Конституция – бірлік пен бейбітшілік тұғыры

Ата Заңымыздың қабылданғанына биыл 30 тамызда 30 жыл толады.

Осы орайда біз тәуелсіз ел тарихындағы 30 жылдан астам уақыт аралығында қызмет еткен Конституция негізінде мемлекеттік деңгейде қазақтың тарихи құқықтық негіздерінің салтанат құрған тұстары мен ұлттың ұтқан сәттері туралы  Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимовпен әңгімелескен едік.

– Жамаладен Ибраһимұлы, сіздің ойыңызша, бүгінгі Ата Заңымыз халқымыздың басты арман-мақсаттары мен ұлттық құндылықтарын нақты жаза алды ма?

– Негізі, Конституция деге­ні­міз – латын тілінен шыққан ұғым: constitutio, яғни «құры­лым» сөзінен шыққан, «жарғы, бекітемін, мекеме» деген мағы­на­ны білдіреді. Осы орайда кез келген мемлекеттің қалыптасу­ында, дамуында Конституция­ның рөлі өте зор. Біз еліміздің 1995 жылы республикалық ре­ферендум неәтижесінде қабыл­дан­ған Конституциясы бойын­ша өмір сүріп отырмыз. Бұл негізгі Заң шын мәнінде қоғам­дық келісімге айналды. Сол бойынша билік Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құ­қықтық және әлеуметтік мемле­кет құруды өзіне басты міндет етіп алды. Ал азаматтар Консти­туцияны және еліміздің заңдар­ын бұлжытпай орындауға жау­ап­кершілікті алды. Осындай өзара міндеткерлік қоғам мем­ле­кеттің одан әрі нәтижелі да­муы­на тиянақты негіз қалып­тастырды. Болашаққа сеніммен қарауымызға мүмкіндік берді. 

Енді Конституциямызда халқымыздың арман-мұрат­тарына, ұлттық құндылық­тарына қажетті қандай айшық­тары болды десек, оның кіріспе бөлімінде, яғни заң тілінде «пре­амбула» деп аталатын тұсында «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiр­iктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемле­кеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғам­дастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және бола­шақ ұрпақтар алдындағы жо­ғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құ­қығымызды негізге ала отыр­ып осы Конституцияны қабыл­даймыз» деп жазылған. Сондық­тан Конституциямыз Қазақстан халқына қызмет етуге, халықтың алдына қойып отырған арман-мақсат, аңсар мұраттарына, ұлттық құндылықтарына қызмет етуге лайықталып жазылды. Болашақта да мемлкеттің құ­қықтық дамуының темірқазығы ретінде, ұстын ретінде әлі өмір­шең әлеуетін береді деп білеміз.

Ата Заңымыздың тұтас тұ­ғыры, негізгі ұстыны – қазақтың зайырлылық дүниетанымымен үндес. Бұл – ғасырлар бойы қал­ып­тасқан ұлттың ұстанымы мен құқықтық мемлекеттің негізін қалаған қағидаттардың табиғи үйлесімі. Қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетінде дін мен дүние­нің аражігін ажырата отырып, адам құқықтары мен ар-ождан бостандығына құрмет көрсетуге ерекше мән берілген. Сол себепті де Қазақстан Конституциясы зайырлы мемлекет қағидатын негізге ала отырып, әр азаматтың сенім еркіндігіне кепілдік береді. Бұл – ел тұрақтылығы мен бейбіт өмірдің берік тірегі.

– Сіздіңше конституциялық құ­қық үстемдігі деген не?

