Параспорттың жаңа белесі

Астанада алғаш рет боччадан Astana 2025 World Boccia Challenger беделді халықаралық жарысы өтуде.

Сайыс Халықаралық бочча федерациясының (BISFed) қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Турнир барысында әлемнің 12 елінен келген спортшылар бақ сынайды. Жарыстағы көрсеткіштеріне байланысты оларға 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына қатысу үшін рейтингтік ұпайлар беріледі. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында жалауы желбіреген іргелі сайыстың салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев қатысты.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде жарысқа қа­тысушыларға ілтипат білдіріп,  Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде инк­лю­зивті қоғам қалыптастыруға үлкен көңіл бө­ліп отырғанына және бұл бағыт­тың негізгі басымдықтарына назар аудар­ды. Сондай-ақ федерация президенті Қа­­­­­зақстанда алғаш рет өткізіліп отырған ірі халықаралық жарыстың маңызына тоқ­талып, турнирге Корея, Сингапур, Үнді­стан, Италия, Иран, Өзбекстан, Сауд Ара­­­­биясы, Моңғолия, Кипр, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да елдерден кел­ген 56 үздік спортшы қатысып жат­қа­нын айтты. Мұндай ауқымды іс-шара елі­мізде паралимпиадалық спортты да­мы­ту және баршаға тең мүмкіндік жасау жо­лында атқарылып жатқан жұмыстардың нақ­ты нәтижесі екені анық.

«Қазақстанның инклюзия, теңдік, құр­­мет пен ерік-жігер дәріптелетін жаһан­­­­­­дық қо­ғам­дастықтың белді өкіліне ай­налғанын мақтан тұтамыз. Президен­ті­міз Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде парас­портты дамытуға және бұл саланың қо­ғам үшін маңызы зор екеніне үнемі баса мән беріп келеді. Бүгінде Қазақстанда па­распортшыларға өз әлеуетін іске асырып, мақ­саттарына жетулері үшін барлық жағ­дай жасалуда. Бұл ретте World Boccia Challenger турнирі де елімізде параспортты жә­не инклюзия мәдениетін ілгерілетуге ық­пал етеді деп сенеміз», – деп Мәулен Әшім­баев беделді сайысты Қазақстанда өт­кізуді ұйғарғаны үшін Халықаралық боч­ча федерациясына және осы іске атса­лысқан командаға алғыс білдірді.

Сондай-ақ ашылу рәсімінде қысқа мер­зім ішінде Қазақстан бочча федера­ция­сы, жаттықтырушылар, параспортшылар, ата-аналар және ниеттес жандар мен ерік­ті­лер орасан зор жұмыс атқарғаны айтыл­ды. Қазір еліміз бойынша 250-ден астам мүм­­кіндігі шектеулі жан осы спортпен тұ­­рақты шұғылданып келеді. Олардың қа­та­рында балалармен бірге ересектер де бар.

«Федерацияның, ата-аналар мен жат­тық­тырушылардың ерік-жігерінің ар­қа­сында Қазақстанда бочча қарқынды даму­да. Қазірдің өзінде еліміздің 20 қаласында жаттығулар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Ұлт­­тық федерациядан бөлек, 10 өңірлік фе­дерация құрылды. Тұрақты ұйым­дас­ты­рылатын ұлттық турнирлер параспорт­шы­лар­­ға жаңа мүмкіндіктер беріп, оларды жі­герлендіре түседі. Қазір Қазақстан әлем­дік рейтингте 18-орында және Орталық Азияда көш бастап тұрғанын да атап өткен жөн. Көздеген мақсатқа жету жолындағы табандылық пен адалдықтарыңыз үшін баршаңызға алғысымды білдіремін. Сіздер өз іс-әрекеттеріңізбен шын жүректен се­ніп, тек алға ұмтылған жан кез келген биік­ті ба­ғын­дыра алатынын дәлелдеп ке­ле­сіздер», – деді Мәулен Әшімбаев.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, мұн­дай турнирлер – маңызды спорттық сайыс қана емес, сонымен қатар тәжірибе ал­масу, халықаралық ынтымақтастықты да­мыту және өңірде инклюзивті спорт түр­лерін дәріптеу алаңы. Бүгінде Қа­зақ­стан құрамасы ірі халықаралық жарыстарға бел­сенді қатысып келеді. Сондай-ақ қата­рын­да 50-ден астам ел бар BISFed-тің әлем­дік рейтингінде АҚШ, Испания және басқа да жетекші құрамалардан жоғары тұр. Ал Орталық Азияда Қазақстан боч­ча­дан абсолютті көшбасшы. Одан бөлек, соң­­ғы жылдарда Ұлыбритания, Үндістан, Таи­­ланд және Оңтүстік Корея маман­да­ры­ның қатысуымен халықаралық жаттық­тыру­шылар мен төрешілерге арналған курстар, жаттықтырушылардың білік­ті­лі­гін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүйе­лі жүргізіліп келеді. Осындай нақты қадам­дар­дың арқасында үш жыл ішінде боч­чадан Қазақстан Республикасының 12 спорт ше­бері шықты.

Айта кетейік, Astana 2025 World Boccia Challenger сайысын  Туризм және спорт ми­нистрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның, Sport Qory Туризм және спорт ин­дустриясын қолдау қорының және басқа да серіктестердің қолдауымен Қазақстан боч­ча федерациясы ұйымдастырды.