Былтыр Ақтөбе қаласының 2050 жылға дейінгі даму жоспары бекітілді. Ұзақмерзімді даму жоспарымен қатар, қаланы дамытудың 2023-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспары аясында көптеген игі жұмыстар атқарылып жатыр. Жақында облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе қаласының даму перспективалары, қалалық ортаны жаңғырту мен жақсартуға арналған кешенді мәселелерге қатысты жиын өткізді.
Жиында қаланың инфрақұрылымын дамыту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ экологияны жақсарту, көлік қолжетімділігін арттыру және бизнес пен инвестиция үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жоба-жоспарлар жүзеге асу барысы қаралды. Асхат Шахаровтың алдында есеп берген қала әкімі Азамат Бекет өз баяндамасында қаланың дамуы және қолға алынған ірі жобалардың іске асу бағыты туралы айтты. Қала әкімі алдымен қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне айырықша тоқталды. Қаладағы коммуналдық тұрғын үй құрылысын жаңғырту және жаңарту, инженерлік коммуникациялар саласында су, газ және электр желілерін тарту мен кеңейту, жол және асфаль төсеу, автомобиль жолдарын қайта жаңарту, көпір құрылыс секілді өзекті мәселелердің тиісті жобалар мен жоспарға сай атқарылу барысын талқылады.
– Жоспарланған жобаларды кешенді іске асыру қаланың абаттандыру деңгейін айтарлықтай арттырып, тұрғындар үшін жайлы жағдай жасайды. Ақтөбе қарқынды дамуда, біз бұл жұмысты қаламыздың болашағы үшін жалғастырамыз, – деді Азамат Бекет.
Қоршаған орта тазалығы – абыройлы міндет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында Ақтөбе қаласының экологиялық ахуалын жақсарту, қоршаған ортаның сапасы арттыру және қала көшелерін абаттандыру мәселелері үнемі назарда.
«AMANAT» партиясы қолға алған «Таза бейсенбі» ауқымды экологиялық акциясы Ақтөбе өңірінің түкпір-түкпірінде лайықты жалғасын табуда. Апта сайын партияластар, белсенділер, волонтерлер және қоршаған ортаның жай-күйіне бей-жай қарамайтын азаматтар қоғамдық орындарды, ескерткіш айналасын, су айдындары мен саябақтарды тазалайды.
Мәселен, ресми ақпаратқа сәйкес, 2025 жылдың алғашқы жеті айында облыс бойынша 330-дан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, 9000-ға жуық жастың қатысуымен 10 мыңнан астам қап қоқыс шығарылған. Мысалы, «Ақтөбе» су қоймасы жағалауында облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өңір жастарының қатысуымен тазалық жұмыстары жүргізіліп, оған отызға жуық ерікті мен «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары жұмылдырылды.
«Ақтөбе» су қоймасы маңындағы жағалауды тазалау жұмысына екінші жыл қатарынан келіп жатырмыз. Өкінішке қарай, қоқыс көлемі азаймай отыр. Сондықтан қала тұрғындарын қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, тазалықты бірге сақтауға шақырамыз. Табиғатты аялау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз, – деді облыстық Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Заманай Қайнарұлы.
Шара барысында қатысушыларға арнайы қаптар мен құрал-жабдықтар таратылып, бірнеше сағат бойы жағалауға жиналған қалдықтар тазартылған. Нәтижесінде, 50-ге жуық қап қоқыс жиналып, арнайы орындарға жеткізілді.
Жалпы алғанда, «Таза Қазақстан» республикалық акция Ақтөбе қаласын, қала маңы және облыс аумағын қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмысы жыл он екі ай үздіксіз жүргізілумен қатар, «Таза жағалау», «Ардагерлерді ардақтайық», «Таза бейсенбі», «Мөлдір бұлақ», «Ұрпақтар сабақтастығы» секілді өзге де экологиялық бағыттағы бастамалар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Атап айтар болсақ, шілде айында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған JASYL CROSS-2025 экологиялық плоггингіне 300-ге жуық адам қатысып, акцияға үлес қосты. Плоггинг – жыл сайын өтетін дәстүрлі шара. Шара барысында табиғат жанашырлары топқа бөлініп, қоқыс жинап жарысады. Талап – 40 минут ішінде қоқыс қаптарын толтыру. Атқарылған жұмысты бағалап, қорытындысын шығаратын арнайы комиссия құрылған. Оның құрамында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев, «Атамекен» жастар қоғамдық бірлестігі және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының төрағасы Нұржан Шаңғытбаев бар.
– Плоггингке «Жасыл ел» еңбек жасақтарының бірлесе қатысуы өзара байланысты, достықты нығайта түседі. Меніңше, адамдар демалуға жиі баратын орындар көбірек ластанады. Ал бұл аумақта бөтелкелердің көп екенін байқадым. Бәріміз бірлесе осы аумақта шашылып жатқан қоқысты жинадық, – дейді М.Сембаева.
Тек қана осы плоггингке қатысушылар бір мезетте 10 тоннаға жуық қоқыс жинап, қоршаған орта тазалығына зор үлес қосқанын ерекше атап айтуға болады.
Астаналық стандарт енгізіледі
Ендігі кезекте Ақтөбені астаналық стандарт негізінде абаттандыру ісі қолға алынатын болды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Астана қаласының Урбанистика орталығының мамандары 7 тамызда Ақтөбеге іссапармен барды. Сапардың мақсаты – жергілікті тәжірибені зерттеу, жүзеге асырылып жатқан жобаларды бағалау және қалалық ортаны жүйелі түрде жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан бұл іс – елордалық табысты тәжірибелерді өңірлерде кеңінен енгізуге бағытталған.
Астаналық мамандармен бірге Ақтөбе облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет қаланың ескі және жаңа бөліктерін жаяу аралады. Олар аланың Шернияз, Алтынсарин, Ахтанов, Ломоносов көшелері, Әбілқайыр хан, Бейбітшілік, Тәуелсіздік даңғылдары, Есет батыр және Алтын Орда шағын аудандары, саябақтар мен скверлеріне барып, қаланың экологиялық жағдаймен танысты. Қаланы аралау кезінде өңір басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы және бизнес өкілдерінің қалалық инфрақұрылымды түрлендірудегі рөліне назар аударды.
– Қаланың сыртқы келбеті — бұл жай ғана эстетика емес, бұл өз кеңістігіңе деген қарым-қатынастың көрінісі. Бізге фасадтар, жарнамалар, абаттандыру элементтері бойынша нақты стандарттар қажет. Тек осылай ғана біз визуалды тәртіп пен заманауи атмосфераға қол жеткіземіз.
Біз қазір қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытында бос жатқан жерлерді заманауи үлгіде абаттандыруға тырысып жатырмыз. Біздің жұмысымызға жанашыр кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорындар да үлес қосып жатыр. Қазір демеушілердің қолдауымен 13 скверді жаңадан салу және ескілерін жаңалау жұмыстарын жүргізудеміз. Жұмысымызды көрсетіп, тәжірибе алмасу мақсатында Астанадан Урбанистика орталығының мамандарын шақырдық. Мамандар қалалық орта қалыптастыруға бағытталған тың ұсыныстарын беріп жатыр, – деді қала әкімі Азамат Бекет.
Астана Урбанистика орталығының мамандары Ақтөбелік әріптестеріне кәсіби әдістемелік қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ Ақтөбеде бейімдеуге болатын бірқатар нақты ұсыныстармен бөлісті. Олар ландшафттық мастер-жоспар, қала бренді және көгалдандыру тұжырымдамасы секілді нақты үш негізгі құжатты енгізу туралы ұсыныс білдірді.
– Біз «Таза Қазақстан» акциясы аясында Ақтөбеге келіп, жергілікті тәжірибені зерттеп, үздік тәжірибелерді ұсынғымыз келеді. Әкімдіктің ұстанымы көңіл қуантады: бос жатқан жерлерде скверлер мен қоғамдық кеңістіктер пайда болуда. Бұл – дұрыс бағыт және біз оны қолдауға дайынбыз, – деді Астана қаласы Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен.
Кездесу барысында астананың табысты тәжірибелері де айтылды. Мысалы, Астанада құрылыс компаниялары нысанды пайдалануға берген соң, аумақты абаттандыруға жауапты, олар аулаларды асфальттайды, ағаш егеді. Мамандар Астанадағы секілді Ақтөбеде де ірі ағаштар егу керектігін және оның қалалық экожүйе үшін тиімділігі жөніндегі тәжірибелер туралы айтты. Сонымен қатар фасадтар, жарнамалар мен шағын архитектуралық формаларға арналған дизайн-код әзірлеуді, рұқсатсыз орнатылған жарнамалар мен визуалды тұрғыдан агрессивті элементтерді жоюды, сондай-ақ қала сәулетіне келмейтін ашық түсті шешімдерден бас тартуды ұсынды. Екі жақты талқылау нәтижесінде астаналық мамандар тарапынан ұсынылған шешімдерді іске асыруда жергілікті билік әдістемелік және кәсіби қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Қоршаған ортаның тазалығы – ортақ абырой. Сондықтан қала немесе облыс басшылығы ғана емес, барша тұрғындар қоршаған ортаны таза ұстауға, табиғатты аялай білуге, бір кісідей тазалыққа жұмылуға тиіс. Тазалық пен тәртіптен басталатын жауапкершілік елге, Отанға деген сүйіспеншіліктің айқын белгісі десек артық емес.
Ал Ақтөбе өңірінің әлеуеті, дамуға деген ұмтылысы мен жаңа бастамалар болашақта қаланың аймақтық ғана емес, ұлттық деңгейдегі маңызын арттыра түсетіні сөзсіз.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