Ведомствоның мәліметінше, зардап шеккен қыз бала медициналық авиация арқылы аудандық ауруханадан Семей медицина университеті госпиталінің балалар бөлімшесіне жеткізілген.
«Жарақатының ауырлығына және тасымалдау кезінде өміріне қауіп төндіру ықтималдығына байланысты бірден облыс орталығына жеткізу мүмкін болмады. Үнемі бақылау мен тексерулерден кейін жағдайы әуекөлігімен тасымалдауға жарамды деп танылып, Семейге жеткізу туралы шешім қабылданды.
Семей медицина университеті госпиталінің дәрігерлері, атап айтқанда, госпиталь директорының педиатрия жөніндегі орынбасары, Абай облысының штаттан тыс бас анестезиологы Дулат Каримов және балалар травматологиясы бөлімінің меңгерушісі, облыстың штаттан тыс бас нейрохирургі Жасұлан Асетов алғашқы күннен бастап Үржар аудандық ауруханасында көмек көрсетіп, баланы облыс орталығына жеткізді», – делінген хабарламада.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қазіргі уақытта университет госпиталінде заманауи құрылғылардың көмегімен зардап шеккен баланың жағдайы жан-жақты тексеріліп, тиісті емдеу шаралары жүргізіліп жатқанын айтты.
Ол анестезия, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, жол-көлік оқиғасынан жарақат алған үш баланың екеуі 20 тамызда Үржар аудандық ауруханасынан санитариялық авиация бортымен Астанадағы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына жеткізілген болатын.
Ал тоғыз жасар қыз бала Абай облысының бас штаттан тыс анестезиолог-реаниматологының бақылауымен жағдайы тұрақталғанға дейін стационарда қалған.
Естеріңізге сала кетейік, жол-көлік оқиғасы 19 тамызда Toyota автокөлігінің 55 жастағы жүргізушісі рульге ие бола алмай, үй қақпасының жанында тұрған балаларды қағып кеткен.
Салдарынан кәмелетке толмаған екі бала оқиға орнында көз жұмса, біреуі ауруханаға бара жатқан жолда қаза болған. Олардың жасы 2-7 жас аралығында. Ал жарақат алған тағы үш бала ауруханаға жеткізілген. Олардың жасы 6-9 жас аралығында. Зардап шеккендер екі отбасының балалары.
Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалған. Медициналық сараптама оның жол апаты кезінде масаң күйде болмағанын көрсеткен. Қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, оқиға орнына зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсету үшін бортында нейрохирург, травматолог және реаниматолог секілді мамандар бар Қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көлік авиация ұшағын жіберді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.