– Мемлекетте идеологиялық бағыт-бағдардың рөлін атқаратын ол негізгі құндылық, әрине, конс­титуциялық құқық үстемдігі, заң үстемдігі, заң және тәртіп үстем­дігі. Сондықтан да конституция­лық құқық үстемдігі – барлық мекемеде, мемлекеттік органдар­да, квазимемлекеттік секторларда, жеке және шағын, ірі кәсіпорын иелерінде, олар қызмет ететін ортада және азаматтардың өмір сүретін ауқымдағы Конституция­ның үстемдік етуі. Ол мемлекеттегі заңдардың, нормативтік-құқық­тық актілердің Конституцияға сәйкестігі және сол заңды жүзеге асыратын атқарушы билік қыз­меті­нің барлық мемлекеттік ор­гандарының, мемлекеттік қызмет­шілердің заңға сәйкес қызмет етуі. Ал қарапайым азаматтарға қа­тыс­ты Конституцияның 12-бабының 2-тармағына сәйкес: «Адам құ­қықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олар­дан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анық­талады» деп көрсетіліп, олар­дың ажырамас, бұлжымас құ­қықтары мен бостан­дық­тары­ның қорғалуы және оның қор­ғалуы­на мемлекет тарапынан кепілдіктің берілуі деп айтамыз.

– Бүгінге дейін Конституцияға қанша рет өзгерістер мен толық­тыр­улар енгізілді және бұл өзгеріс­тердің бүгінгі нәтижесі қандай?

– Бүгінге дейін біздің Ата Заңымызға 7 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 2022 жылғы 5 маусымда жүргізілген халықтық референдум негізінде енгізілген өзгерістердің нәтиже­лерін көріп отырмыз. Ол Прези­дент құзыретінің шектелуі. Мы­салы, өзінің қызмет етуі ба­ры­с­ын­да Президент ешқандай саяси партияға жетекші бола алмайды, ешқандай саяси партияның мү­ше­­сі бола алмайды. Одан кейін Президенттің қызмет етуі бары­сында оның жақын туыстары ең жо­ғарғы саяси лауазымды қыз­мет­терге және квазимемлекеттік ұйымдардың жетекші қызметтерін атқара алмайды деген нормаларды атауға болады. Сонымен қатар сайлау жүйесіне қатысты, енді Парламент Мәжілісіне екі жүйе – пропорционалды және мажори­тар­лы сайлау жүйелері қолданыла­ды. Яғни, Парламент Мәжілісі депутаттарының жартысы саяси партиялардың тізімінен сайлана­тын болса, жартысы бүгінгі қо­ғамның талабына, сайлау туралы заңның талабына сай қазақ елінің әрбір мақтанышы, әрбір тұлғасы демократиялық принциптер не­гіз­інде өзін сайлау процесіне үміт­кер ретінде қатысуға өтініш біл­діріп, сайлау додасында жеңіске жетіп, заң шығару қызметін жүзе­ге асыратын Парламентке депутат бола алады. Міне, осындай өзгер­істер және басқа да толықтырулар қоғамда өз жемісін беріп отыр. Реформа нәтижесінде Парла­-мен­ті­мізде қазір 6 саяси партия­ның өкіл­дері қызмет етеді және соны­мен қатар 29 өзін-өзі ұсын­ған депутаттар жұмыс істеп отыр. Бұл депутаттардан сайлаушы­лар­дың күтетін талап-тілегі өте көп.

Мажоритарлы жүйемен сай­лан­ған депутаттар егер де сайлан­ғаннан кейін бір жарым жыл көл­ем­інде ешқандай нәтижелі ең­бек етіп, өзінің сайлау алды бағ­дарламаларында өзінің берген уәделерін, өзінің алдына қойған жоспарларын орындамайтын болса, сол сайланған территор­рия­дағы, округтегі сайлаушылар ол депутаттың мандатын қайтарып алу құқығына ие. Референдум нә­ти­жесінде енгізілген конституция­лық өзгерістер бүгінгі  азаматтар­дың мемлекеттік басқару ісіне қатысуына үлкен жол ашып отыр деп айта аламын.

– Қоғамда Конституция туралы тегін кеңестер жүргізіле ме? Адам­дар немесе қоғам Конституцияның Сіз айтып отырған құқықтық не­гіз­дері мен маңыздылығын қанша­лық­ты түсінеді? Сіздің ойыңызша конс­­титуциялық мәдениет деген не?

