Сапар барысында халық қалаулысы Ұлытау облысы Жезқазған қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне барып, жеке құраммен кездесті. Өрт сөндірушілердің жабдықталуы мен жұмыс жағдайымен танысып, қызметкерлердің ұсыныстарын тыңдады. Сондай-ақ кездесу барысында қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыру және қауіпсіздік талаптарын жетілдіру мәселелері талқыланды.
Іс-сапар аясында Ерболат Сатыбалдин Жезқазған қаласында салынып жатқан жаңа өрт депосының құрылыс барысымен де танысты. Ол мердігер ұйым өкілдерімен құрылыс жұмыстарының сапасы мен жоспарға сай уақытылы аяқталуын талқылап, атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстарын айтты.
«Жаңа өрт депосының құрылысы төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырады және қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Материалдық-техникалық база бойынша әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстар бар. Осы мәселе бойынша тиісті ұсыныстар әзірленеді. Бұл жобаның уақытылы әрі сапалы жүзеге асуы біздің бақылауымызда болады», – деді Ерболат Сатыбалдин.
Іс-сапар нәтижесінде төтенше жағдайлар қызметінің материалдық-техникалық мүмкіндіктерін күшейту, инфрақұрылымды жаңарту және қызмет сапасын арттыруға қатысты бірқатар ұсыныстар әзірленді. Аталған жұмыстардың орындалуы мен бақылау шараларын қамтамасыз ету «AMANAT» партиясының басты назарында болады.
Мейір ЖАСЫН