Конституциялық реформа – жаңарудың жаңа бастаулары

Елімізде 2022 жылдан жүргізілген конституциялық реформалар жаңару мен жасампаздықтың бастауына, қуаттану мен өрлеудің арқауына айналды.

Бұқара мен биліктің келісімі, бірлігі, тепе-теңдігі үйлесім тапқанда елге құт қонып, береке орнайды. Президент бастамашы болған конституциялық өзгерістер аясында жүзеге асқан сайлау жүйесіндегі және салалық заңнамадағы трансформация мемлекет пен қоғамның ауызбіршілігін нығайтуға септігін тигізді. 

Ата Заңның 30 жылдығы қарсаңында осынау реформалар астарына да үңілдік. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында татулық пен тұрақтылыққа ерекше мән беріп, елді бірауыздылыққа, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуге шақырды.

– Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын! Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз. Әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталды. Алдағы жолдың қиындығы көп. Бұл бағдарымыз ешқашан өзгермейді, ішкі және сыртқы ахуал қандай болса да жалғаса береді, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұдан былай халықты алаңдатқан, ел үшін маңызды мәселелерді келісіп, референдум арқылы шешуді ұсынды. Бірлік пен келісім қоғамның экономикалық, саяси және рухани жаңғыру мақсаттарына табысты қол жеткізуінің негізі мен басты шарты болады. 

Осы орайда 2022 жылғы 5 маусымдағы референдум нәтижесінде Конституцияға өзгерістер енгізілді. Бұл халықтық таңдау жаңа саяси жаңғырудың қайнарына айналды. Атап айтқанда, мемлекеттік билік пен басқарудың 76 органына лауазымды тұлғаларды сайлаудың тұғырлы жаңа тәртібі өмірге жолдама алды. Оның ішінде мысалы, ел Пре­зидентін бірреттік 7 жылға сайлау, Мәжіліс пен мәслихаттардың депутат­тарын сайлау кезінде мажоритарлы және аралас сайлау жүйесіне қайта оралу, халық таңдаған депутаттарды кері шақырып алу бойынша императивті мандатты енгізу бар. 

2022 жылғы референдум қоры­тындысында Конституцияға қоғамды демократияландыруға бағытталған жалпы саны 56 өзгеріс енгізілді. Са­рапшылар, соның ішінде мысалы, бұрын тек биік лауазымды билік өкілдерінің аз шоғырына қызмет етіп келген Конституциялық кеңестің орнына әрбір азамат жүгіне алатын Конституциялық сотты құруды атап өтеді. Бұл азаматтардың қорғалу деңгейін жоғарылатты. 

Реформа Парламенттің рөлін кү­шейтті, мемлекеттік басқаруды модер­низациялады, қоғамдық бақылау мен жергілікті өзін-өзі басқаруды кеңейтті. Мемлекеттік шығыстарды бақылаудың, жер мәселелерін реттеудің және саяси процестердің айқындығын арттырудың жаңа тетіктері пайда болды, мұның бәрі Қазақстанның ары қарайғы демокра­тиялануға деген ұмтылысын бекітті. 

Қазақстанда тәуелсіздіктің 34 жылы ішінде жалпы саны 4 референдум ғана өтіпті. Соның ішінде 2024 жылы ұйым­дастырылған соңғы референдум ел та­рихындағы елеулі оқиғаға айналды. Қазақстан халқы онда тұңғыш рет саяси емес, стратегиялық мәселеге – рес­публиканың энергетикасының бола­шағына қатысты ықтиярын білдірді. Бұл мәселені талқылау мен дауыс беруге жұртшылықтың белсенді қатысуы қоғамдық-саяси күн тәртібіндегі дәстүрлі тақырыптардан басқа, әлеуметтік-экономикалық проблематика бойынша да билікпен келісіп шешім қабылдауға, байламын білдіруге қатысты қоғамның сұранысы зор екенін паш етті. 

Сонымен, 2024 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Президенті «2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткізу туралы» №636 Жарлығына қол қойды. Оған «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауал шығарылды.

Референдумды әзірлеу мен өткізу­ді – «Орталық референдум комиссия­сының» функцияларын орындаған Орталық сайлау комиссиясы, сондай-ақ аумақтық референдум комиссиялары­ның функцияларын орындаған 246 аумақтық сайлау комиссиясы және учаскелік референдум комиссиялары­ның функцияларын орындаған 10 323 учаскелік сайлау комиссиясы жүзеге асырды. Кейін халықаралық байқаушылар мойындағандай, Орталық комиссияның отырыстары ақпарат құралдарының қатысуымен ашық және жария түрде өткізілді. Жиындары ОСК-ның интернет-ресурсы арқылы көрсетілді және сур­доаудармамен қамтамасыз етілді.