– Жалпы, мемлекетте құқық­тық саясатты қалыптастыру ба­ғыт­ында азаматтарға, адамдарға, тұрғындарға құқықтық кеңестер беріледі. Елімізде қабылданатын заңнаманың барлығының негізгі бастауы – Конституция. Сондық­тан оған сәйкес әр саладағы құ­қықтық нормалар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары тұрғысында қалыптасқан үрдіс бар. Конституциялық мәдениет дегеніміз – ол құқықтық құнды­лық­тардың, ұстанымдардың, бі­лім мен тәжірибелердің жиын­тығы. Конституциялық мәде­ниет – оны сыйлау, құрметтеу, адамның өз құқықтарын білуі мен құрметтеуі және оған сәйкес заң­дарды тұрақ­тарды түрде орын­дап отыруы. Сон­дықтан оның қал­ыптасуына аза­мат­тар әрқа­шан­да өзінің үлесін жан-жақты қосуы керек.

АҚШ мемлекеттік қайраткері Уильям Сэмюэл Джонсонның айтқаны бар: «Заң – адамдардың тәжірибесін қоғам игілігіне пайда­ланатын адамзат дана­лы­ғының ең жоғарғы көрінісі» деп. Осы орайда Конституция мем­лекетіміздің не­гізгі заңы десек, оны құрметтеу әр азаматтың парызы және міндеті. Қоғамда, өзі тұрып жатқан мем­лекетте еркін, ыңғайлы, бейбіт өмір сүру үшін Ата Заңдағы құ­қық­тар мен мін­деттерді, норма­лары мен прин­цип­терді түсіне білуі керек. Бұл әр азаматтың құқықтың сана­сының өлшемін көрсетеді. Ал сол құқық­тар мен бостандықтарды, еркін­дікті түсі­ніп, ұғынып қана қой­май, оны конс­титуциялық прин­­циптерге сәй­кес орындау қоғам­дағы конс­ти­туциялық мәде­ниет­тің барын, биіктігін көрсе­теді. Қоғам демо­кратиялық бол­ған­дық­тан, бізде саналуандық қал­ып­т­асқан. Әр­түр­лі ұстаным­дағы азаматтар, әртүрлі этностар, әр­түрлі ой-идея­ларға сүйенетін азаматтар бар. Бірақ олардың барлығын кон­ституциялық мә­дениет бірік­тір­еді. Өйткені конс­титуциялық құндылықтарды қал­­ы­птастыру қоғамдағы құқық­тың үстемдігін, қоғамдағы демо­кратиялық прин­цип­тердің сақ­талуын, адамдардың қорғалуы мен әділеттілікті көр­сетеді. 

Афиналық заңгер, өз заманы­ның ұлы ойшылы Солон «Өзі шығарған заңын өзі орындамаған мемлекет түбі құлап тынады» дей­ді. Сондықтан да біздің азамат­тары­мыз қолданыстағы консти­туциялық нормалар мен прин­цип­терді бұлжытпай орындауы керек. Қазақ елі азаматтарының Ата Заңға деген ұстанымдары әртүрлі деңгейде қалыптасты. Кейде оған мән бермейтін, мой­ын­сынбайтын азаматтар да болуы мүмкін. Сондықтан да бола­шақ құқықтық мемлекеттің дамуында, конституциялық мәде­ниетті қал­ыптастыруда, оның толыққанды негізделуіне әлі де біршама жұмыс керек. Бұл тарапта тәжірибедегі заңгер мамандар, заңгер ғалым­дар, адвокаттар, заң кеңесшілері, құқық қорғау орган­дарының өкіл­дері, жалпы мемле­кеттік қызмет­шілер өз үлесін қос­уы тиіс. Кезін­де елімізде Әділ­ет министрі, Пре­мь­ер-Министр­дің орынба­сары қызметін атқар­ған, заң ғыл­ымдарының докторы, профессор Нағашыбай Шай­кеновтың «Біз­дің азаматтарымыз Конституция­ны құрметтей, сыйлай білуі керек. Мемлекеттік қызметкерлер Конс­­ти­туцияны құрметтеп, сый­лап қана қоймай, оның норма­лары мен қағидат­тарын өмірге енгізуге үлкен үлес қосуы крек. Ал оның нормаларын орындамау, мем­лекеттің заң нормаларын орын­да­мау, ол адамға күнә ретінде есеп­телуі керек» деген ой-тұжы­ры­мы бар. Сондық­тан қазақ елінің конституциялық мәдениеті мен құқықтық санасы, атқарылып жатқан барлық іс-шараға сәйкес әр азаматтың құқықтық үстемдігі, заң үстемдігі принципін түсіне білу және түйсіне білу негізінде толыққанды қалыптасады деп ойлаймыз.

