Aikyn.kz туған жерінен қоныс аударуға асыққан халықтың қиын жағдайын zmescience.com сайтының материалына сүйеніп түсіндіреді.
Тынық мұхитында орналасқан Тувалу өзінің тыныш мүйістерімен (лагуна) және бірлігі күшті халқымен ежелден танымал болған. Алайда теңіз деңгейінің көтерілуі оның азаматтарын күрделі таңдау алдында қалдырды. Қайда қоныстану керек, баспана табу, тіпті өмір сүру мәселелері күрделі түйінге айналды.
2023 жылдың соңында Тувалу мен Аустралия Фалепили одағы туралы келісімге қол қойып, әлемдегі тұңғыш «климаттық виза» бағдарламасын іске қосты. Осы бастама аясында жыл сайын 280 тувалулық азаматқа Аустралияда тұрақты тұруға рұқсат беріледі.
Бағдарламаның алғашқы кезеңі 18 шілдеде аяқталды және оған сұраныс күшті болған. Виза алуға қатысу үшін 8750-ден астам адам тіркелген. Бұл Тувалу халқының 80%-нан астамы. 25 шілдеде алғашқы топ таңдап алынды.
Тувалу тоғыз маржан аралынан тұрады және халқы 11 мыңнан сәл асады. Ел теңіз деңгейінен бар болғаны екі метр биіктікте орналасқан. Толқындардың күшеюі, дауылдардың жиілеуі және жағалаудың эрозиясы Тувалуды климаттық дағдарыстың алдыңғы шебіне шығарды. NASA мәліметінше, 2023 жылы мұнда теңіз деңгейі соңғы 30 жылдық орташа көрсеткіштен 15 см жоғары көтерілген.
Егер теңіз деңгейінің өсу қарқыны сақталса, 2050 жылға қарай елдің басым бөлігі, соның ішінде ел астанасы Фунафути қаласы да су астында қалуы мүмкін. Елдегі маңызды инфрақұрылым нысандары, тұщы су көздері мен егістік жерлер жойылу қаупінің алдында тұр.
Визалық бағдарлама жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, көшу қиындықсыз болмай тұр. Аустралиядағы өмірге бейімделу көптеген тувалулықтар үшін оңайға соққан жоқ. Мысалы, Батетеба Аселу атты тувалулық әйел қазір Мельбурнде докторантурада оқып жүр. Ол күйеуі мен балаларымен бірге төрт жыл бұрын қоныс аударған.
«Бұл өте күрделі әрі уақытты қажет ететін процесс. Отбасы, мектептегі достар және рухани байланыстар біз үшін шешуші рөл атқарады», – дейді ол The Guardian басылымына берген сұхбатында. Қиындықтарға қарамастан, ол мәдени мұраны сақтап қалуға үмітпен қарайды.
Аустралиядағы тувалулық диаспора да осындай ойда. Балалық шағында көшіп барған Фрейзел Уале Тувалу толқындарының қорқынышын ұмытпаған. Бүгінде ол өз болашағын Аустралиямен байланыстырады:
«Біз дәстүрлі билеріміз бен әндерімізді жалғастырудамыз, мәдениетімізді осында да 100% сақтаймыз».
Ал кейбіреулер үшін виза – жақсы өмірге бастайтын жаңа мүмкіндік. «Австралияда жұмыс істеп, өмір сүріп, отбасын өсіру мүмкіндігі – бұл арман», – дейді Квинсленд штаты Маунт-Айза қаласына қоныстанған тувалулық ана Лени Малуа-Матака.
Аустралия Тувалуға көмек ретінде 150 миллион доллар бөлді. Үкімет жаңа мигранттарға жұмысқа орналасуға жәрдем беруді және цифрлық сауаттылыққа үйретуді қолға алуда.
«Көпшіліктің өтініш бергені – барлығы көшкісі келеді дегенді білдірмейді. Бұл виза көптеген мүмкіндіктер ашады және тіпті елде қалғысы келетіндер үшін де белгілі бір қорғау тетігін қамтамасыз етеді», – дейді.
Болжам бойынша көші-қон алдағы жылдары қарқын ала түспек. Басқа Тынық мұхиты мемлекеттеріндегі ағындармен қоса, жыл сайын халықтың шамамен 4%-ы қоныс аударуы мүмкін. Он жыл ішінде бұл көрсеткіш 40%-ға жетуі ықтимал. Кейбірі уақытша немесе біржола елге қайта оралуы мүмкін.
NASA деректеріне сәйкес, әлемдік мұхит деңгейі біз күткеннен де жылдам өсуде. 1993 жылдан бері жыл сайынғы өсім екі есе артқан. Мексика шығанағы сиықты кейбір аймақтарда теңіз орташа деңгейден үш есе жылдам көтерілген. Ғалымдар бірінші болып бұл қауіппен шағын арал мемлекеттері бетпе-бет келетінін ескертуде.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.