Алтайтану алыбы

Әлемдік ғылымда түрік-моңғол тілдерінің, соның ішінде қазақ пен моңғол тілдерінің тарихи байланыс мәселесі ұзақ жылдар бойы шешілмей келген болатын.

Бұл саланы нысан еткен алтайтану ғылымының шоқтықты тұлғалары қойы қоралас, елі аралас, ежелден көршілес көшпелі екі халықтың тілдеріндегі ұқсас­тықтар сырына өз топшылауы бойынша пікір білдіретін: бірі Шыңғыс қаған шапқыншылығынан кейін түрік тілі моңғолданған десе, келесі бір топ Түрік қағандығы заманында моңғол тілі түріктенген дейтін. Әркім өз көзқарасына қарай тартып, туыстас тілдің ғасырлар қойнауында қалыптасқан терең тамырына емес, бұтағына, бүріне жармасатын. Бұл шешімін таппай келген, қазірге дейін өзектілігі артып отырған түйткілі, түйіншегі мол ғылыми зерттеудің кілтипанын көне түрік-моңғол тілдерінің тарихын, жазба мәдениетін, сөздік қорын жетік білетін маман ғана шешуге тиіс болатын. Бүгінгі мақала – сол баба тіл дәуірінен бастау алған шиырлы байланыстардың құпиясын шешкен, аса көрнекті тіл маманы, филология ғылымдарының докторы, профессор Базылхан Бұқатұлының ғылыми мұрасы турасында. 

Базылхан Бұқатұлы – белгілі алтаист ғалым, түріктанушы, қазақ, моңғол тілінің маманы, қазақ және моңғол тілдерінің салыстырмалы тарихи зерттеуінің тұңғыш негізін салушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Моң­ғолтану одағының мүшесі, Моңғолия Ғылым академиясының бірініші дәрежелі сыйлығының иегері, Моңғолияның еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Ғалым Моң­ғолия Ғылым академиясында 1969-1983 жылдары аралығында «Моңғолия көне түрік бітіктастары мен мәтіндері» жобасына жетекшілік еткен.

Базылхан Бұқатұлы 1932 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы Цэнгэл сұмыны Қақ көл («Хаг нуур») деген жерде туған, 2012 жылы Баян-Өлгий аймағы Өлгий қаласында дүниеден озған. 

Қазақ, моңғол тілдерін тарихи-салыстырмалы бағытта ғылыми зерттеуді Базылхан Бұқатұлы 1958 жылы бастаған болатын. Ғалым «Моңғол-қазақ тілдерінің салыстырмалы тарихи грамматикасы (қысқаша курс)» атты алғашқы ғылыми қорытынды еңбегін, Моңғолия Баян-Өлгий аймағының Өлгий қаласында 1973 жылы жариялайды. Оған дейін әлемдік алтаистика, түріктану мен моңғолтану саласында осы екі тілдің мұндай тарихи-салыстырмалы грамматикасы бұрын-соңды жарияланбаған еді. Алтаистикада түрік, моңғол тілдері «туыс, төркіндес тілдер» және «туыс емес тілдер», «сөздік қоры ауыс-түйістен ұқсас сипат алған» деген көпжылдық даулы ғылыми мәселе шешімін таппай келген, ал екі тілді жетік меңгерген моңғолиялық жас қазақ ғалымы Базылхан Бұқатұлы сол күрделі мәселеге былай деп түйін жасап, жаңа қағидатын ұсынады: «Қазіргі моңғол, қазақ тілдеріндегі 40 000 сөз мөлшері бойынша жасаған менің есебімше, 1 500-нан астам байырғы тү­бір-негіз сөздер, сол түбір-негізден қосым­ша морфемалар арқылы жаңғырығып өнетін сөздер 24 000-нан асатыны байқал­ды. Енді сол ортақ сөздерді ашалап айта­лық», – деп моңғол, қазақ тілдерінің лек­сика­лық қатынасы, морфологиялық қатынасы, ортақ төркіндес жұрнақтар, көптік, тәуелділік, септік, есімдік, сан есім категорияларының ортақтығы мен төркіндестік заңдылықтарын көрсетіп, бір баба тілден өрбіген туыс тілдер деп қорытындылады. 

