Төрдегі төрелік пен босағадағы береке аман болса – мемлекет те еңсесін тік ұстайды. Алайда өкінішке қарай, соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кең етек жаюы қоғамның берекесіне сызат түсіргені ащы да болса шындық. Ыдыс-аяқ сылдырының жиі естілуі бір шаңырақтың ғана емес, тұтас елдің тыныштығына көлеңке түсірері хақ. Әсіресе, «жабулы қазан» күйінде қалып, сырт көзге білінбегенімен, іштен ірітетін мұндай қасірет талай отбасының шаңырағын ортасына түсіріп, сүттей ұйыған берекесін айрандай төккені жасырын емес...
Дегенмен мемлекет те бұл түйткілге көз жұма қараған жоқ. Заңды қатайту, құқық қорғау жүйесін күшейту, әлеуметтік бастамаларды енгізу – барлығы да отбасы институтын қорғауға, қоғамдағы тыныштықты сақтауға бағытталып отыр. Бұл ретте Ақмола облысында жүзеге асып жатқан тың тәжірибелер – бүкіл елге үлгі боларлықтай қадамдар десек артық айтпаспыз.
Мәселен, биыл Ақмола облысында отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтар саны 62,9 пайызға өсіп, былтырғы 54 деректен 88 жағдайға дейін жетіп жығылған. Әуелде бұл үрейлі көрінгенімен, астарына үңілсек – заң талаптарының күшейгенінің, құқық қорғау органдарының ұсақ-түйекті елемей, барлығын нақты қылмыстық іс ретінде қарастыра бастағанының айғағы болып отыр.
Өйткені былтырдан бастап «ұрып-соғу» мен «денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» баптары әкімшілік жауапкершіліктен алынып, Қылмыстық кодекске енгізілген-ді. Бұл – мемлекет тұрмыстық зорлықты «отбасының өзара шаруасы» деп емес, қоғамның тыныштығына төнген қатер деп бағалай бастағанын көрсетеді. Заңның қаталдығы – жәбірленушінің құқығын қорғаудың басты құралына айналған.
Мәселенің өзектілігін ескере отырып, Ақмола облысының прокуратурасы биылғы 30 наурызда Үйлестіру кеңесін ұйымдастырған. Кеңесте қоғамды алаңдатқан мәселеге бей-жай қарамай, нақты шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, жұмыссыз азаматтарды еңбекке тарту арқылы тұрмыстық жанжалдың алдын алу, маскүнемдік пен нашақорлықтан зардап шегетіндерді уақтылы мәжбүрлі емдеуге жіберу, жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құқықбұзушыны сотқа дейінгі тергеу барысында уақытша оқшаулау сияқты қоғамның аса өзекті мәселелерін шешу жолдары мен тетіктері дөп басылыпты.
Бұл қадамдар – жай қағаз жүзіндегі шешім емес, нақты нәтижесін беріп отырған пәрменді шаралар десек қателеспейміз. Қылмыстық кодекстің 108-1 және 109-1-баптарына сәйкес, енді отбасындағы күш көрсетуші уақытша оқшауланып, жәбірленушіге қауіп төндірмейді. Бұл – отбасылық берекенің қалқанына айналған жаңа тәжірибе екені сөзсіз.
Қоғамда болып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ең үлкен себебі – ішімдік екені белгілі. Ішімдікке салынған жанның қолы – отбасының берекесін бұзып, сөзі – шаңырақтың шаңын шығарады. Осыған орай Жарқайың және Сандықтау аудандарындағы орталық ауруханаларда арнайы айықтыру палаталары ашылыпты.
Мұнда масаң күйде тыныштықты бұзған азаматтар оқшауланып, есін жиғанша арнайы ем қабылдайды. Бұл тәжірибе біртіндеп өзге аудандарға да енгізіліп жатқаны мәлім болды. Яғни, мемлекет тек жазалаумен шектелмей, түпкі себебін жоюға, алдын алуға күш салып жатқаны байқалады.
Сонымен қатар Ақмола облысында жүзеге асқан ерекше бірегей жоба – «Зиялы Қауым» десек артық айтпаспыз. Бұл – заң мен ұлттық дәстүрдің тоғысқан тұсы. Ата-бабамыздан қалған «ақсақалдың сөзі – тоқтам, үлкеннің ақылы – орынды» деген ұстанымды қайта жаңғыртып, құқық қорғау ісіне кіріктірілген еліміздегі тұңғыш бастама.
Жоба аясында облыстың 20 ауданындағы 589 ауылда шамамен 300 мың тұрғын жұмылдырылған. Әр ауылда абыз ақсақалдардан құралған комиссиялар құрылып, құқық қорғау органдарымен бірге қоғамдық тәртіпті нығайтуға барынша атсалысуда.
Нәтижесі де аса таңғаларлық. Соңғы бір жылда 589 ауылдың 98-інде бірде-бір қылмыс тіркелмеген болып шықты. Ал 35 ауылда тұрғындар өз еркімен ішімдік ішуден мүлдем бас тартқан. Бұл – ұлттық салт-дәстүрдің қоғамды түзетудегі ғажайып қуатының дәлелі екені анық.
Мемлекет басшысы да Ақмола облысынан бастау алған оң тәжірибесін аса жоғары бағалады. Осы жылдың 23 маусымында өткен құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқасында өңірдің отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы үлгісі бүкіл елге таратылды. Атбасар ауданы Шуйское ауылының абыз ақсақалы ел тыныштығына қосқан үлесі үшін мемлекеттік марапатқа ие болды. Бұл марапат – тек бір ақсақалдың емес, тұтас ауылдың, елдің рухани тірегіне берілген әділ баға екені айқын.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы