Спорттан төрт жылға шеттетілді

Қазақстандық теннисші Арысланбек Айтқұловтың антидопинг ережелерін бұзғаны анықталды.

Теннис әділдігін қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық агенттігінен (ITIA) тараған мәліметке қарағанда, одан 2024 жылдың қаңтарында алынған сынамадан тыйым салынған LGD-4033 және метилгексанамин табылған. 21 жастағы Арысланбек Айтқұлов ағзасына тыйым салынған заттардың байқаусызда түскенін дәлелдей алмады. 

Әлемдік рейтингте 2023 жылы қарашада 1 250-ші орынға дейін көтер­ілген қазақстандық теннисші 2024 жылы қаңтарда Дохадағы ITF турнирі кезінде сынама тапсырған. Оның қаны­нан тыйым салынған заттар табылғаннан кейін теннисші уақытша жарыстан шеттетілген. Биыл 30 маусымда қашықтан тыңдалым болып, тәуелсіз трибунал Арысланбек Айтқұловты жарыстарға қатысудан 4 жылға шеттетті. Ойыншы қатысқан турнирлердің оған қатысты нәтижелері, тапқан табысы мен рейтингтік ұпайларының күші жойылады.

Шеттету мерзімі 2024 жылғы 23 наурыздан басталып, 2028 жылы 22 нау­рызда аяқталады. Осы уақытта қа­зақ­стандық теннисшіге кез келген тен­нис шараларына қатысуға, ойнауға және жаттығу жасауына тыйым салынады.

Асыл ТҰМАР