Шілдеден бастап дербес кассациялық сотқа бес мыңға жуық арыз-шағым түскен

Азаматтардың мемлекеттік органдармен арадағы даулар бойынша құқығын қорғау шеңберінде әкімшілік органдар мен лауазымды тұлғалардың 2,6 мың актісі (57 пайыз) заңсыз деп танылды.

Президент Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, – деп хабарлайды Аikyn.kz.   

Мемлекет басшысына биылғы жеті айдағы сот жүйесі қызметінің қорытындылары жөнінде баяндалды. Асламбек Мерғалиев азаматтық істер бойынша дауларды шешудің баламалы әдістерін қолдану 24 пайызға, яғни, 61 мыңнан 76 мыңға дейін өскенін айтты. 

Олардың қатарында медиация, бітімге келу мен татуластыру рәсімдері бар. 

Азаматтардың мемлекеттік органдармен арадағы даулар бойынша құқығын қорғау шеңберінде әкімшілік органдар мен лауазымды тұлғалардың 2,6 мың актісі (57 пайыз) заңсыз деп танылды. 

Қылмыстық іс жүргізуде конституциялық құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ету шаралары туралы мәлімет берді. 

Атап айтқанда, тергеу соттарының қамауға алуды санкциялаудан бас тарту үлесі 23 пайыздан 37 пайызға өсті. Ақталған азаматтардың саны (жеке айыптау істерін қоспағанда) 59-дан 88-ге жетті. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылғы 1 шілдеден бастап дербес кассациялық сот жұмыс істей бастады. Алғашқы айдың өзінде аталған мекемеге 5 мыңға жуық арыз-шағым түскен. 

Президент халықтың сот жүйесіне сенімін нығайту және сот төрелігінің сапасын арттыру жұмыстарын жалғастырудың маңызды екенін атап өтті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM   арнасынан табасыз.