Дөңгелек үстелге Сенат депутаты, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай, Мәжіліс депутаты, «Халықаралық заңгерлер қауымдастығы» ҚБ президенті Марат Башимов, Республикалық заң консультанттары палатасының төрағасы Серік Ақылбай, «Азаматтық альянс» ЗТБ атқарушы директоры Нұрас Ералы, Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Әлішер Мұқажан, «Абай» телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар Ахметов, «Бас редакторлар клубының» вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин, Qazcontent АҚ төрайымы Айна Задабек, QR news порталының директоры Нұрбол Төлебаев, «Бас редакторлар клубының» атқарушы директоры Бибігүл Құламан, журналист, медиаменеджер Абай Сейфолла қатысты.
Басқосу барысында БАҚ-тың конституциялық реформаны ілгерілетудегі рөлі, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты қалыптастыру мәселелері талқыланды. Қатысушылардың айтуынша, реформалардың мән-мағынасын кең аудиторияға жеткізуде және демократиялық процестерге деген сенімді нығайтуда БАҚ басты құрал болып табылады. Спикерлер БАҚ қызметінің құқықтық негіздерін нығайту, олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігі, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Халықаралық тәжірибеге жүгінсек, дамыған елдерде құқықтық мәдениет мектептен бастап қалыптасады. Азаматтарға қолжетімді ақпараттық ресурстар, заңгерлік консультациялар, онлайн сервистер арқылы құқықтық қолдау көрсетіледі. БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ның ұсынымдарында да халықтың құқықтық білімін арттыру – тұрақты дамудың негізгі факторы ретінде белгіленген», – деп атап өтті Бибігүл Жексенбай.
«Конституциялық реформа бұл тек құқықтық жүйедегі өзгерістер ғана емес, сонымен қатар демократиялық құндылықтарды нығайту. Бұл ретте БАҚ ерекше рөлге ие, себебі олар қоғамға реформалардың мәнін түсіндіріп, оның нәтижелеріне деген сенімді қалыптастырады», – деді Марат Башимов.
Дөңгелек үстел «Бас редакторлар клубы» ҚБ мен Конституциялық сот арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында өтті. Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар құқықтық мәдениетті дамыту және демократиялық процестерде БАҚ рөлін нығайту бағытында диалогты әрі қарай жалғастыруға және журналистердің құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған оқыту сабақтарын өткізуге уағдаласты.
Мейір ЖАСЫН