып, болған мән-жайды өзінің әлеуметтік желідегі парағына жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
«14 жастағы К. tсімді жасөспірім – биылғы жылдың 20 тамыз күні, далада ұйықтап жатқандығы туралы желіге тараған еді. Дер кезінде полиция және отбасын қолдау орталығына хабарланып, балалар Атырау облысы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы мемлекеттік мекемесіне, қарындасы балалар үйіне қабылданды. Осыған дейін осы мекемеде 2 ай болған, Атырау қаласы әкімі жанындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия қаулысымен ата-ана құқығынан шектеу қаулысы сотқа жіберілгенмен, сот шешімі бойынша анасына қайтарылған. К. жағдайын біліп, көмек беру мақсатында бейімдеу орталығына бардық. Бақылау: көңіл күйі жақсы, қарым-қатынасқа еркін түсе алады, өз ойын айту және сұрақтарға жауап беру барысында ашық айта білді», – дейді депутат.
Сонымен қатар сұхбаттасқан А.Сәрсембаеваның сөзінше, бала анасының денсаулығына алаңдаулы екенін және оған әкесі кінәлі екенін айтып отыр.
«Сұхбат: сол түні таңғы сағат 7-ге дейін мопед көлігінің құрылғысын үйден іздеген, таба алмаған соң подьезд алдына шыққан, мопед моторы қызбаған соң басы ауырғанын біледі, содан кейін не болғаны есінде жоқ. Қазіргі уақытта анасына, яғни үйіне барғысы келеді. Қарындасы және анасымен қарым-қатынас үзіліп қалуына алаңдайтынын айтты. Орталықта ұйықтай алмай жүргенін, ұйықтаған кезде жағымсыз түстер көретінін айтты. Бірақ орталық педагог-психологі тәрбиешілермен байланыста екенін, жақсы ұйықтап жүргенін айтты. Әкесіне ренжулі, анасының қазіргі денсаулығына әкесін кінәлайды. Айтуынша, анасы үйде денсаулығына байланысты қозғалыссыз жағдайда болғанмен, анасының достары және үйдегі ағасы азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр дейді», – деп жазды Атырау қалалық мәслихат депутаты.