Sergek сенімді ақтады ма?

Осы уақытқа дейін «Сергекті» сынамаған адам аз. Бірі «айыппұл жазудан басқа жұмысы жоқ» деп цифрлы камераға сескене қараса, енді бірі қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз еткеніне шын қуанды.

Жақында Астанада «Сергек» камераларының орнына Біріккен Араб Әмірлігінің Presignt компаниясы келеді деген ақпарат шықты. Жұрт «отандық «сергекпен» жылап қауышпайық» деп тағы да қызу пікірталас туғызды. «Сергек» камералары Астанадан неге кетті? Шетелдік компанияның жаңа жобасы тиімді ме? Зерттеп көрдік. 

«Сергек» камерасы алғаш рет 2017 жылы іске қосылды. Жоба ең алдымен Астанада қол­ға алынып, бүгінде елордада 10 мыңға жуық камера жұмыс істейді. Был­тыр бұл камералар арқылы қала тұрғын­дарына 9,7 млрд теңге айыппұл салынған. Оның ішін­де 6,9 млрд теңге елорданың бюджетіне түс­кен. Қырағы камералары арқылы қоз­ғал­ыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атса­лыс­қан Sergek жүйесі жақында елордадағы жұмысын тоқтатады. Оның орнына жаңа жүйені БАӘ компаниясы енгізеді. Бұл туралы елорда мәслихатының кезектен тыс сессиясында Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Дидар Сүлей­менов мәлімдеді.  Ақпаратқа сәйкес, «Сер­гек» жобасын жасаушы «Көркем Телеком» компания­сы­ның Астана әкімдігімен арада­ғы мемле­кет­тік-жекеменшік әріптестік келісімі аяқтал­ды. Әкімдік келісімді ұзартпау туралы ше­шім қабылдаған.

– 2017 жылы «Сергек» жобасы жүзеге асырылды. Биыл 13 наурызда «Көркем Тел­е­­ком» компаниясымен келісімшарт мерзімі аяқталды. Мемлекет басшысының тапсыр­масы аясында және жобаны одан әрі дамы­ту тұрғысында G42 холдингіне кіретін Presight халықаралық компания­сы­мен ел­ор­да үшін жасанды интеллект негіз­інде қа­ла­лық инфрақұрылымды басқару­дың жобалық шешімін іске асыру жұмысын атқардық. Жаңа жобаны қалыптастыру кез­ін­де қазіргі қолданыстағы жүйенің кемші­ліктері ескерілді, – деді Дидар Сүлейменов. 

Presignt-G42 әмірлік холдингінің еншілес кәсіпорны және жасанды интел­лект әзірлеушісі. Ол жалпыға қолжетімді және ADX (Абу-Даби) тізімінде. Оның бүкіл әлем бойынша табысты жобалары бар. Енді Presignt компаниясы 2025-2030 жылдар аралығында Астанадағы бейне­ба­қылау жүйесін дамытуға жауапты болады. Жоба­ға 53 млрд теңге қаржы бөлінеді. Жо­ба­ның 100 пайыз шығынын жеке компания көтереді, ал 60 пайызын қазақстандық кә­сіп­орындар қамтамасыз етеді. Presignt төлем­дерді тек жоба іске қосылғаннан кейін  алады. 

– Жобада жол қозғалысы ережелерін бұзудың 15 жазбасы мен 35 бейнеаналитика түрі қарастырылған. Кез келген оқиғаны тез бақылау үшін жедел коммуналдық қыз­мет­терді біріктіретін деректерді өңдеу орта­лығы ұйымдастырылып, бірыңғай ахуалдық орта­лық құрылады. Жоба 2030 жылға дейін созы­лады. Біз адамдар көп шоғырланған жерлерде 100 пайыз бейнебақылауды қам­та­­масыз ету арқылы қауіптің алдын ала ала­­мыз. Жасанды интеллекті пайдалану про­цестерді оңтай­ландыруға мүмкіндік бер­еді, – дейді Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы. 

Оның айтуынша, билік жоба аясында қаланы жедел бақылауға арналған заманауи ситуациялық орталық құрады. Ал үлкен деректерді талдау қалалық процестерді оңтайландырады. Ақпаратты қорғау үшін жүйеге кіруді Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Мемлекеттік күзет қызметі бақылайды. 

Шетелдік компания үдеден шыға ма?

Астанада БАӘ компаниясының жаңа технологиялары енгізіледі деген ақпарат жарияланған сәтте әлеуметтік желіде түрлі пікір пайда болды. Бір тарап: «Шетелдік жүйе келсе, отандық «Сергектің» тағдыры не болады?» деп алаңдаса. Екіншісі: «Бәсе­келестік болса, қызмет сапасы артады» деген үмітін білдірді. Ал үшіншісі: «Жаңа жоба шынымен де қауіпсіздік үшін бе, әлде тағы да айыппұл жинаудың амалы ма?» деген сұрақ қойды. Айта кету керек, Presight компаниясы негізінен смарт сити жоба­лары, жасанды интеллект арқылы талдау және үлкен деректермен жұмыс істеуге маманданған. Яғни, олардың шешімдері жол қозғалысын бақылаумен ғана шектел­мей, қаланың барлық инфрақұрылымын цифрлы басқаруға бейімделген. Бұл тұр­ғы­дан алғанда, Астанаға жаңа жүйе тек көлік жүргізушілеріне емес, жаяу жүргін­шілер мен қоғамдық қауіпсіздікке де ықпал етуі мүм­кін. IT сарапшы Есболат Адиевтың пікір­інше, еліміздің болашығы мен қауіп­сіз­дігі үшін, әлемдік IT аренада ешкімге тәуелсіз болғымыз келсе, сөз жоқ 100 пайыз отандық өнімді қолдау керек.

– Шетел компаниялары бұл салада мол тәжірибесі арқылы жылдам нәтиже беруі мүмкін. Қазақстандықтардың жеке дерек­терімен жұмыс істейтін IT сала шетелге тәу­елді болмауы тиіс. Соңғы уақытта бей­не­бақылау, ақпараттық қауіпсіздік сала­сындағы Қытай, Ресей, Германия елдері өз өнімдерін дамытып, шетелдік компания­лардың қызметінен бас тартуда. Осы елдер заң тұрғысынан да өз IT компанияларына қол­дау көрсетеді. Сол себепті өзіміздің отан­дық IT компанияларды дамытып, бас­қа елдердің нарығына шығу арқылы табыс тапсақ жөн болар еді. Осы компаниялар өссе, IT  саласына бөлініп жатқан гранттар да желге ұшпасы анық. Қазір көптеген жас­тар еліміздің IT  нарығынан жұмыс таппай шетелдік компанияларда онлайн жұмыс істеп жүр, – дейді Есболат Адиев. 

Шынымен де, «Сергекке» дейін елдің ірі қалаларындағы жолдарға ресейлік және қытайлық компаниялардың камералары орнатылған болатын. Ол кезде әр өңір өз бетінше келісімшарт жасап, түрлі шетелдік фирманың жабдықтарын пайдаланатын. Алайда бұл жүйелердің кемшілігі көп бол­ды. Әсіресе, техникалық қызмет көрсету қым­батқа түсті, қосалқы бөлшектерді шет­ел­ден алдыруға тура келді. Сондай-ақ де­рек­терді өңдеу мен сақтау процесінде ашық­тық болмады. Бақылау камералары­ның сапасы да біркелкі емес еді, кейбірі ауа райына төтеп бере алмай, жиі істен шығатын. 

«Сергекті» үлкен сеніммен жасаған

«Сергек» өз жұмысын Астанада тоқтатса да, басқа қалаларда жалғастыруда. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сәйкес, бүгінде еліміздің 10 қаласында 34 мыңнан астам «Сергек» камерасы орнатылған. Жүйе­нің жұмысын және техникалық қызметін «Көркем Телеком» ЖШС маман­дары қамтамасыз етеді. Компанияның негізін қалаушы – Қайрат және Әсет Ах­метовтер. Ағайынды азаматтар жобаны нөлден бастағанын, бұған дейін қала көшелерінде тұрған камералардың бәрі еуропалық және қытай компанияларына тиесілі болғанын айтып жүр. Оған қоса, олардың өнімі біздің климатқа сай емес, Қазақстанның заңымен де сәйкес келмейді. Ал «Сергек» Қазақстанның заңдарын, поли­ция жұмысын ескере отырып құрас­ты­рылған. «Сергекті» Үкіметке ұсынбас бұрын алдымен өзіміз тексердік. Жалпы, өзіміздің кез келген жобамызды алдымен лабораториямызда сынақтан өткіземіз. Оның бірден ешқандай коммерциялық пайда әкелмейтіні тағы бар. Біз өзімізге қызық емес жобамен коммерциялық мақ­сат үшін ғана айналыспаймыз. Лабора­тория­мызда біз ресейлік кешенді алып, «Сергекті» соған сәйкестендірдік», – деп түсіндіреді компания негізін қалаушылар.

2017 жылдан бері іске қосылған «Сер­гек» жобасы жол қозғалысының мәдение­тіне айтарлықтай ықпал етті. Әсіресе, жол апаты жиі болатын қиылыстарда тәртіп күшейді, жылдамдықты шамадан тыс асырғандар азайды. Ішкі істер министр­лі­гінің дерегінше, камера орнатылған аймақ­тарда апат саны 30-40 пайызға төмендеген.

Елімізде асқан білімді азаматтар өз деңгейіне сай жұмыс таппай, Қазақстаннан кетіп, әлемнің әйгілі компанияларында жұмыс істеуге жиі бел буатынын жоғарыда сарапшылар да айтты. Ал Әсет пен Қайрат негізін қалаған компанияда сондай жас­тарға шетелдегідей жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Мұнда мамандар дүниежүзілік ІТ білімге лайықты жұмыс істейді және мұндағы тәжірибесімен кез келген уақытта Google сияқты беделді компанияларда жұ­мыс істеп кете алады. Өйткені бұл жерде ең соңғы технологиялармен жұмыс жүргізіледі.

–Шын мәнінде, «Сергек» қаражат жағы­нан аса табысты жоба емес. Әрі қанша жақсылық жасасаң да жаманатты көп арқалайсың. Бізге тыныш қана ақша табуға болатын басқа жобаларды жүзеге асырып жүре беруге болар еді. Бірақ ұлттық қауіп­сіз­дік пен мүдде жолында ешкімнен қай­тарымын күтпей еңбек етеміз, осы істі жалғастырамыз. Ағам Қайрат екеуміз үшін Астанадағы Sergek – жай ғана қауіпсіздік жүйесі емес. Бұл – біздің алғашқы үлкен жауапкершілігіміз, қаламен серіктестікте жұмыс істеген бірінші тәжірибеміз. Біз кішігірім жобадан бастадық, бірақ көзде­геніміз – қалаларды қауіпсіз әрі жайлы ету еді, – депті бір сұхбатында Әсет Ахметов.

Айыппұлға ашықтық жетіспейді

Дегенмен қоғамда «Сергекке» қатысты сын да көп. Жүргізушілердің айтуынша, жоба көбіне қауіпсіздіктен гөрі қазынаға ақша түсіруге көбірек жұмыс істейтіндей әсер қалдырады. Сондықтан болар, камера орнату, айыппұлдарды бөлу жүйесі жөнінде халық толық ақпарат ала бермейді. Осы мәселені былтыр, Мәжіліс депутаты Аман­жол Әлтай цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкинке жолдады. 

– Қазір қалалардың бәрінде екі аттасаң көзі қызарған бес камера тұрады. Тіпті, үлкен қалаларда адамнан камера көп пе деп қаласың. «Сергек» камералары арқылы салынған айыппұлдың қыруар қаржысы қайда кетіп жатыр? Қанша пайызы мем­лекет қоржынына, қанша пайызы жеке қалталарға кетеді? – деп сұрады Аманжол Әлтай.

Вице министрдің айтуынша, айып­пұл­дардан түскен қаражаттың бәрі де бюджетке түседі. Шарттар өңірлерде әртүрлі. Әр өңір­де мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қалай орнатылғанына байланысты. Демек, ол шарттарды әкімдіктер камераларды ор­на­тып, инвестицияны қайтару, операция­лық шығындарды өтеу бойынша конкурс негізінде жасаған. 

– Тағы да айтайын. Әр өңірде пайыз әртүрлі. Әу баста бүкіл айыппұлдардың қаражаты бюджетке түседі. Осыдан кейін бюджеттен инвестиция мен операциялық шығындар өтеледі. Әр өңірде МЖӘ әртүрлі шартпен жасалған, – деді Ростислав Кон­яшкин.

Ендеше «Сергек» пен Presight – тек цифр­лы камера емес, билік пен қоғам ара­сындағы сенімнің өлшемі. Егер жаңа жоба ашық жүргізіліп, халыққа түсіндірілсе, қала үшін тиімді шешімге айналуы мүмкін.

Көктем ҚАРҚЫН