– Жалпы Конституция десе, көбіне алдымен қазақ тілінің ах­уалы туралы ойлана бастаймыз, бірақ Конс­титуция тіл туралы ғана заң емес қой. Яғни, Ата Заңымызда ха­лық үшін тағы да өзекті болуға тиіс қандай құқықтық тармақтар бар? Сіздіңше халық өзінің конс­титу­ция­лық құқығын қаншалықты біледі? 

– Конституциямыз мемле­кет­тің, қазақ елінің Ата Заңы бол­ғандықтан, ұлттың құндылығына, ұлттың болашағына, ұлттың бере­ке-бірлігіне қызмет ететін негізгі заң. Сондықтан да Конституцияда Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп жазылған. Бұл мемлекеттік тілдің мәртебесін көтереді. Сонымен қатар 7-баптың 2-тармағында ұйым­дарда және жергілікті басқа­рушы орындарда орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолдан­ылады деген. Осы орайда айтып кететініміз, «ресми тіл де қазақ тілімен тең қолданылады» деген бап орыс тіліне ешқандай да мәр­тебе беріп тұрған жоқ. Ал 14-бап­тағы «заң мен сот алдында жұрт­тың бәрі тең, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағ­дай­ына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, діліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар болсын ешуақыт­та ешқандай да кемсітуге болмай­ды» деген бап бар. Яғни, Консти­туцияның кез келген бабы қазақ ұлтына, қазақ елінің әрбір азама­тына толыққанды қызмет етеді деп ойлаймын.

– Ата Заңымыз туралы көбіне арнаулы датада ғана, яғни 30 тамыз болғанда есімізге аламыз? Басқа уақытта оның насихатталуы үшін қан­дай шаралар қажет деп ой­лайсыз?

– Конституциямыздың қа­был­данған күні – 30 тамыз. Оны ресми түрде мемлекет тарапынан қабылданған мереке, айтулы іс-шара ретінде тойлаймыз, атап өтеміз. Бірақ  Ата Заңымызды түсіндіруге байланысты іс-шара­лар жиі ұйымдастырылып тұра­тынын білген жөн. Оның ішінде ғалымдар тарапынан жыл бойы өтетін құқықтық тақырыптарға қатысты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларды атап өтер едім. Яғни, заңгерлер қатысатын, шетелдердегі, алыс-жақын көрші елдердегі, өз елімізде өтетін кез келген ғылыми-тәжіри­белік конференциялар Конститу­цияны негізге ала отырып дами­тын құқықтық мәселелер ауқым­ында болады. Екіншіден, сот билігі жүйесі де өздерінің үкім­дерін шығарған кезде міндетті түр­де әуелі Конституцияға, одан кейін сол қарастырылып отырған іске қатысты ұлттық заңнамаға сүйенеді. Одан кейін барлық мем­лекеттік қызметкер күнделікті ат­қарып отырған іс-әрекеттерін Ата Заңның ауқымында жүргізіп отырады. Сондықтан да мемле­кеті­мізде Конституцияның негізгі бағыты мен маңыздылығы 30 там­ызда ғана емес, әр азаматтың құ­қығы мен бостандығын қорғау барысында, әрбір азаматтың өз міндеттерін орындауға қатысты барлық іс-шарада көрінеді. 

