Салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол отбасы құндылығы қазақ қоғамының берік діңгегі екенін атап өтті. «Әр шаңырақ – бір мемлекеттің кішкентай үлгісі. Әке – ардың айнасы, ана – мейірім мен парасаттың иесі, ал қыз бен келін – әулеттің шырағы. Біз осынау ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық жүйемізді сақтап, жас ұрпаққа аманаттауымыз қажет. Бүгінгі байқау соның айқын көрінісі», – деді ол.
Айта кетерлігі, осы жылдары жеңімпаз атанған отбасылардың өмір жолы арнайы жинаққа енгізіліп, кітап болып басылып шықпақ. Бұл – ұрпаққа өнеге, келешекке мұра боларлық игі іс.
Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Ақбота Бекхожақызы биылғы байқаудың ерекшелігіне тоқталды. Оның айтуынша, биыл еңбек әулеттеріне басымдық беріліп, байқаудың аудандық кезеңінен бастап әділ іріктеу жұмыстары жүргізілген.
15 мамыр мен 15 маусым аралығында қабылданған өтінімдердің саны 150-ден асты. Соның ішінен 20 отбасы қалалық кезеңге жолдама алды. Олар отбасылық құндылықтарды дәріптеу, еңбек дәстүрін сақтау, қоғамға қосқан үлесі мен ұрпақ сабақтастығы бойынша бағаланды.
Шара соңында барлық 20 қатысушы отбасы қала әкімінің алғысхатымен марапатталып, әр шаңыраққа тұрмыстық техника – теледидар сыйға тартылды.
Ал ең басты марапат – бас жүлде әл-Фараби ауданынан қатысқан Нұртаевтар әулетіне бұйырды. Теміржол саласында бірнеше буын өкілі еңбек етіп жүрген бұл әулет – нағыз еңбек пен бірліктің үлгісі. Олар 1 миллион теңге көлеміндегі сертификатқа ие болып, енді 12 қыркүйекте Астанада өтетін республикалық додада Шымкенттің намысын қорғайды.
«Мерейлі отбасы» байқауы жай ғана жарыс емес. Ол – отбасыларды ынталандырып, көпшілікке үлгі етіп көрсететін тағылымды шара. Әр әулет өзінің шежіресін, еңбегін, құндылықтарын паш етіп, жас ұрпаққа тәрбие берудің ерекше дәстүрін жалғастырып келеді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы