Көлік министрі: жекеменшік ұшақтар қызметін реттеуде мәселе бар

Астана маңында шағын ұшақтардың неліктен құлағанын анықтауға бір жылдай уақыт керек.

 

Бұл туралы Көлік министрі Үкімет отырысынан кейінгі брифингте айтты. Нұрлан Сауранбаевтың сөзінше, әр апаттың себебін анықтау үшін тиісті органдар тергеу амалдарына кіріскен. Тергеу аяқталғанға дейін ұшақтары апатқа ұшыраған қос компанияның қызметі тоқтатылған. Еске сала кетейік, 17 тамыз күні Астана маңында жеңіл моторлы ұшақ құлап, бортындағы ұшқыш пен жолаушы көз жұмған еді. Министр осы ретте жекеменшік ұшақтар қызметін реттеуде мәселе барын мойындады.

– Жолаушы таситын әуе көліктері мен жекеменшік ұшақтарды алып қарасақ, заң тұрғысынан реттейтін шаруа көп. Заң жүзінде оларға әміріміз жүрмейді. Яғни, заң солардың жағында. Енді осы екі оқиғаға байланысты заңға өзгерістер енгізу туралы бастама көтеретін боламыз, – деді Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.