Бұл орайда құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысы, басқа құзырлы мүдделес органдармен өзара ықпалдастық, алдын алу шаралары мен жаңа технологиялардың тиімді енгізілуі қылмыс деңгейін төмендетуге айрықша ықпал етіп отырғаны рас. Тәртіп сақшыларының қырағылығы мен жүйелі жүргізілген жұмыстарының нәтижесінде Ақмола облысының бүгінгі қылмыстық ахуалы түзеле бастауы осының нақты көрінісі десек артық айтпаспыз...
Қылмыстық ахуал тұрақталып келеді
Ақмола облыстық Полиция департаментінің ұсынған деректеріне сүйенсек, биыл облыс аумағында жалпы саны 2103 қылмыстық оқиға тіркелген. Былтырмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 24,3 пайызға төмендегені көңіл қуантады. Әсіресе, ұрлық деректері 28,4 пайызға, ұялы телефон ұрлығы 10,1 пайызға азайғаны мәлім болды.
Алайда цифрлық технологиялардың дамуымен қоғам өміріне аса үлкен қауіп болып төнген интернет алаяқтықтың саны аса өршіп кеткен. Полиция бұл мәселе аса өзекті екенін атап, оның алдын алу және профилактикалық жағдайға баса назар аударылғанын жеткізді. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, бұл бағытта көрсеткіш 16,7 пайызға төмендегенімен, цифрлық қылмыс әлі де өзекті күйінде қала берген.
Тиімді шаралардың бірі ретінде полиция күнделікті ақпараттық буклеттер таратуда, әлеуметтік желілерде бейнероликтер жариялап, тұрғындарды интернет-алаяқтықтан сақтандыруға барынша күш салуға баса назар аударған. Сонымен бірге ұялы байланыс операторларымен бірлескен жұмыстар нәтижесінде заңсыз SIM-box жабдығын пайдаланып, халықаралық байланыстан пайда таппақ болған екі қылмыскер құрықталды. Бұл әрекеттер Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 213-бабымен сараланып отыр.
Полиция мұнымен қоса банк карталарын жалған операцияларға беріп, алаяқтарға көмектесетін «дроптар» мәселесі де қатаң бақылауға алынғанын атап өтті.
– Жыл басынан бері осындай тұлғалардың шоттарынан 16 млн теңгеден астам қаражат бұғатталды. Ал 165 дропқа қатысты жалпы сомасы 50 млн теңгеден жоғары талап-арыз берілген. Бұл – азаматтардың қаржысын қорғауға жасалған нақты қадам болып отыр, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Гүлнар Пинчук.
Тәртіп сақшыларының дерегінше, жыл басынан бері облыс аумағында 26 аса ауыр қылмыс тіркелген. Олардың ішінде қарақшылардың қолымен жасалып 20 миллион теңгеден астам қаражат пен құнды дүниелерді жымқырып кеткен пәтер тонау оқиғалары «ізін суытпай» ашылып, сондай-ақ резонанстық бірнеше факті әшкере болды. Бұл – полицияның жедел-іздестіру шараларының пәрменділігін айғақтай түседі.
Статистикаға жүгінсек, өңірде қылмыстың ең көп тіркелетіні – Көкшетау қаласы болып отыр. Полиция мұны халық көп шоғырланған жерде қылмыс көрсеткіші де жоғары болатындықтан ірі қалаға тән заңдылық деп бағалады.
Жастар арасындағы қылмыс – ұдайы назарда
Соңғы жылдары Ақмола облысының полициясы заманауи технологияларды кеңінен енгізіп келе жатқанын атап өткен жөн. Қазір өңірде 64 400 бейнебақылау камерасы орнатылса, соның ішінде 18 600 камера жедел басқару орталықтарына қосылғаны мәлім болды. Ал 2 493 камера нақты қылмыстың алдын алуға бағытталған.
– Биыл Көкшетауда отандық TargetAI Limited компаниясымен бірлескен TargetEYE бейнеаналитика платформасы іске қосылды. Бұл жүйе жасанды интеллект арқылы бейнематериалдарды талдап, қылмысқа күдіктілерді автоматты түрде анықтай алады. Қазір жүйеге 8 378 іздеудегі адамның дерегі енгізілген, ал қаладағы ірі сауда орындарында орналасқан 20 камера күдікті тұлғаларды бақылауға мүмкіндік беруде, – деп толықтырды Ақмола облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Гүлнар Темірханқызы.
Жас буынның тәрбиесі – болашақ қауіпсіздігінің де кепілі болмақ. Бұл бағытта облыста бірнеше арнайы бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Мәселен, «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында құқық қорғаушылар жыл сайын 6 мыңнан астам дәріс оқып, оқушыларды құқықтық сауаттылыққа, зорлық-зомбылық пен нашақорлықтан аулақ болуға үйретіп жатқанын атап өткен жөн. Сонымен қатар жастар патрульдері құрылып, қоғамдық тәртіпті сақтауға жастардың өздері үлес қосуға мүмкіндік алған. Ал «Сенім» бағдарламасы негізінде полиция мен жастар арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған түрлі ашық кездесу, құқықтық акция, волонтерлік жобалар – осының айғағы.
Полиция мұнымен қоса жастар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында спорттық турнирлер, мәдени шаралар мен шығармашылық байқаулар өткізіп келеді. Бұл өз кезегінде жастарды бос уақытын тиімді өткізуге жетелей бастаған.
120 елді мекенде құқықбұзушылық тіркелмеді
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – тек полицияның ғана емес, бүкіл халықтың ортақ ісі. Ақмола облысында бұл бағытта қоғамдық кеңестер, еріктілер қозғалысы мен жергілікті тұрғындардың бастамалары кеңінен қолдау табуда. Мәселен, қоғамдық кеңестер полициямен тығыз байланыста болып, халықтың пікірін жеткізсе, ерікті патрульдер құқық қорғаушыларға қоғамдық тәртіпті сақтауда жәрдемдесуді қолға алған. Осының нәтижесінде тек осы жылы ғана 90 белсенді азамат марапатталып, олардың көмегімен 7 қылмыс ашылып, 500-ден астам әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілді.
Ал ауыл-аймақтарда «Зиялы қауым» жобасы аясында ақсақалдар, ұстаздар, кәсіпкерлер мен ардагерлерден құрылған кеңестер қоғамдық тәртіпті нығайтуға оң ықпалын тигізіп отыр. Соның нәтижесінде соңғы үш жылда ауылдардағы қылмыс 25 пайызға азайып, 120 елді мекенде мүлде құқықбұзушылық тіркелмеген.
Қылмыстың қайта жасалуын болдырмау – күрделі міндет. Облыста қазір 230 шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар мен 501 профилактикалық есептегі тұлға бақылауда. Биыл олардың арасынан 32-сі қайта қамауға алынып, 81 адамға әкімшілік бақылау орнатылған. Қылмыстың алдын алу және санын төмендету мақсатында қоғамда әлеуметтік бейімдеу, психологиялық қолдау, кәсіби оқыту және жұмыспен қамту бағдарламалары жүзеге асырылып жатқанын атап өткен жөн. Сонымен қатар осыған дейін қылмысты болған электронды білезіктер арқылы кейбір азаматтардың жүріс-тұрысы бақыланып отыр.
– Қайта қылмыс жасаудың алдын алуда қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдармен де тығыз әрі белсенді байланыс жүзеге асырылып жатыр. Олар босап шыққандарды жұмыспен қамтып, жаңа өмірге бейімдеуге көмектеседі, – деп түйіндеді Гүлнар Темірханқызы.
Ақмола облысының тәжірибесі көрсеткендей, қылмыспен күрес тек жазалау шараларымен шектелмейді. Мұнда алдын алу, заманауи технологияларды енгізу, жастармен жұмыс, қоғамның белсенді қатысуы, сондай-ақ қайта қылмыс жасағандарды бейімдеу сияқты кешенді тәсілдер қолданылып келеді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы