Ал енді бірі «мұндай мектептерге тек қалталы адамдардың балалары барады» деп ойлайды. Жалпы, жекеменшік мектеп білім саласына қалай әсер етіп жатыр?
Қазір Қазақстанда 744 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Онда 300 мыңға жуық оқушы білім алып, 50 мыңға тарта мұғалім еңбек етіп жүр. Бұл аз көрсеткіш емес. Себебі елімізде әлі күнге дейін 150-ге жуық үш ауысымды және 250-ге жуық апатты мектеп бар. Білім сапасын жақсарту үшін әрбір мектептің бір ауысыммен жұмыс істеуі, сыныптағы оқушы санының шектеулі болуы аса маңызды. Осындай жағдайда жекеменшік мектептердің атқарып отырған рөлі зор.
Оңтүстіктегі директорлар неге ашулы?
Естеріңізде болса, 2018 жылдан бастап жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру мүмкіндігі заңды түрде бекітілді. Осылайша, кейбір ата-аналар миллиондап ақша төлемей-ақ, жекеменшік мектептерде баласын тегін оқытып жүр. Ал мемлекет тарапынан балаларды жекеменшік мектепте оқытуға арнайы субсидия бөлінеді. Бірақ биыл «Қаржы орталығының» бұл ақшаны кешіктіруіне байланысты жекеменшік мектептегі мұғалімдер еңбекақысын уақтылы ала алмай, біраз шу болды. Әсіресе, халық тығыз орналасқан Шымкент қаласында жекеменшік мектеп директорларының айтуынша, өздері басқарып отырған білім ошақтарының қазіргі жай-күйі дабыл қағарлық жағдайда екен. Өйткені ата-аналардан қосымша қаражат алмай, тек мемлекеттік тапсырыс есебінен жұмыс істейтін мектептер банкрот болудың сәл-ақ алдында тұр. Ең басты кедергі – мемлекеттік қаржыландыру өз деңгейінде жүргізілмеуінде. Көптеген мектеп 2023-2024 оқу жылына арналған қаржыландыруды күні бүгінге дейін толығымен алмаған. Бүгінде мемлекеттің жекеменшік мектептерге берешегі 80 млрд теңгеге жетіп отыр. Соның салдарынан білім ошақтары мұғалімдердің жалақысы, коммуналдық қызметтер, салық төлемдері алдында қарыз болып қалуда.
– «Қаржы орталығы» АҚ оператор ретінде жекеменшік мектептермен оқушылардың санына қарай жан басына шаққандағы қаржыландыруын жүзеге асыруға келісімшартқа тұрған. Алайда былтыр жаңа оқу жылынан бастап қар-жыландыру нашар. Мәселен, мектептен шыққан оқушыны есепке алып, төлем жүргізуін бірден тоқтатса, ал жаңадан қабылданған балаға қаржы бөлінбейді. Мемлекет жекеменшік мектептерді 9 ай ғана қаржыландырады. Бұл ұстаздардың жаздық сауықтыру ақысы мен кезекті еңбек демалысының шығындарын жаба алмайды. Оқушыларға тегін оқулық кітаптар берілмейді. Ұстаздардың біліктілігін арттыру курстары қамтамасыз етілмеген. Әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары мемлекеттік білім ошақтарында алатын мектеп формасын жекеменшік мектептерде ала алмайды, – деп Шымкенттік директорлар Мәжіліс депутаттарына жан айқайын жеткізді.
Қазір Оңтүстік өңір мен ірі қалаларда үш ауысымды оқу мәселесі оң шешімін таба бастаған. Бұл – министрліктің мемлекеттік тапсырыспен жан басына қаржыландыруды енгізген мақсатты саясатының нәтижесі. Бір ғана Шымкенттің өзінде 2023 жылы жеке кәсіпкерлердің күшімен 46 жекеменшік білім ошағы пайдаланылуға берілді. Соның нәтижесінде қаладағы 586 мың оқушының 132 мыңы жекеменшік мектептен білім алуда. Бірақ жекеменшік мектептерге мемлекеттің қолдауы азаятын болса, ондағы оқушылар мен мұғалімдердің жағдайы не болмақ? Бұл мәселе уақытша шешімін тапқанымен болашақта қайталабайтынына кім кепіл?
Оқулық жекеменшікке жетпейді
Ата-аналардың жекеменшік мектепті таңдауына бірнеше фактор әсер етеді. Бірінші, әдетте мемлекеттік мектептерде бір сыныпта 30-40 бала отырса, жекеменшікте 15-20 шамасында ғана болады. Бұл – әр балаға жеке көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Екінші, көптеген жекеменшік мектеп Cambridge, IB (International Baccalaureate) секілді халықаралық бағдарламаларды ұсынады. Үшінші, заманауи сыныптар, спорт залдар, зертханалар – оқушылардың қызығушылығын оятады. Сондай-ақ ағылшын тіліне ерекше мән беріледі, кейде қосымша қытай немесе француз тілдері де оқытылады.
– Жекеменшік мектепте әр баланың деңгейіне қарай жеке көңіл бөлінеді. Ал мемлекеттік мектепте бала стандартты білім алады. Бір тақырыпты түсінбей қалды екен деп ешкім балаға қайта айналып түсіндірмейді. Жекеменшікте оқушы 4 уақыт тамақ ішеді. Түске дейін білім беру бағдарламасы бойынша сабақ оқыса, түстен кейін әртүрлі үйірмеге қатысып, түсінбеген сабағын пысықтайды. Балаға да, ата-анаға да ыңғайлы, – дейді Bolashak Kemenger жекеменшік мектебінің директоры Ләйлә Көккөзова.
Оның айтуынша, қыста жекеменшік мектептерді бірнеше ай қатарынан мемлекет қаржыландырмады. Бірақ құрылтайшылардың араласуымен бұл мәселе шешілді. Кешіктіріліп болса да, мұғалімдер жалақысын алды.
– Ай сайын қаржы орталығы тиісті қаржыны бөліп отырса бізге де жақсы. Өйткені біз солар берген ақшамен мұғалімнің айлығын, оқушының тамағын ажыратамыз. Қазір жекеменшік мектеп көп ашылып жатыр. Мемлекеттік мектепке оқулық берілгені сияқты, жекеге де кітап берсе дейміз. Өйткені жекеменшік мектепте кітап қоры жоқ. Ата-ананың тарапынан ғана қаржыландырып, кітап аламыз, – дейді Ләйлә Көккөзова.
Ата-ана таңдау жасағанда сапалы білімге және оқу бағасына көңіл бөлетіні сөзсіз. Еліміздегі жекеменшік мектептер ұсынатын баға диапазоны әртүрлі. Аймақтық жерде айлық оқу құны 50 000 теңгеден басталып, Алматы, Астана мегаполистерінде 1 миллион теңгеден асып жығылады. Оқу ақысы жөніндегі рейтингте бірінші орынды Астана қаласында орналасқан QSI халықаралық мектебі иеленіп отыр. Мұнда 1-сыныптан 12-сыныпқа дейін оқу ақысы бірдей, жылына 26 000 АҚШ доллары, айына орта есеппен 1,28 млн теңгеден. Оқу тек ағылшын тілінде жүргізіледі. Халықаралық деп аты айтып тұрғандай, негізінен елімізде жұмыс істейтін шетелдік азаматтардың, дипломаттардың балаларына арналған мектеп. Дегенмен мұнда Қазақстан азаматтарының да балалары білім алады. Бала саны да шағын, 300-ден асады. Екінші орында Алматы қаласында орналасқан халықаралық QSI мектебі тұр. Мұндағы оқу ақысы, елордадағыдан арзан, айына орта есеппен 1,08 млн теңгеден. Оқушы саны – 450. Рейтингте үшінші орынды Haileybury Almaty және Haileybury Astana мектептері иеленген. Екі мектептің бір орында орналасу себебі – екі мектепте білім беру құны бірдей. Мұнда дайындық сыныбынан бастап 13-сыныпқа дейін білім беріледі. Сондықтан оқу ақысы сыныптарға қарай бөлініп отырады. Мысалы, дайындық сыныбы жылына 5,6 млн теңге, 3-6-сынып оқушылары үшін 9,7 млн теңге, 10-13-сыныптар үшін 12,6 млн теңге. Орта есеппен оқу ақысы айына бір бала үшін шамамен – 1 млн теңге.
Мықты мұғалімдер жекеменшікті таңдаған
Astana Garden School инновациялық мектебінің негізін қалаушы Нұрмұхамед Досыбаевтың пікірінше, жыл сайын шамамен жекеменшік мектептерге 200 миллирад теңге көлемінде қаржыландыру бөлінеді. Қазір мықты мұғалімдер жекеменшік халықаралық мектептерге ауысып жатыр. Себебі ол жақта жұмыс істеу ұстаздарға қолайлы. Мемлекеттік мектептердің ішінде де сапалы кадрлар НЗМ, БИЛ, РФММ сияқты мамандандырылған мектептерде. Ал орта білім беретін мектептердегі мамандардың жағдайы мәз емес.
– Мұны мұғалімдердің біліктілік тестінің нәтижесінде айтып отырмын. Ешкім ренжімес. Екінші. ҰБТ, олимпиада нәтижелері де осы сөзімді растап отыр. Мемлекеттік мектептегі білім сапасы жылдан-жылға төмен түсуде. Керісінше, мамандандырылған, соңғы жылдары ашылған жекеменшік, халықаралық мектептердің білім сапасы көрінуде. Бұл жерде, бизнес үшін ашылған жекеменшік мектептерді емес, ұзақ мерзімді жоспармен ашылған мектептерді айтып отырмын, – дейді Нұрмұхамед Досыбаев.
Оның айтуынша, мемлекеттік мектептердегі мамандарға қолайлы жағдай жасап, олардың өсуіне мүмкіндік беру керек. Қазір бұл бағыттағы көрініс мәз емес. Жалпы, мектепте әр деңгейдегі оқушы оқитындықтан олармен жұмыс істеу де қиын. Сондықтан мықты мамандар қай жерде жұмыс істеу қолайлы болса, сонда шоғырлануда.
Қазір мемлекет жекеменшік мектептерге жақсы қолдау білдіріп келе жатыр. Тек аяқастынан жаңа ереже бекітпеуі керек. Қазақстанда жалға алынған ғимаратта мектеп ретінде жұмыс істеп жатқан 40 пайыз жекеменшік мектеп бар. Бұл шамамен 350 мектеп. Солардың барлығын бірдей жабу қате деп ойлаймын. Сапасы төмен мектепті ғана тексеріп, арнайы талап қою керек. Ал жалға алған ғимараттың бәрі нашар деу негізсіз болады. Мемлекет тарапынан осындай қолдау жасап, салықтан босатса жақсы болар еді. Өзбекстанда айлықтың үстінен төленетін салық 10 пайыз ғана, ал Дубайда мұндай салық жоқ. Қазақстанда 30-35 пайыз. Бұл жұмыс берушілерге ауыр. 2026 жылдан бастап 5 пайыз корпоративтік табыс салығын енгізіп жатыр. 2027 жылы 10 пайыз болады екен. Оны да азайту керек. Осындай қолдау жасалса, жекеменшік секторға инвестиция да келу тоқтамас еді. Еліміздегі білім сапасының артуына бұл үлкен қолдау. Кейін бюджетте ақша көбейіп, мемлекеттік мектептердегі жағдай жақсарғанда мықты ұстаздардың жалпы мектепке қайта оралатыны анық, – дейді Нұрмұхаммед Досыбаев.
Жекеменшік мектептердің көбеюі білім беру саласындағы бәсекені арттырады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік мектептердің де дамуына түрткі болуы мүмкін. Дегенмен басты мәселе – сапалы білім тек ақшасы барларға ғана бұйырмауы керек. Себебі білім – баршаға ортақ құндылық.
Көктем ҚАРҚЫН