Көп ұзамай, Базылхан Бұқатұлы «Моң­ғол және қазақ тiлдерiнiң салыстырмалы-тарихи грамматикасы» тақырыбында жа­рияланған ғылыми еңбектердің баянда­масымен 1974 жылы Қазақ Кеңестік Со­циалистік Республикасының Ғылым ака­демиясы Тіл білімі институтында фи­лология ғылымдарының кандидаты ғы­лыми дәрежесін табысты қорғап шықты. Оның ғылыми жетекшілері А.Лувсандэндэв, Ә.Қайдаров, ал ресми оппонеттері академик Бямбын Ринчен, Г.Санжеев, Ш.Сарыбаев, Н.Оралбаева болды. 

Базылхан Бұқатұлы 1993 жылы Қа­зақстан Республикасының А.Байтұрсынов атындағы Тiл бiлiм институтында «Моңғо­лиядағы қазақтардың тiлi және оның кей­бiр алтай тiлдерiне қатысы» тақыры­бында баспадан шыққан еңбектері негізінде «Филология ғылымдарының докторы» атағын қорғады. 

Ғалым Базылхан Бұқатұлы 1958-1999 жылдары 40 жыл бойында зерттеу жүргіз­ген қазақ, моңғол тілдерінің диахрондық-синхрондық салыстырмалы граммати­касының (фонетикалық, грамматикалық, лексикалық, синтаксистік сәйкестіктері мен айырмашылықтарының) ғылыми нәтижелерін қорытындылап, 1999 жылы «Қазақ және моңғол тiлдерiнiң са­лыс­тырмалы тарихи грамматикасы. Фоне­тика», 2000 жылы Қазақ және моңғол тiлдерiнiң салыстырмалы тарихи грам­матикасы. Морфология» атты іргелі ғы­лыми зерттеулерін Қазақстан Республика­сы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық оқу-әдіс­темелік бірлестігінің ұсынысымен 1999 және 2000 жылы жарыққа шығарды. 

Сөйтіп, қазақ және моңғол тілдері туыстық, төркіндестік жағынан шығу тегі бір, ортақ екендігі нақты тілдік деректермен толық дәлелденді. Осы зерттеулері негізінде Б.Базылхан көп жылдар бойы түрік, моңғол, манжұ-тұңғыс, жапон, корей тілдерін салыстырмалы диахрондық-синхрондық әдістері бойынша зерттеп, Алтай төркіндес тілдердің арғы тек тілдің алғашқы элементі және оның сатылы кезеңдері туралы Алтаистикада жаңа ғылыми теориялық тұжырымдаманы жасап ұсынды. 

Базылхан Бұқатұлы – «Алтайлық тек­тілердің ортақтығы (АТО)» жаңа теориялық тұжырымдамасының нәтижесiнде дү­ниежүзiлiк әйгiлi алтаистердiң қатарына көтерiлген тұңғыш қазақ ғалымы болды. Ол бар саналы өмірін тіл біліміне арнаған майталман маман, қажырлы қайраткер, табанды санаткер еді. Ғалымның теория­лық еңбектері Америка, Қытай, Жапония, Ресей секілді елдерде жарық көріп, ­зерт­­теушілер тарапынан зор құрметке ие бол­ды. Ол туралы Ц.Дамдинсүрэн, Н.Баскаков, Т.Санжеев, Хуа, Е.Жанпейісов, Дж.Крюгер секілді белгілі ғалымдар сал­мақты пікір білдірген болатын.

Профессор Базылхан Бұқатұлы арғы төркіні ғасырлар қойнауына кететін қазақ пен моңғол тілінің салыстырмалы тарихына тыңнан түрен салып ұзақ жылдар бойы зерттеген, кеңірек айтқанда түрік-моңғол тілдерінің туыстық тамырын ғылыми тұрғыдан шынайы тексерген бірден бір алтаист ғалым еді. Оның 30 мыңға жуық тілдік бірлік қамтылған «Қазақша-моңғолша сөздік» еңбегі 1977 жылы Алматыда, 40 мыңнан астам сөз қамтыған «Моңғолша-қазақша сөздігі» Өлгий қаласында 1984 жылы жарық көруі – жанкешті ғалымның ұзақ жылғы төгілген терінің жемісі ғана емес, тілтану ғылымына қосылған сүбелі үлес болатын.

Алайда сол уақыттан бері бүгіне дейін аталмыш сөздіктің толықтырылып өңделген көлемді жаңа сөздігі жасалынбай келген еді. Осы талапты ескеріп, әке аманатын орындаған ғалымның шәкірті, түріктану­шы ғалым Базылхан Напил тарапынан аталмыш қос сөздік толықтырылып, өңделінген көлемде 2024 жылы Ұланбатырда қайта жариялануы тіл білімі саласында ірі оқиға болды. 

Аталмыш сөздіктерді авторлар Р.Сү­лейменов атындағы Шығыстану инсти­тутында «Қазақша-моңғолша сөздік» (Ка­зах-монгол толь), «Моңғолша-қазақша сөздік» (Монгол-казах толь) академиялық іргелі ғылыми зерттеу жобалары аясында, екі еларалық келісімшарттар негізінде 1993-1999 жылдары жасай бастаған еді. Содан бері әлемде саяси-экономикалық елеулі өзгерістер орын алып, қоғам өмірінің түбегейлі жаңаруына байланысты жаңа тілдік қолданыстар лек-легімен пайда болу себепті сөздіктерді жетілдіру, толық­тыру, жаңалау істері ауқымды сипатқа ие болып толассыз жалғасты. Қысқасы, «Қазақша-моңғолша сөздік», «Моңғолша-қазақша сөздіктің» екінші 2024 жылғы осы соңғы басылымында Қазақстан, Моңғолияда жаңадан пайда болған атаулар, терминдер, сөздер, сөз тіркестері секілді тілдік соны қолданыстарды мейлінше қамтылып, олардың лексикографикалық талаптары тиянақты ескеріліп, 60 мың тілдік бірлік қамтылып жарық көрді деуге болады. 

Белгілі алтайтанушы, профессор Ба­зылхан Бұқатұлы атап өткеніндей, сөздікте Моңғолиядағы қазақтардың тіл үйрену практикалық мақсатымен қоса, шығыстану, алтайтану, түркология, қазақтану, моң­ғолтану секілді салааралық ғылыми зерттеулерге аса қажетті жайттар да жинақталды. 

Бұл екі тілдің қазынасын қамтыған достыққа алтын көпір болған сөздіктер сонау байырғы мемлекеттер дәуірінен бері жылқылары үйірлес, қойлары қоралас, адамдары аралас болып келген ағайынды халықтардың туыстығына, бүгіндері стратегиялық әріптестік қатынасы дамыған Қазақстан мен Моңғолияның бауырлас­тығына қызмет ететін болады. 

Алтаист Базылхан Бұқатұлы «өзек тiл» деп атаған түрiк (қазақ), моңғол тiлдерiмен қатар, тұңғыс-манжұ, жапон, корей тiлдерiн салыстыра зерттеудiң нәтижесiнде мынадай қорытындыға келді. Алтайлық тектiлдiң ортақ элементi, V (дауысты дыбыс), CV (дауыссыз дыбыс-дауысты дыбыс) түрлеріндегі түбiр морфемалардың тұлғалық-мағыналық ортақтығынан басталды. О баста, бiр тектi тiлден қазiргi алтай төркiндес түрiк, моңғол, тұңғыс-манжұ, жапон, корей тiлдерi эволюциялық дамудың үш дәуiрiн, атап айтқанда, «ым тiл дәуiрiн», «келте сөз дәуiрiн», «күрделi сөз дәуiрiн» бастан кешiрiп, қазiргi дербес тiлдер деңгейiне жеттi. Бұл – алтаистика мен жалпы тiл бiлiмi саласындағы сөз құрылысын талдаудағы структурализм мен тарихи-салыстырмалы тiл бiлiмiнiң теориялық-методологиялық деңгейiн жетiлдiре-толықтыра түскен ғылыми қорытынды. Базылхан Бұқатұлының жалпы тiл бiлiмiнiң «морфема теориясын» форма мен мазмұны жағынан толықтыра түсуi – тiл дамуының диалектикалық заңдылығына сәйкесерлiк, үлкен жаңалық, ғылыми теориялық тұжырым ретiнде бағаланып келедi. 

