Астана қаласының прокуратурасы саябақтарда, ойын-сауық орталықтарында, қоғамдық көліктерде және көшелерде рейд жүргізді.
– Барлығы 8 кәмелетке толмаған (2008–2010 жылдары туған) жасөспірім анықталды. Оларды үш қайырымдылық қоры ешқандай шарт жасамай, волонтер ретінде тартқан (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 86-бабының 3-бөлігін бұзу). Аталған қорлар «қайырымдылық» деген желеумен шамамен 340 млн теңге қаржы жинаған, – деген ақпарат алдық.
Қазір аталған факті бойынша (Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша) қылмыстық іс қозғалды.
– Кәмелет жасына толмаған балаларды заңсыз әрекетке тартқаны үшін қор басшыларының іс-әрекетіне бөлек құқықтық баға беріледі. Осы орайда кәмелетке толмағандарды құқықбұзушылыққа тарту қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін түсіндіреміз (Қылмыстық кодекстің 132-бабы). Одан бөлек, Еңбек кодексінің 31-бабында кәмелетке толмағандарға ерекше еңбек шарттары қарастырылған (16 жастан бастап еңбек шарты міндетті түрде жасалуы тиіс, ал 14 жастан бастап заңды өкілінің келісімімен ғана рәсімделеді), – делінген хабарламада.
Сондай-ақ қалалық прокуратура аталған талаптарды бұзған жұмыс берушілер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 86-бабы бойынша жауапкершілікке тартылатынын хабарлап отыр.
– Қайырымдылық қорлары мен ата-аналар балалардың заңсыз әрекеттерге қатысуына жол бермеу үшін олардың жұмысына, соның ішінде волонтерлік және басқа да іс-шараларға қатысқанда мұқият болуға шақырамыз, – деп ескертеді ведомство.
Мейір ЖАСЫН