Сәт сайын кен орнындағы келеңсіздіктер тұрғылықты халықтың ашу-ызасын туғызып тұр. Оның ішінде жалақы төңірегіндегі жырдан бастап, кен орнын игеруге қатысты бірқатар былықтың бетін ашқан кәсіпорын жұмысшылары басты талаптарының әлі күнге дейін ескерусіз қалып тұрғанына ашынады.
Жалпы, «Аралдың ақ алтыны» аталған тұз өндірісінің тарихы тереңнен басталады. Ең алғаш тұз өндіру ісі теңізді өңірде 1925 жылы қолға алына бастайды. Нақты айтқанда, бұл кәсіпорын ең алғаш сол жылы тұз қазатын «Соль» артелі ретінде құрылады. 1927 жылы Сольтрес кәсіпорны болып жасақталады. Кейіннен 1958 жылы Сульфатпен қосылып, «Аралсульфат» деген атауға ие болады. Сол кезеңнен бастап комбинатта тұз қазу, өңдеу, қаптау, қалталау, тұз жылы, механика және жылу, электр, құрылыс, автотрактор, қосалқы шаруашылық цехтары жұмыс істейді. Жылына 600-650 мың тонна аралығында тұз қазу, тасу, түсіру жұмыстары жүргізіледі. Комбинатта 1928 жылы ұзындығы 53 шақырым болатын «Арал-сульфат тұз» құрылысы басталып, 1932 жылы аяқталады. Комбинатта 1991 жылы жылына 620 мың тонна тұз ұсақтайтын «тұз майдалау» цехы іске қосылыпты. Ал 1993 жылы «Аралтұз» АҚ болып қайта құрылып, соның негізінде 2013 жылы осы заманға сай жабдықталған цех ашылады. Онда жылына 130 мың тонна йодталған ас тұзы өндіріледі. Бүгінде кәсіпорынның тұз өнімдері халықаралық стандартқа сай, жоғарғы сапа сертификатына ие. Өндірілген өнімдер Түркия және ТМД елдеріне экспортталады деп көрсетілген.
Дейтұрғанмен кәсіпорын жұмысшылары тарапынан ішкі ахуалдың ушығып тұрғанын бірнеше жылдан бері үздіксіз көтеріп келеді. Оның ішінде жалақы мен зейнетақы жарналарын аударуға қатысты келіспеушілік, ішкі қауіпсіздік шаралары, кен өндіру кезіндегі кемшіліктер шешімін таппай, есесіне сағызша созылып бара жатқанға ұқсайды. Бұл жайында бізге «Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық қозғалысының төрағасы, Арал мәселесін көтеріп жүрген белсенділердің бірі Жомарт Қартбаев хабарласып, жан-жақты баяндап берді.
Қазір Жақсықылыш кенті тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі осы кәсіпорынмен тығыз байланысты. Өйткені алақандай ғана ауылда тұз өндірісінен өзге тіршілік көзі жоқ. Егінге ауыл табиғаты мүмкіндік бермейді. Ал мал шаруашылығымен айналысатындар қарасы қалың емес. Көп жағдайда ойсылқара тұқымын өсіріп отырған жандар байқалады. Оның өзі де көл-көсір пайдаға кенеліп отыр деп айту қиын. Сол себепті де ауыл халқының басым көпшілігі комбинатта еңбек етіп, күнкөріс қамын күйттеуге мәжбүр.
Алайда Арал жанашыры өндіріс орны орналасқан ауылдың тіршілігі күн санап тұралап бара жатқанын қынжылыспен жеткізді. Соның ішінде ауыл тұрмысын түзеп, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпалы жоғары саналатын кәсіпорында соңғы жылдары жұмысшыларға басшылық тарапынан қысым жиі көрініс тауып тұрғанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, жалақының уақытылы төленбеуі, кәсіпорын жұмысшыларының еңбек демалысына шығуына кедергілер келтіру деректері жиілеп кеткен. Сонымен қатар өз пікірін ашық жеткізген жұмысшыларға қысым көрсету, одан қалды заңсыз жұмыстан босату фактілері тіркелген.
«Бұл кәсіпорында адам айтса нанғысыз түрлі келеңсіздік болып жатқаны жиі айтылып жүр. Оның ішінде жұмысшылардың еңбек құқықтарының бұзылуы жиілеп кеткен. Сол сияқты тұз өндіру процесінің өзінде заңбұзушылықтар анықталып отыр. Нақты айтқанда, тұз өндіруде экологиялық және өндірістік қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылып отырғаны белгілі болды. Осы ретте, тұз өндіру процесіндегі кемшіліктерді айтпағанның өзінде, еңбек техникасы мен қауіпсіздік талаптарының сақталмауы жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына зор қауіп төндіріп тұрғанын ерекше атап өткен абзал. Бұл мәселе тиісті орындар тарапынан бұған дейін де көтерілді. Бірақ әзірге көз қуантарлық нәтиже болар емес. Кәсіпорынның ішкі ахуалы «баяғы жартас сол жартас» күйінде қалып тұр», – дейді Арал белсендісі.
Қоғамдық қозғалыс төрағасының уәжіне құлақ түрсек, Энергетика және минералды ресурстар министрлігі берген 27.01.2006 жылғы №004985 мемлекеттік лицензия негізінде жұмыс істеп жатқан «Аралтұз» акционерлік қоғамында тұз өндіру технологиясын өрескел бұзылуы, тиісті ережелердің сақталмауы белең алып тұр. Атап айтқанда, тұз өндіру технологиясының өрескел бұзылуы, оның ішінде тұз өндіру жұмыстарының экскаваторлық әдіспен жүргізілуі көпті толғандырады. Бұл тәсіл бірінші кезекте тұз қабаттарының табиғи жолмен қалыптасуына кері әсерін тигізеді және жер қойнауын пайдаланудың экологиялық нормаларын бұзады деп есептейді. Яғни, осы әдіс келешекте тұздың пісіп, қайта қалпына келуіне зиянын тигізіп қана қоймай, жерасты тұз қорының жоғалуына әкеп соқтырады деген қорқыныш басым. Екіншіден, кәсіпорын жұмысшылары құқықтарының бұзылуы тыйылмай тұрғанын алға тартты. Бұл тұрғыда зейнетақы жарналары мен міндетті медициналық сақтандыру төлемдері жұмыс беруші тарапынан уақытылы аударылмайтынын жеткізді. Сол сияқты цехтарда аспирация (шаң сору) құрылғыларына қатысты мәселе жұмысшылардың денсаулығына қауіп төндірсе, цехта еңбек ететін бір қызметкерге бірнеше міндеттің жүктелуі кадр тапшылығы мәселесінің орын алып тұрғанын аңғартады. Ал тамақтану және демалу орындарының санитарлық талапқа сай келмеуі адам құқықтары мен еңбек нормаларына қайшы екенін мәлімдеді. Үшіншіден, өнім сапасының төмендеуі өзектілігін жоймай тұрғанына қынжылыс білдірді. Бұл ретте, қазір өндіріліп отырған тұздың 80 пайызы техникалық мақсатта ғана қолданылып отырғанын, бұл бірінші кезекте өнім сапасының нашарлауын көрсететінін алға тартады. Жағдай бұлай жалғаса берсе зауыт келешегіне зор қауіп төндіруі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді.
«Бұған дейін жоғарыда аталған мәселелер бойынша Арал аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасымен тексеріс жұмыстары жүргізілді. Кәсіпорындағы мәселелердің нақтылығы анықталды. Соның негізінде тиісті шешімдер шығып тұр. Нақты уақытта кәсіпорын осы басқармамен соттасып жатыр. Алайда өкінішке қарай, құзырлы мекеменің заңбұзушылық аясында көрсеткен төрт талабының үшеуі алынып тасталып, тек біреуі ғана күшінде тұр. Ал еңбек қорғау және қаржы министрлігінің шешімдеріне сәйкес жұмысшыларға төленуі тиіс әлеуметтік пакеттер әлі күнге төленбеген. Кәсіпорын төңірегінде болып отырған осындай әрекеттер түрлі күмәнді ойларға жетелейді. Бұл мәселе жайында «AMANAT» партиясына хат жолданды. Алдағы уақытта Қызылорда облысы әкіміне аталған мәселе бойынша кіру жоспарда бар. Бір сөзбен айтқанда, Жақсықылыш кенті халқының жағдайы ауыр. Бұған көз жұмып, қол қусырып қарап отыру мүмкін емес», – дейді Жомарт Қартбайұлы.
