Смартфон мен мобильді қосымша арқылы кез келген адам үшін қор нарығына жол ашық. Алайда осы қолжетімділіктің көлеңкесінде FOMO атты жаңа құбылыс бой көрсетіп келеді. Fear of Missing Out, яғни «мүмкіндікті өткізіп алу қорқынышы» дегенді білдіретін бұл термин – қазақша айтқанда, басқалар пайда тауып жатқанда өзің қалып қоямын ба деген уайым. Әлеуметтік желідегі «жылдам байығандардың» әңгімелері осы үрейді күшейтіп, көпшілікті есептен гөрі эмоцияға сүйеніп қадам жасауға итермелейді. Нәтижесінде, қып-қызыл пайдаға кенелем деп, керісінше, қып-қызыл шығынға ұшырауың бек мүмкін.
Қазақстандық жеке инвесторлар арасында BCC Invest пен «Робокэш.кз» жүргізген зерттеу бірқатар қызық деректерді ашты. Сауалнамаға қатысқандардың 34,8%-ы өз стратегиясынан айнымай, эмоцияға ермейтінін айтқан. Ал 43,5%-ы кейде FOMO-ға тап болғанымен, сезімін бақылауда ұстайтынын жеткізді. Тағы 13%-ы бұрын табыстан қалып қоямын деп қатты уайымдайтын, бірақ уақыт өте келе салқынқанды болуды үйренген. Ал 8,7%-ы әлі де «пайдадан айырылып қалам ба» деген қорқынышпен активті көбіне ең қымбат кезінде сатып алатынын мойындады. Бұл көрсеткіштер FOMO-ның қазақстандық инвестиция әлемінде сирек емес, керісінше көптеген инвестордың қадамына ықпал ететін маңызды психологиялық фактор екенін аңғартады.
FOMO – бұл адамды табыс әкелуі мүмкін кез келген трендтен қалмауға итермелейтін иррационалды құбылыс. Әсіресе, әлеуметтік желілердің ықпалымен бүгінде FOMO алапат күшке ие болып кетті. Мәселен, біреу криптовалютадан немесе қор нарығынан бірнеше айда капиталын екі еселеп алғанын жарияласа, өзгелерде бірден: «Мен де үлгеріп қалсам ше? Қазір салмасам, ертең кеш болмай ма?» деген ой туады. Жаппай инвестициялау осылайша жалған қауіпсіздік сезімін тудырады: «барлығы кіріп жатса, демек дұрыс» деген иллюзия пайда болады. Ал шын мәнінде, жоспарсыз әрекет еткендерді нарық аяй қоймайды.
«FOMO көбіне нақты стратегиясы жоқ, әлеуметтік желілерден тез дофамин алуға бейім адамдарды қыспаққа алады. Бұл – жай ғана сауатсыздық емес, ол цифрлық үрейшілдік пен қаржылық дайындық жоқтығының қосындысы. Соның салдарынан адамдар тек ақшасынан емес, өз мақсаты мен бақылауынан да айырылады. Оларда табыстан құр қалып қою үрейі шығынға ұшырау қорқынышынан басым», – дейді Vitis инвестициялық қорының басқарушы директоры Ольга Эм. Сарапшының пікірінше, мұндай мінез-құлық негізінде белгілі бір қаржылық нәтижеге емес, статусқа ұмтылу ғана жатыр.
Ал бизнес-жаттықтырушы Ақжүніс Брасилова FOMO-ны «эмоциялық вирус» деп атайды. Оның айтуынша, бұл құбылыс адамдардың үнемі «ойынның ішінде болу», осылайша жұрттан артта қалмау қажеттілігін пайдаланады. «Бұрын қаржылық стратегия «барды сақтап қалуға» негізделетін. Ал қазір әлеуметтік желілер көп ақшаға, шексіз мүмкіндікке ұмтылуды қалыптастырды. «Жұмыс істемей-ақ бәріне үлгеретін» табысты бейнелер желіде өріп жүр. Біз онда жеңілісті емес, тек жеңісті көреміз. Сөйтіп адамдар тәуекелді қауіп ретінде емес, мүмкіндік ретінде қабылдай бастайды», – дейді ол.
Психолог Надия Бөкейханова бұл құбылысты адамның жүйке жүйесі тұрғысынан былайша түсіндіріп берді: «Бұрын қорқыныш, мысалы, үйден, жұмыстан, денсаулықтан айырылу деген нақты бір нәрселермен байланысты болатын. Ал бүгінгі ең басты қорқыныш – мүмкіндікті өткізіп алу. Бұл – абстрактілі, бірақ әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды. Әлеуметтік желідегі тұрақты салыстыру адамның ішкі бағалау жүйесін әлсіретеді. Қазір ақшаның жоқтығы емес, «ешкім болмай қалу» қорқыныштырақ. Көп адам: «Айналамдағылардың бәрі жетістікке жетті, ал мен ше?..» деп қиналады. Бұл сәтте адамның денесі тура үрей буғандай әрекет етеді: бұлшық ет құрысады, тыныс алу жиілеп, назар шашырайды. Бұл – саналы таңдау емес, бұл – «топтан қалып қоймау» үшін болатын ішкі арпалыс. Клиенттерімнен де осыны көремін: олар шынымен инвестиция жасағысы келгендіктен емес, «қазір қимылдамасам, соңғы мүмкіндігімді жіберіп алам ба» деген қорқынышпен келеді. Бұл – күйзеліс жағдайында кортизолдың ықпалымен жұмыс істейтін жүйке жүйесінің реакциясы», – дейді маман.
Ендеше бұл қатерден қалай сақтанбақ ләзім? Бизнес-тренер Ақжүніс Брасилованың айтуынша, қаржылық «тренд» пен жай ғана қысқамерзімді «сәннің» айырмасы бар: «Тренд – экономикадағы, технологиядағы немесе тұтынушы әдеттеріндегі терең өзгерістерге сүйенеді. Оның тірегі берік, ұзақмерзімді факторлармен негізделеді. Ал «сән» найзағайдай жылдам пайда болып, қауесет пен дүрлігуге, әдемі уәделер мен жалынды сөздерге сүйенеді. Егер бір идея шектен тыс «әсем» көрініп, жұрт жаппай соған ұмтылса – ол тренд емес, уақытша «сән». Шынайы тренд әлеуметтік желілер үнсіз қалған күннің өзінде өмір сүре береді», – дейді ол.
Қорытындылай келгенде, инвестиция тек пайда табудың емес, ең әуелі жауапкершілік пен салқынқанды шешім қабылдаудың алаңы екенін ұмытпауымыз керек сияқты. Қаржы әлемінде ең үлкен күш – өз стратегияңа адал болу, эмоцияны емес, есепті тыңдау. Тек сол кезде ғана инвестиция қорқыныш емес, сенім сыйлайды.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