Оның бір мысалы, 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Мемлекет­тік егемендігі туралы декларация қабылданды. Мемлекетіміз еге­мен­дігін жаңғыртуды осы айтулы іс-шарадан бастайды. Бұл мемле­кеттік іс-шара ауқымында да Конс­титуция туралы жан-жақты атап айтылады. 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік күнінде де міндетті түрде Конституцияға, барлық кон­с­титуциялық қағидаттарға сүйенетін ақпараттар таратылып, кездесулер, дөңгелек үстелдар, сұх­баттар, бағдарламалар өткізіле­ді. Мемлекеттік деңгейдегі барлық іс-шарада Ата Заңымыздың рөлі, маңызы, орны айтулы түрде ескеріліп отырады.

– Елімізде қазір Конститу­ция­лық Сот жұмыс істейді. Бұл орган­ның бұрынғы Конституциялық кең­ес­тен айырмашылығы қандай? 

– Мемлекетімізде 2023 жыл­дың қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының Конститу­циялық Соты жұмыс істейді. 2022 жылы 31 желтоқсанға дейін біздің елде Конституциялық кеңес өз жұ­мысын атқарған. Қазір Консти­туциялық кеңес деген орган жоқ, ол өз жұмысын тоқтатты. ҚР Конс­­титуциялық кеңесі Консти­туциямызды қабылдаған кезеңде Франция мемлекетінің құқықтық жүйесіндегі органның үлгісі ретін­де алынған болатын. Бұл екі ор­ганның айырмашылығы – Кон­с­титу­циялық кеңеске өтінішті тек қана Президент, Премьер-ми­нистр, Парламент депутат­тары­ның бір бөлігі, судьялар ғана бере алатын.

Ал 2023 жылдың бірінші қаңтарынан бастап қызметке кіріскен Конституциялық Сот­тың ерекшелігі – бұл органға өтініш бере алатын субъектілер саны ұлғайды. Енді Президент, Пре­мьер-министр, Парламент депут­аттары, судьялары, Бас прокурор және Адам құқықтары жөніндегі уәкілет, уәкіл де өз өтініш-шағы­мын бере алады. Бұл органның ең басты ерекшелігі және айқын бір басымдығы – қарапайым азамат­тар да өтінішін бере алады.

– Азаматтар бұл сотқа қандай жағдайда жүгінуіне болады?

–  Конституциялық Сотқа аза­маттар жүгінген кезде өздері­нің жеке даулары немесе лауазым­дық тұлғалардың әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану үшін емес, сол дауларды қарау барыс­ында қолданылған заң норма­лары­ның Конституцияға сәйкес­тігін тексеру туралы өтініш бере алады. Мемлекеттің қолданып отырған Конституция және оның ауқымында қабылданған ұлттық заңнамалардың аясында өмір сүру мәдениеті қалыптасқанда жағ­дай­да қоғамның кемелденуі баста­лады. 

Сол сияқты қоғамның кемел­денуі қазір 180 жылдығын тойлап отырған, әлемге танымал, қазақ­тың ойшылы, қазақтың брендіне айналған ұлы ғұлама, хакім Абай­дың «Толық адам» идеясымен тол­ық үйлеседі. Өйткені толық адам деген – адал азамат. Адал ең­бек арқылы адал табыс тауып, қоғамға адал қызмет етудің мінез-құлқы конституциялық мәдениет­тің қырларын ерекше ашып көр­сетеді. Қазақ елінің билер мек­тебі­нен тәжірибе алған, қазақ данасы Абайдың құқықтық идея­лары, билік шешімдері де аза­мат­тардың өтініш, шағымдарының әділетті, заңда шешілуінің нақты үлгілері деп те айта аламыз.

Заң ғылымында «конститу­циялық патриотизм» деген ұғым бар. Бұл жай ғана ұран, Ту кө­теру, көк Тудың желбіреуі тура­лы өлең­дер айтып, ән шырқау емес. Конс­титуциялық патрио­тизм – Ата Заңымызды тереңнен түсініп оқу, оның әр бабын күнделікті өмірде пайдалану, құқықтар мен бостан­дықтарды қолдана білу, сонымен қатар Ата Заңға сәйкес Отан ал­дындағы, мемлекет алдындағы консти­ту­циялық парызды орын­дау, құр­меттеу, сыйлау. Осы конс­титу­циялық патриотизм аза­мат­тарды мемлекетке адал қызмет етуге үндейтін басымдықтардың бірі.

– Тәуелсіз ел тарихындағы 30 жылдан астам уақыт аралығында қызмет еткен Ата Заңымызға сүйе­не отырып, ұлттың ұтқан сәт­тері мен қазақтың тарихи құ­қықтық не­гіздерінің салтанат құрған тұс­тарын атап айтып беріңізші...

– Ата Заңымызды қа­был­даған кезде және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізген кез­де ұлттың ұтқан сәттері өте көп. Неге десеңіздер, 1991 жылы 16 желтоқсанда біздің қазақ елі өзінің тәуелсіздігін қайта жаң­ғыртқанға дейін елімізде бірне­ше кеңестік кезеңнің консти­туциялары болды. Ол – 1937 жылғы конституция және 1978 жылғы Қазақ ССР-нің консти­ту­циялары. Міне, осы конститу­цияларға қатысты кезінде заңгер ғалымның пікірін келтірейін. Мәселен, «1937 жылғы, 1978 жыл­ғы конституцияға қарағанда 1917 жылғы Алаш ардагерлері­нің, Алаш арыстарының саяси бағдарламасындағы талданған, қабылданған нормалардың бас­ымдығы жоғары». Яғни, кеңес­тік екі конституциядан гөрі Алаш бағдарламасы партия­сы­ның бағдарламасында айтылған идеялар өте құнды, ұлттық құн­ды­лықтарға бай, елге қызмет ететін идея» дейді заңгер ғалым. Осы идеялардың бәрі бүгінгі күні біздің мемлекетімізде қыз­мет етіп жатыр және Алаш қай­раткерлері, Алаш арыстары кезінде мұрат еткен құқықтық мемлекет идеясы, зайырлы мемлекет идеясы, Президенттік басқару идеясы Конститу­циямызда орнықты түрде орын алды.

Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш ардагерлері қазақ елі тү­бінде өзінің жеке, дербес Прези­дент басқаратын, егемен, тәуел­сіз ел болады деп идея айтқан бола­тын. Сонымен қатар зайыр­лы мемлекеттің нақты рөлін атап көрсеткен болатын. Олар­дың көзқарасы бойынша мемле­кет дін ісіне араласпауы керек, дін мемлекет ісіне араласпауы керек деген тұжырымдама қал­ып­тасқан болатын. Бұл идеялар ел Конституциясының норма­ларынан өзінің көрінісін тапты. Ұлт зиялыларының   ХХ ғасыр­дың басында әзірлеген «Алаш бағдарламасы», «Қазақ уставы» деп аталатын саяси-құқықтық құжаттарында  бүгінде ұлт мұра­ты­на қызмет ететін нормалар­дың іргетасы қабылданды. Сон­дықтан да осы құқықтық мұ­рат­тарды негізге ала отырып әзірленген ұлттың Ата Заңды қабылдаудағы ұтқан сәті көп деп айтуға толық қақымыз бар. Хал­қымыздың ықылым заманнан бері табиғатпен үндесіп өмір сүр­ген тарихи жадындағы ер­кіндік құқығы, бостандық құқы­ғы, зайырлы дүниетанымы Ата Заңымыздың негізгі ұстыны, тұтас тұғыры болып қалып­тас­қанын сеніммен айта ала­мын. 

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