Ортсайлауком Мемлекеттік орган­дардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында (gov.kz/referendum), сондай-ақ referendum.gov.kz, referendum2024.gov.kz арнайы ашылған сайттарда дауыс беруге арналған учаскені іздеу сервисін іске қосты. Gov.kz, egov.kz басты беттерінде, банк қосым­ша­ларында АЭС туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап парақшасына өткізетін баннер орналасты. Дауыс берудің күні, уақыты, орны туралы ақпараты бар, сон­дай-ақ жүргізіліп жатқан науқан бойынша барлық ақпараттық материалға қол жеткізуге мүмкіндік беретін қағаз хабарламада QR-код түріндегі цифрлық шешім элементі алғаш рет енгізілді.

Дауыс беру күні референдум учас­келерінде қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың 31 798 өкілі және отандық БАҚ-тың 1 627 өкілі, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 177 байқаушысы, сондай-ақ шетелдік БАҚ-тың 200 өкілі қатысты.

Тарихта қалған соңғы референдумның қорытындыларына тоқтала кетсек. «Бүкілхалықтық сауалнамаға» қатысуға құқығы бар Қазақстан азаматтарының жалпы саны – 12 284 487 адамды құрады. Соның ішінде 7 820 204 адам немесе 63,66%-ы референдумға қатысып, ық­тиярын білдірді. Референдумға шыға­рылған мәселені қолдап, 5 561 937 немесе 71,12%-ы дауыс берген. Референдумға шығарылған мәселеге қарсы екенін біл­дірген азаматтардың саны – 2 045 271. Ал 130 267 бюллетень бүлініп қалған­дықтан, жарамсыз деп танылған. 

Орталық комиссия референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатыс­қандықтан, «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» мәселесі бойынша референдумды «өтті» деп таныды. Сондай-ақ ол дауыс беру нә­тижесінде қатысқан азаматтардың жартысынан көбі қолдап дауыс берген­діктен, референдумға шығарылған мә­селе қабылданды деп санады. 

Сол референдумнан кейін конс­титуциялық реформа аясында өткен келесі іс-шара – аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдар және кенттер әкімдерін сайлау болды. Жаңару аясында енді оларда жергілікті халық өз әкімін тікелей өзі сайлап алады. Бұрын бұл кандидатураны облыс әкімі ұсынатын, содан әдетте екі үміткердің арасынан мәслихат депутаттары бірін таңдауға мәжбүр болатын. 

Ортсайлауком мәліметі бойынша, 2024 жылы ауыл әкімдерінің 606 сайлауы өткізілді. Оның ішінде 308-і немесе 50,8%-ы өкілеттік мерзімінің өтуіне бай­­ланысты, тағы 298-і немесе 49,2%-ы – өкілеттіктің мерзімінен бұрын тоқ­та­тылуына байланысты ұйымдас­тырылды. 

«Аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі болуға кандидатты ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар – өз мүшелері арасынан, азаматтар өзін-өзі ұсыну тәртібімен әкім болуға кандидат ретінде дауысқа түсу ниеті туралы тиісті сайлау округінің аумақтық сайлау комиссиясына өтініш беру арқылы, сондай-ақ егер ұсыну мерзімі аяқталатын күнге екеуден аз кандидат ұсынылса, ауданның (облыс­тық маңызы бар қаланың) әкімі жүргі­зеді», – деп түсіндірді ОСК.

Сайлау қорытындысында жергілікті тұрғындар сайлаған жаңа 606 әкімнің 542-сі (89,4%-ы) – ер, 64-і (10,6%-ы) әйел болды. Жаңа әкімдер 12 ұлттың өкілі саналады. Барлығының жоғары білімі бар. Орташа жасы 43,7 жасты құрады. 381-ін немесе 62,9%-ын ресми тіркелген 5 саяси партия ұсынды. Тарата айтқанда, 365-ін – «AMANAT» партиясы, 6-уын – «Ақ жол» ҚДП, тағы 6-уын – ҚКП, екеу-екеуден «Ауыл» ХДПП мен Respublika партиясы ұсынды. Қалған 225-і өзін-өзі ұсынған. 79,4%-ы – саяси партияларының мүшелері, тек 20,6%-ы  өзінің қандай партия мүшесі екенін көрсетпеді.

