Жастарға қолдау білдіру маңызды

«АMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының «Жастар Рухы» Жастар қанаты Ақтөбе қаласындағы «Мансап» орталығының филиалымен және қалалық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, «Жастарға жұмыс» бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды. Іс-шараға өндірістік және қызмет көрсету саласындағы 37 компания қатысып, жастарға 248 бос жұмыс орнын ұсынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, елдегі нақты сұранысқа ие мамандықтарды дамытуды тапсырған болатын. Осы тап­сырмаға сәйкес, жәрмеңкенің басты мақсаты – жастарға жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсынып, кәсіби болашағын айқындауға қолдау көрсету.

«AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» Жастар қанаты жүзеге асырып келе жатқан «Жастарға жұмыс» жобасы биыл үшінші жыл қатарынан жалғасын тауып отыр. Жоба аясында мыңдаған жас тұрақты жұмыспен қамтылып, кәсіби дамуына жаңа мүмкіндік алуда. 

Жәрмеңкеге 167 жас жұмыс іздеп келді. Олардың 83-і жұмысқа орналасуға жолдама алса, 53 адам жастар тәжірибесіне ба­ғыт­талды. Оның бірі – Медет Досма­ғамбетов. Ол биыл жоғары оқу орнын инженер-ме­ханик мамандығы бойынша тәмамдап шықты. 

«Теориялық білімімді тәжірибе жүзінде жүзеге асырып, ірі компания­лар­да еңбек етуді жоспарлап отырмын. Мамандығым инженер-механик бол­ғандықтан алпауыт компанияларда да жұмыс істей аламын. Құжаттарға неме­се көліктерге қатысты жұмысқа да ике­мім бар. Осы жәрмеңкеде 250-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Тау-кен өндірісінде инженер-техниктер мен жұмысшылар, дәнекерлеушілер мен ма­шинист-операторлар тапшы. Олар жас мамандарды мекеме есебінен қосым­ша оқуға жіберуге дайын», –  деді М.Дос­ма­ғамбетов.   

Жәрмеңкеде жастар бос жұмыс орындар тізімімен танысып, жас мамандарға сұра­нысы бар компаниялардың өкілдерімен тілдесті. Олар қызметтегі негізгі талаптар мен жалақы мөлшері, қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз ету деңгейі сынды көкейкесті сұрақтарына жауап алды.

 Елнар ЕЛТАЙ