Астана – Қазақстанның бас қаласы әрі ірі мегаполистердің бірі. Мұнда жыл сайын мыңдаған студент жоғары оқу орындарына түсіп, өздеріне қолайлы баспана іздейді. Қалада пәтер жалдау бағасы орналасқан ауданына және жайлылық деңгейіне байланысты әртүрлі. Ал студенттер үшін пәтерді тиімді және ыңғайлы аудандардан жалдау – маңызды шешімдердің бірі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Астанада университеттердің басым бөлігі оң жағалауда орналасқан.
Алматы ауданы (оң жағалау): Л.Н.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті.
Сарыарқа ауданы (оң жағалау): Астана медициналық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті.
Есіл ауданы (сол жағалау): Назарбаев университеті, Astana IT University
Қай аудан тиімді?
Ойын-сауық орталықтары, заманауи тұрғын үйлер негізінен Есіл ауданында орналасқан. Бұл аудан көбіне Назарбаев университеті мен Astana IT University студенттері үшін өте ыңғайлы. Алайда пәтер бағасы өзге аудандардан жоғары.
Есіл ауданында пәтерді жалға алу бағасы айына 180-200 мың теңгеден басталады, ал 2-3 бөлмелі пәтердің құны орта есеппен 250-450 мың теңге тұрады.
Алматы ауданы – ЕҰУ студенттеріне қолайлы. Бұл аудан студенттер арасында сұранысқа ие болғандықтан, пәтер бағасы әртүрлі. Қымбаты да, арзаны да бар. Мұнда көлік қатынасы да жақсы дамыған, қала орталығына тікелей қатынайын автобустар көп.
Алматы және Сарыарқа аудандарында пәтер жалдау құны айына шамамен:
- 1 бөлмелі – 180-200 мың теңге;
- 2 бөлмелі – 200-250 мың теңге;
- 3 бөлмелі – 300-350 мың теңгеден басталады.
Студенттер пәтерді оқу орнына жақын орналасқан, жолға көп уақыт кетірмейтін ауданнан іздегені жөн. Бұл ретте жалға берушімен келісімшарт жасап, тұрғын үйдің жай-күйін алдын ала тексеру өте маңызды екенін ұмытпаған дұрыс. Бұған дейін студентке арзан пәтерді қалай табуға болатыны жөнінде жазған едік.