Базылхан Бұқатұлының «Моңғол-қазақ тілдерінің салыстырмалы тарихи грамматикасы» (1973), «Қазақ және моңғол тілінің синтаксисі» (1988), «Қазіргі моңғол тілінің академиялық грамматикасы» (1993), «Көне түрік жазба ескерткіштері тілінің морфологиялық құрылымы» (1984) секілді алпыстан астам іргелі зерттеу еңбектері, сонымен бірге жоғары оқу орындары мен қазақ мектептеріне жазған тілге арналған жиырмадай оқулықтары уақыт сынынан өткен жұртшылық тарапынан терең сұранысқа ие құнды ғылыми қазына деуге болады.

Егер қазақ тілін мәуелі гүлзар баққа теңеп, оның әр бір сөзін өз иісі, өз өңі, өз тамыры бар гүлге ұқсатсақ, онда Ба­зылхан Бұқатұлы сол киелі бақта өсіп тұрған әр гүлдің жұпар иісін бойына сіңірген, әсем реңін көзіне қанықтырған, тамырына бойлаған бірден-бір кәнігі тіл бағбаны деп айтуға болады. Өйткені ол тіл ғылымы саласына бет бұрған 40 жыл бойы ана тіліміздің абыройы үшін аянбай тер төгіп, сонау моңғолдың бұйығы, тарғыл даласының қойнауында ақ жауынға шайылып жатқан сынтасқа бәдіздеулі «Өвөр дөрвөлжідегі көне түрік баба бітік жазуынан» бастап қазақ сөзінің кеніші болған М.Әуезовтің «Абай жолы» эпо­пеясына дейінгі ұлы мұралардағы сөздік қорға салыстырмалы зерттеу жасап, әрбір сөздің тарихына, шығу тегіне үңіліп, моң­ғолшаға аударып, бай тіл қазынамыздың әр сөзіне іңкәр болған қазақ. 

Сонау, 1961 жылы, Ұланбатыр қаласында Моңғолия Мемлекеттік университетін үздік бітірген жас маман Базылхан Бұқатұлы социалистік деп аталатын елдерде сталин­дік ызғарлы саяси салқыны сәл өзгерген, «жылымық жылдар» деп аталатын мезгілде Моңғолия Ғылым академиясының табалдырығын аттаған болатын. Ғалым Күлтегін, Тоныкөк мұрасы, «Бақатастағы көне түрік жазуы», «Тэркідегі көне түрік жазуы», «Өвөр дөрвөлжідегі көне түрік жазуы» секілді ержүрек бабаларымыздың қисапсыз уыз мұралары бәдізделген ен даладағы кешендерді зерттеу жұмысын бастаған еді.

Базылхан Бұқатұлы: «Моңғол-қазақ тілдерінің сөздік қорына үңіліп, мұқият қорытынды жасағанда: Егер қазіргі қазақ тілінің негізгі сөздік қорынан араб, парсы секілді шеттен кірген сөздерді, ал моңғол тілінің негізгі сөздік қорынан санскрит, түбіт, қытай сияқты шеттен кірген кірме сөздерді есептемесек, онда моңғол, қазақ тілдерінің екеуіне де ортақ негізгі ұйтқы сөздер ғана қалады... Қазіргі моңғол, қазақ тілдеріндегі қырық мың сөз мөлшері бойынша жасаған менің есебімше; мың жарымнан астам (1 580) байырғы түбір сөз, сол түбірден қосымша морфемалар арқылы жаңғырып өнетін жиырма төрт мыңнан (24 000) астам туынды сөз бар. Бұл ортақ сөздер мағына жағынан, ды­быстық, тұлғалық жағынан бірден танылады да, ал мың төрт жүз жиырмадай (1 420) түбірден өнетін он екі мыңдай (12 000) туынды сөз дыбыстық, тұлғалық жағынан танылмастай өзгеше болып кеткен. Мысалы, қазіргі қазақ тіліндегі «жадағай, шалма, сылтау, қара, таға» сөздері, көне моңғол тілінде «жадағай, сылтақ, қара, тақа» тұлғасында, қазіргі моңғол тілінде «задгай, цалам, шалтаг, хар, тах» тұлғасында кездеседі. Мұндай ортақ сөздердің төркіндестігі бірден ажыратылады. Ал қазіргі қазақ тіліндегі «арша, аша, буаз» сөздері қазіргі моңғол тілінде «арц, ац, боос» тұлғасында кездеседі. Мұндай ортақ сөздерді бірден ажыратып тану оңайға соқпайды. Мәселен, соңғы үш сөз көне моңғол тілінде «арча, аца, боғас» тұлғасында болуы – көне моңғол тіліндегі сөздердің дыбыстық, тұлғалық жағы қазіргі қазақ тіліне сәйкес болғанын куәлейді... Қытай деректеріне қарағанда, біздің заманымыздан бұрынғы 3000 жылдың алдында Орталық Азия мен қытайдың солтүстік жағында түрік, моңғол тілдес көшпелі тайпалар көршілес мекен еткені жөнінде мәліметтер бар. Ол кездегі түрік, моңғол көшпелі тайпаларының әлеуметтік-экономикалық өмірі ортақ желілес болды. Бұл ортақ желілестік түрік, моңғол тілдерінде негізгі сөздік қордың ортақ болуына әкеп соқтырды», – деп жазады. 

Білікті ғалымның бұл тұжырымдарын оқыған кезде Мағжан ақынның өлеңі еске оралады:

«Жарық көрмей жатсаң да, ұзақ кен тілім,

Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім. 

Таралған түрік балаларын бауырыңа, 

Ақ қолыңмен тарта аларсың, сен тілім...

Көп түрік енші алысып тарасқанда, 

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?!»

Өлеңде Мағжан ақынның сәуегейлікпен айтқан уәждерін көз майын сарқып, қажырлы күреспен, дәлелдермен дәйектеп ақиқатқа айналдырған, көреген ғалымның жігер-қайратына бас иесің! 

Қазақ ғалымы Е.Жанпейісов Базылхан Бұқатұлы туралы «Оның тек «Моңғолдағы қазақтардың тілі» атты монографиясына ғана докторлық атақ беруге әбден татиды» деп келіп, пікірін былайша өрбітеді: «Көне түркі жазба ескерткіштері тілінің морфо­логиялық құрылымы» атты еңбегінде ғалым көне Орхон-Енисей жазба ескерт­кіштері сөзінің құрылысын талдап, барлық түркі тілдері мен диалектілерінде кездесетін 3 200-дей түбір сөз бар екендігін айқын дәлелдеген. Осы түбір сөздер алтайлық тектілдерді салыстырмалы зерттеуде лексикалық және морфологиялық жағынан күңгірт, даулы мәселелерді шешуге аса құнды тілдік материал бола алады... Соңғы жүз жыл ішінде (1892-1992) Орхон-Енисей түркі жазбалары тілінің сөз құрылысын ғалымдар осылайша талдап, дәл есеп жа­самаған еді. Сондықтан да бұл моно­графиядағы жаңа ғылыми ой ұсыныстары түркология ғалымдарының назарын аударарлық аса бағалы зерттеу болған». 

Базылхан Бұқатұлының жинаған этнографиялық мұралары 1200 бет ша­масында бар. Біраз бөлігі «Қазақтану» журналында жарияланды. Ғалымның бұл саладағы деректерін жариялау – алдағы күннің еншісі. 

«Үлгі тұтқан ұстазыңыз кім болды?» деген кезекті сауалға Базылхан Бұқатұлы «Моңғолдың әйгілі академигі Ринчен» деп жауап берген еді. Ғұлама ғалым студенті Базылхан Бұқатұлы Орхон-Енисей жазуына ынталы екенін сынап біліп, «бәрекелді, ат болатын құлын шашасынан ұстатады деген осы!» деп ақ батасын берсе керек. 

Базылхан Бұқатұлы өмірі мен шығармашылығы теп-тегіс даңғыл жолда өтті десек жаңсақ болар еді. Архивтік деректерге қарағанда, өзін аяқтан шалғысы келгендермен мылтықсыз майдандарға түссе де айбынды ұстаздары Б.Ринчен, Ц.Дамдинсүрэндердің қолдауымен қайсарлықпен жеңіске жетіп отырған. Айталық, 1964 жылы Моңғолия Ғылым Академиясы Тіл-әдебиет институтында академик Ц.Дамдинсүрэннің ұлтшылдығын әшкерелеген бір жиында ол өзіне жабылған жалаларға соққы бере отырып, бұл тұрпайы сынның кесірі жас ғалымдарға да тигенін атай келе «Ортамызда шетқақпай көріп бір қазақ қалды. Бұл – жас ғалым Базылхан. Базылхан – ғылыммен жақсы шұғыл­данатын, біраз мақала, зерттеу кітап жазған дарынды жігіт. Хорлоо директор Базыл­ханды жұмыстан себепсіз қуып, оны қайтадан жұмысқа алам деп өтірік алдап, Баян-Өлгийден өз қаражатына мұнда келтірді, ақыры сөзбұйдаға салды. Осылайша, мысық мен тышқан ойынын ойнауды Хорлоо ерлік санай ма?!». 

Академик Ц.Дамдинсүрэн өзінің бір күнделігінде: «Жас дарынды ғалым Ба­зылханға жасаған қиянат моңғол ғылы­мының болашағына салынған тұсаумен тең», – деп пікір білдіреді. 

Алайда өмірдің бұралаң соқпағында тасада тұрып тас атушылар бар болғанымен маңдайынан сипап, қолтығынан демейтін жанашыр арыс ағалардың да бар екендігіне риза боласың. Моңғол руханиятының көшбасшысы, абыз ғалым Б.Ринчен 1967 жылы 29 қаңтарда сүйікті шәкіртіне жазған бір хатта: «Мен өткен жылы желтоқсанда Польшаға барып, Варшава, Краков қа­ласында болып келдім. Польшада тү­ріктанушы академик Ананиаш Зайон­чковский деген ақсақал ғалымға кездесіп, әңгімелесіп, қайтып оралған соң сені Польшаға түркология саласына оқуға жіберсе дұрыс деп, бұл туралы Хорлоо, Ширэндэв, Цэрэв үшеуіне айтып көрдім... Не де болса Базылханым түріктануға өміріңді арнайтыныңды айтып, Академияның президумына бір өтініш жазсаң... Сен үнсіз болғандықтан мен мұнда жалғыз бітіре алмай тұрмын. Балам, бір амал ойлап көрші. Цэрэв биыл ақпанда Польшаға бармақ, сол кезде Базылханды Польша академиясына оқуға кіргізуге келіс деп ұдайы айтып жүрмін. Хорлооға да сені ғылым үйренуге зейіні бар азамат. Мемлекет мүддесі үшін осындай дарынды жасты оқуға жіберген маңызды деп айтып жүрмін... Өз тарапыңнан өтініш келтір... Тілектес достарыңмен де ақыл қосып көрші, балам», – деп жазады. 

Базылхан Бұқатұлы Алтай тауында туып, Алтай тауында дүниеден озды, Алтаистика ғылымында олжа салып, түрік моңғол тілдерінің арасына алтын көпір салды, Алтайдай айдынды да айбарлы тұлғаға айналды. Бабалар салған соқпақтың сорабы үндес, аналар еккен бәйтеректің тамыры тіндес, түрік-моңғол елінің түптөркіні желілес екенін әйгілеген біртуар ғалымның іргелі ғылыми еңбектеріңнің алтын арқауы – ағайын халықтардың достығы мен тұтастығы. 

Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ,

Түркі академиясы сарапшысы, 

филология ғылымдарының кандидаты