Орталық сайлау комиссиясы 2025 жылы Қазақстанның аудандары мен облыстық маңызы бар қалаларының, сондай-ақ аудандық маңызы бар қала­ларының, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың әкімдерін сайлау науқаны өтіп жатқанын хабарлады. Оның үлкен бөлігі тамыз айының со­ңында және алдағы қыркүйек айында ұйымдастырылады. Сайлау өтетін ауыл-қаланың атауы мен басқа да ақпараты Ортсайлаукомның ресми интернет ресурсында жарияланып, дерегі үнемі толығады. Қорытынды мәліметтер кейін белгілі болады. 

Бүгінде Орталық сайлау жанында­ғы Сарапшылық кеңес сайлау үдерісін ары қарай жетілдіру жолдарын қарасты­рып жатыр. Себебі Мемлекет басшысы осы тұрғыда әлемдегі ең үздік тәжірибені зерт­теуді жүктеген-тін. Соның шең­бе­рінде, мысалы, сайлауда электронды, мерзімінен бұрынғы, қашықтан және көпкүндік дауыс беру сияқты баламалы нысандарды қолдану, кандидаттардың Қазақстанның немесе белгілі бір өңірдің аумағында тұрақты тұруы фактісін анықтау бөлігінде отырықшылық цензі мәселелерін реттеу, инфлюенсерлер, блогерлер, танымал тұлғалар дауыс беру процесіне ықпал етпеуі үшін толтырған бюллетенін фото-видеоға түсіруіне және жариялауына тыйымды енгізу және басқа мәселелер пысықталды.

Электронды және қашықтан дауыс беруді зерттеу ғалымдар мен практик­тердің кең тобын тарта отырып, әлі де жалғасып жатыр. Бұл жерде қағаз бюллетеньдерді пайдаланып, сайлау­шы­ларға бір емес, бірнеше күн бойы және мерзімінен бұрын дауыс беру мүмкіндігін ұсынуға екпін түсіріледі. 

– Мерзімінен бұрын дауыс беру институты АҚШ, Аустралия, Канада, Жаңа Зеландия, Норвегия, Ресей, Түрікменстан, Түркия, Финляндия, Швейцария, Швеция сияқты елдерде қолданылады. Оның кейбірінде сай­лаушыларға қашықтан – пошта немесе интернет арқылы дауыс беруге рұқсат етіледі. Италияда, Лихтенштейнде, Норвегияда, Чехияда көп күндік дауыс беру тұрақты негізде енгізілді. Бұл бір күні шұғыл әрі ауыстыруға болмайтын шаруасы шығып, қолы босамай қалған адамға келесі күндері немесе ертерек өз ықтиярын білдіруіне мүмкіндік бере­ді, – деді Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтының қызметкері, заң ғылымдарының докторы Николай Турецкий. Ғалым мұның тәуекелдері де барын, сондықтан ең алдымен дауыстарды санау рәсімінің дұрыстығын, қауіпсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. 

Профессор, заң ғылымдарының док­торы Марат Қоғамовтың пайым­дауынша, мұндай жаңашылдықтарды жаппай енгізбес бұрын алдымен сынақтан өткізіп көру керек. Сондай-ақ ол көп күндік дауыс беруді сайлау субъектісіне қарай дифференциациялаған жөн деп есептейді. Яғни, Президент, Сенат пен Мәжіліс депутаттарының сайлауы сияқты бүкілреспубликалық сайлау мен өңірлік деңгейлердегі әкімдер, мәслихат депу­таттарының сайлауы үшін әртүрлі мерзімді қарастыруға болады. Қазақстанда сайлауға қатысу көрсеткіші үнемі төмен болатын өңірлер бар. Сарапшылар дауыс берудің балама түрлерін енгізу жүйелі түрде қалыс қалатын сайлаушыларды да тартуға ықпал етуі ықтимал екеніне назар аудартты. 

Қалай болғанда, реформаларды әрі ұластыру үшін кәсіби-эксперттік орта­ларда пікірталастар, егжей-тегжейлі пысықтаулар, озық бастамаларды пилоттық режимде сынаулар жалғасатын болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылымдағы Пар­ламенттің 1-сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде: «Біз Отанымызды өркендету жолында зор бетбұрыс жасап, жаңа дәуірге қадам бастық. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет», – деді. Демек, өзгерістер мұнымен бітпейді. Бұл ұзақ жолдың ба­сы ғана болса керек. 

Айхан ШӘРІП