Арал белсендісі көп келеңсіздік анықталғанымен, әзірге кәсіпорын тарапынан болып жатқан заңбұзушылықтар мен жұмысшылар талаптары орындалмай тұрғанын жеткізді. Соның ішінде мемлекеттік құзырлы мекемелер мен министрліктердің талап шешімдері тасада қалып, жұмысшыларға әлеуметтік төлемдердің әлі күнге төленбеу себебін түсінбей дал.
Аталмыш мәселе төңірегінде жергілікті әкімдікке хабарласып, кәсіпорынның қазіргі ахуалы жайында сұрадық. Сауалымызға орай Арал ауданы әкімдігі «Аралтұз» АҚ-ға қатысты мәселе бар екенін жасырмады. Соның ішінде кен орнын экскаваторлық әдіспен қазу мәселесі шешімін тапқанын сүйіншіледі.
«Бұған дейін кәсіпорында көп мәселе бой көрсетті. Соның ішінде тұзды экскаватормен қопарып, қазып алу әдісі халықтың ашу-ызасын туғызғаны рас. Соған орай кәсіпорынға жалпы құны 1 млн АҚШ доллары болатын арнайы комбайндар жеткізілгені жайында ақжолтай хабар алдық. Жаңа техникаларды арнайы тапсырыспен Германиядан алғызып отыр. Сол арқылы бұдан кейін кен орнында арнайы заманауи техникалардың көмегімен тұзды бетінен қалқып алу әдісі қолға алына бастады. Ал комбинаттағы өзге де мәселелер алдағы уақытта оңтайлы шешімін табады деген сенім зор», – деді бұл жайында Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Өз кезегінде Арал аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі кәсіпорын тарапынан қомақты инвестиция тартылып, аудан аумағында ауқымды жұмыстар жүргізілгенін жеткізді.
«2025 жылдың қаңтар-шілде айлары бойынша «Аралтұз» АҚ-ның тұз өндіру зауытында 183 705 тонна ас тұзы өндіріліп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 103,1 пайызды құрап отыр. Жыл басынан бері өндіріс орнына «Аралтұз» АҚ тарапынан 98 млн теңге инвестиция тартылған. Бұған қоса жыл соңына дейін зауыттағы құрал-жабдықтарды жаңғыртуға, жөндеу жұмыстары және әлеуметтік жобаларға қосымша 985,5 млн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Қазір кәсіпорын тарапынан жоба құны 9 млн теңгеге Жақсықылыш кентіндегі ауылдық емхана ғимаратының бір бөлігін кент әкімдігіне өткізу мақсатында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ биыл өндіріс аумағында 100 орынға арналған жатақхана пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сол сияқты Арал қаласынан жоба құны 180 млн теңгені құрайтын спорттықсауықтыру кешені және бассейн құрылысын жандандырып, жыл соңына дейін қосу жоспарда тұр. Сонымен қатар жоба құны 18 млн теңгеге Жақсықылыш кентінің орталығынан тренажер, ойын алаңы бар шағын стадион салу межеленіп отыр», – делінген бөлімнің берген жазбаша жауабында.
Жалпы, құзырлы орындар тарапынан кәсіпорындағы қордаланған мәселелердің қашан толықтай шешімін табатынына тұщымды жауап болмады. Соған қарағанда өндіріс орнында тізбектелген түйткілдердің түйіні қай кезде түбегейлі шешімін табары әзірге беймәлім күйде қалып тұрған сияқты.
Қалай дегенде де, жергілікті жұртшылықты толғандырған мәселелер кезек күттірмейтіні белгілі. Соған орай Арал жанашыры жоғарыда аталған жайттарды қаперге ала отырып, кәсіпорынға 27.01.2006 жылы Энергетика және минералды ресурстар министрлігі берген №004985 мемлекеттік лицензиясы кері қайтарылса деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар заңбұзушылықтарды жою бойынша қатаң тексеріс жүргізіліп, тиісті шаралар қолданылуы қажет деп есептейді.
Жалпы, Арал өңірінің экологиялық және әлеуметтік ахуалын арттыруда жоғарыда аталған мәселелер ескерусіз қалмай, нақты шешімдер қабылданатынына дүйім жұрттың үміті басым. Ең дұрысы, жергілікті жұртшылық іргелі кәсіпорын мемлекет меншігіне қайтарылса, ахуал оңалар еді деген пікірде.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы