Соның ішінде аталмыш аумақта сәт сайын көптеген тұрғын үй салынып, жаңа қалаға көшіп келушілер қарасы да жыл санап артып келеді. Дейтұрғанмен, жаңа ықшамауданда тұрып жатқан халықтың талап-тілегі бір түйеге жүк боларлық. Әсіресе, сапасыз салынған тұрғын үйлерге қатысты түйткілдер, жарықтандыру мен аяқ суға қатысты мәселелер толастар емес.
Көп жылдан бергі басты арманы орындалып, жаңа үйге қоныстанғандардың бірі – Фараби Елжас. Бұған дейін апатты үйдің азабын көрген ол бізге хабарласып, тұрғын үй аумағының қазіргі күйі сын көтермейтін халде тұрғанын жеткізді.
Айтуынша, оның жайлы баспанаға қол жеткіздім деген қуанышы көпке созылмапты. Жаңа пәтеріндегі ішкі әрлеу, сырлау жұмыстарының өте сапасыз жүргізілгені көп уақыт өтпей байқала бастапты. Ал тұрғын үйдің айналасындағы көрініс тіпті сорақы күйде болғанын айтады.
Жалпы, сол жағалау халқының тұрғын үйге қатысты айтар назы шаш-етектен. Оның ішінде, пәтерлеріндегі есік-терезелерінің сапасы өте төмен. Электр қуатын өшіріп, қосатын құрылғылары да істен шығып, көп ұзамай жарамсыз күйге түсіп жатқанын жеткізіп отыр. Ал ауланың ахуалы тіпті алаңдатарлық күйде тұрғанын алға тартады.
«Апатты үйден жаңа баспанаға қол жеткізгенімізде қуанышымызда шек болмады. Бірақ су жаңа пәтеріміздің сырты бүтін болғанымен іші түтін күйде болып шықты. Бұл бірінші кезекте, тиісті жұмыстарды жүрдім-бардым істеген мердігерлердің қателігінен деп білеміз. Жаңа деген аты болмаса, күніге әр жерінен ақау шығып, қайта жөндеу жүргізуге мәжбүр болып отырмыз. Біресе есігі, біресе терезесінің сапасы сыр береді. Қабырғалары мен едендеріне төселген төсеніштерінің күйін айтпай-ақ қояйын. Өз үйіміз болғасын, ешкімге алақан жаймай шама-шарқымыз жеткенде қалпына келтіріп қоямыз. Дегенмен тұрғын үйді қабылдаған уақытта мердігерлердің салғырттығы неге қатаң тексерілмейтінін түсінбейміз», – дейді ол.
Аталмыш ықшамауданда үш жылдан астам уақыт тұрып жатқан Ұлмекен Жарымбетова есімді тұрғынның да айтар уәжі аз емес. Әсіресе, тұрғын үйдің айналасындағы ахуалға алаңдайды. Яғни, жаңа үйлердің сыртқы жағдайы сұрықсыз күйде тұрғанын жеткізді.
«Үйіміздің айналасының ой-шұңқыры көп. Яғни, құрылыс жұмыстарынан кейін тегістелмеген. Құм төселмеген. Жел тұрса, шаңды топырақ қарша борайды. Сонымен қатар осыдан үш жылдан астам уақыт бұрын үйіміздің ауласына ойын алаңын салу мақсатында жасанды төсеніш (газон) төселген болатын. Бірақ оның сырты әлі күнге дейін қоршаусыз тұр. Бір сөзбен айтқанда, үш жыл бұрын басталған балалар ойын алаңының құрылысы аяқсыз қалып қойды. Соның салдарынан кешкілік уақытта балаларымыз қайда ойнарын білмей сенделіп жүреді. Ал сырты қоршалмай, шала-шарпы салынған ойын алаңының қауіпсіздігіне ешкім кепіл бола алмайды», – деп ашынады Ұлмекен Жарымбетова.
Халықтың тағы бір талабы жол мен жарыққа қатысты өрбіді. Аталмыш аумақтың дарияға жақын орналасқан тұсында тұрып жатқан тұрғындары қараңғылық құшағында қалып отырғанын айтып, мұңын шақты. Аяқсуға қатысты мәселе де аяқтан шалып тұр. Бұл жайында жергілікті әкімдікке сан мәрте айтылғанымен еш нәтиже болмай тұрғанын алға тартады.
«Сол жағалаудағы көпірдің тұсынан басталатын Ғафур Мұхамеджанов көшесінен бастап, бір шеті дарияға, екінші шеті стадионға тірелетін аты жоқ шағын көше түнгі мезгілде қараңғылық құшағында қалады. Аталмыш көшелерге жарықшам бағаналары орнатылған. Бірақ бізге белгісіз себептермен үш жылдан астам уақыттан бері жанбайды. Бұл әсіресе, сабағынан кеш шыққан балаларға қиындық туғызып келеді. Тас қараңғы көшеде үйлеріне қорқып әзер жетеді. Ата-аналар да балаларының қауіпсіздігіне алаңдап, әр күндерін қорқынышпен өткізуге мәжбүр. Бұл жайында құзырлы орындарға сан мәрте құлағдар еттік. Бірақ әлі күнге дейін жарықшамдарды іске қосуға асығар емес. Сабақ уақыты жақындаған сайын балаларымыздың қауіпсіздігі ойлантады. Сонымен қатар жаңа ықшамауданда аяқсу мәселесі өзектілігін жоймай тұр. Тұрғын үйлердің маңына аяқсу науалары (лоток) салынғанымен, оған осы уақытқа дейін бір тамшы су тамған емес. Бұл үйіміздің айналасына тал егіп, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге кері әсерін тигізіп тұр. Дария іргеден өтіп жатыр, бірақ біз неше жылдан бері аяқсусыз отырмыз», – деп мұңын шақты Гүлсара Ешмағанбетқызы.
Сонымен қатар тұрғындар әудем жерден өтіп жатқан дария маңында кешкілік мезгілде демалуға ешқандай мұмкіндік қарастырылмағанын да айтып қалды. Соған орай дария жағасы жарықтандырылып, арнайы орындықтар орнатылса деген талап-тілектерін де ортаға салды.
Жалпы, сала мамандары соңғы жылдары Сырдың бас шаһарында тұрғын үймен қамту бойынша ауқымды жұмыстары атқарылып жатқанын алға тартады. Бұл тұрғыда облыста соңғы үш жылда қаржыландырудың барлық көзінен 2 млн 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Осы орайда Қызылорда қаласының өзінде соңғы үш жылда тұрғын үй құрылысы мен пәтер сатып алуға 64 млрд 97 млн теңге қаралып, 5 600 пәтер жерлестерімізге табысталғаны мәлім болды.
Бұл тұрғыда Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің ұсынған мәліметіне сәйкес, сол жағалау ықшамауданынан кезең-кезеңімен жаңа үйлер салынып, кезекте тұрған 255 отбасы баспаналы болған. Соның ішінде биылдың өзіне 1 240 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тобына және 135 пәтер авариялық кезекте тұрған отбасыларға берілу жоспарланған.
Өз кезегінде Қызылорда қаласы әкімдігі тарапынан халықтың талап-тілегінен туындаған жарықтандыру және аяқсу мәселесіне орай келеңсіздіктердің орын алу себебі мен қалпына келтіру мерзімі нақты айтылмады.
Ал тұрғылықты халық санға емес, сапаға сай жұмыс жүргізілсе деген пікірін білдірді. Соған орай елдің тілегі ескерусіз қалмай, жоғарыда аталған мәселелер жедел шешілсе деген талабын жеткізіп отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы